Жаңалықтар

Қостанай облысындағы өрттің шығуына кінәлі адам сотталды

Күзде болған өрт кезінде 39 мың гектар жер өртенді
Қостанай облысындағы өрттің шығуына кінәлі адам сотталды
Фото: exk.kz 16.01.2023 17:34 1049
Әулиекөл аудандық сотының шешімімен жергілікті тракторшы күзде болған алапат өртке кінәлі деп танылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі "ТоболИнфо" порталына сілтеме жасап.
 
Тергеу материалдарына сәйкес, былтыр күзде болған өрт кезінде 39 мың гектар орман және шаруашылық жер өртенді. Мемлекетке 18,7 миллиард теңге шығын келді. Бұдан бөлек, жүздеген үй, жеке мүлік пен мал жанып кетті. Оның шығыны – 642 миллион теңге. Ал өрт сөндіру шараларына тағы 42 миллиард теңге жұмсалды.
 
Қылмыстық іс бас прокуратураның бақылауымен тергелді. 44 жастағы жергілікті тракторшы Александр Рапейко кінәлі деп танылды.
Былтыр 22 желтоқсанда Әулиекөл аудандық соты өз үкімін шығарды. Онда өрттің қалай басталғаны туралы жазылған.
 
"2 қыркүйек күні түскі уақытта ағаш дайындаушы Есмағамбетов Бағаналы ауылына барған. Сол жерде жаңадан танысқан Рапейконы "МТЗ-82" маркалы тракторымен темір үйшікті орман жаққа апарып беруді өтінген. Сол үшін ақша төлейтінін айтқан. Есмағамбетов ол жақта ағаш дайындап жүрген. Рапейко келіскен.
 
Сот материалдарына сәйкес, тракторда ұшқынды бәсеңдететін құрылғы болмаған. Газ шығаратын түтігі де дұрыс болмаған. Содан орманның жанынан өтіп бара жатқанда ұшқын шөпке тиіп, өрт басталған. Басаман орман шаруашылығына қарасты жерлер өртке оранды. Одан кейін Аманқарағай мен Озерное ауылдарына жеткен", - делінген ақпаратта.
 
Порталдың ақпараты бойынша, жәбірленуші тарап – облыстық әкімдіктің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі сотта болмады. Кінәлі тракторшыға шығынды өтеуге талап қойылған жоқ. Александр Рапейко бір жылға шартты түрде сотталды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға