Жаңалықтар

Қорқыттың күй мұрасы қазақта ғана сақталған – Әлқуат Қазақбаев

Белгілі қобызшы  Әлқуат Қазақбаевпен сұхбат
Қорқыттың күй мұрасы қазақта ғана сақталған – Әлқуат Қазақбаев
08.11.2022 09:44 3781

Қобыз – көнеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы. Скрипка аспабының атасы саналатын қобыздың арғы тегі садақтан шыққаны ғылыми түрде дәлелденген. Қобыз – ысқысы бар аспаптардың қатарына жатады. Мұндай аспаптар Орта Азия, Повольжья, Закавказья, Сібір халықтарында сақталған. Әр халықтың ысқылы аспабының атаулары басқа болғанымен, ойнау тәсілдері  бір-біріне қатты ұқсайды. Қобыз турасында ел арасында түрлі аңыздар жетерлік. Жыр-термелер де көп. Қобызды – бақсы-балгерлердің жын-шайтан қуатын құралы ретінде көретіндер де арамызда жүр.  Әсіресе Қорқыт бабамыз туралы әңгіме айтылса қобыз алдымыздан шыға келетіні тағы шындық.  Демек, қобыз – қазаққа жат емес. Оның жасалуы да үлкен еңбекті қажет етеді.

2014 жылдың тамыз айында елімізге белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған қазақ ғалымдары Алтайдың Шығыс Қазақстан облысы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында көне жауынгердің жерленген жерін тапқан. Жауынгерді шамамен VII ғасырда өмір сүрген деп топшылайды. Сондағы археологиялық қазба жұмыстарының басты олжасы – қару-жарағымен бірге жерленген жауынгердің жанынан бір аспап табылған. Зерттей келе, оның жорық алдында сарбаздарға рух беретін қобызға ұқсас музыкалық аспап екені анықталыпты.

Бұл жолғы сұхбатымыз Түркі тілдес мемлекеттердің Қорқыт атындағы дәстүрлі өнер фестивалін алғаш рет Астанада өткізген қобызшы  Әлқуат Қазақбаевпен болмақ. Қазақбаев Әлқуат Дотаұлы 1972 жылы 29 сәуірде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Абай ауылында дүниеге келген.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, қобызшы, композитор, өнер зерттеуші ғалым. Ғылыми дәрежесі – гуманитарлық ғылымдар магистрі. Мамандығы–түркітану.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Мемлекеттік стипендиясының иегері (2010, 2011 ж.ж.). «Қызылорда облысының мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталған (2011 ж).Жамбыл облысының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған(2019 ж). Тараз қаласында «Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Әуендер әлемі» алаңына Әлқуат Қазақбаевтың есімі жазылған» (2019 ж).

Бүкілодақтық «Жігер» фестивалінің, Халықаралық  Құрманғазы және Республикалық Тәттімбет атындағы конкурстардың, Халықаралық  «Шабыт» фестивалінің, Ресейдегі Магнитогорск қаласында өткен халықаралық фестивальдің, Испаниядағы Мадрид, Барселона қалаларында, Жапонияның Осака қаласында өткен халықаралық фестивальдердің  жүлдегері, лауреаты. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Н.Тілендиев атындағы сыйлықтың иегері. 

2000-2020 ж.ж. аралығында Қазақ Ұлттық өнер университеті қобыз және оха кафедрасының оқытушысы, меңгерушісі, Қорқыт ата ғылыми-зерттеу институты Қорқыт Ата саз өнері бөлімінің меңгерушісі, директор орынбасары, аға ғылыми қызметкері лауазымдарында жұмыс атқарған.

2003 жылы Ә.Д. Қазақбаевтың жетекшілігімен елімізде тұңғыш қобызшылар квартеті құрылды. Әлекең  қобызшылар квартетіне арнап халық әндері мен күйлері, Абай Құнанбаев пен Н.Тілендиевтің әндері, Сүйінбайдың «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты термесі, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы нотаға түсірген.

– Әлеке,  2000-2014 жылдар аралығында ел ішін аралап, қобызшылар туралы мағлұматтар жинаумен айналысқаныңызды білеміз? Табан ақы, маңдай тердің өтеуі қалай болды? Тың дүниелерге жолықтыңыз ба? Сұхбатты осыдан бастасақ?

– 14 жыл дегеніңіз көп-көрім уақыт қой. Ең қуаныштысы еңбек ақталды.  Қазақтан шыққан Қойлыбай бақсы, Түктібай бақсы, Тілеп бақсы, Шолақ бақсы, Бала бақсы атанған Кернебеай Сүтемгенұлы туралы көп мәліметтер жинадым. Қорқыт Ата күйлерін сарнатқан Шәкәрім Құдайбердіұлы, қобызшы Нышан Шәменұлы және Тілештің Әшірбегі, Жайнақ бақсы, қобызшы Қазбек Әбенов туралы  тың деректерге кезіктім. Қобызшы Нұрғазы Жиенханұлы мен Әшірбектің шәкірті Шәмши Еренбекпен жолығып, Қорқыт Атаның күйі мен аңыздарын жазып алдым. Қызылорда қаласында Қорқыт Ата күйлерін таспаға түсіріп алған Ахат Жанаевпен  емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдым.  Қорқыт Ата мен Ықылас Дүкенұлының күйлерін Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаев   түпнұсқада  орындап үнтаспаға жазған екен, соны   нотаға түсірдім.

Жаппас Қаламбаевтың одан басқа да орындауындағы Тәттімбеттің «Саржайлауын», қобызға арналған «Марш», «Шәркен» күйлерін түпнұсқадан  нотаға түсіруге күш салдым. Қорқыт Ата күйлерінің домбыра мен сыбызғыда орындалған нұсқаларын алғашқы болып жарыққа шығардым. Қорқыт Атаның бұрын-соңды белгісіз болған «Қорқыт» күйінің жаңа нұсқасын орындаған және оның аңызын да айтушы Дәулет Мықтыбаевтың үнтаспадағы жазбасын 1991 ж.ж. тауып, нотаға түсіріп, 2018 жылы көпшілікке ұсындым.

2007 жылы 19 мамырда Талдықорған қаласында күйші Молықбайдың қобызын қайта қалпына келтіріп, күй тартып, 150 жылдық мерейтойына арналған «Молықбайдың қобызы» атты ғылыми конференция мен концерт ұйымдастырдық. Бұл қобызда Молықбай бақсыдан кейін ешкім күй тартпаған. Арада 70 жыл өткеннен соң халықтың құлағына Молықбайдың қобызының даусын естіртіп, күй тарттық.  Бұл қобыздың табылуына және халқымен қайта қауышуына себепкер, кезінде Жетісу өңіріндегі Талдықорған педагогика институтының ректоры болған профессор Мырзатай Жолдасбековтың еңбегі зор.

– Әлеке, жақсы бір іске бастамашы болып, Астана төрінде түркі әлемінің көне аспабы Қобыз сарынын қайта жаңғыртқаныңыз есімізде. «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ мұндай да. Сөйте тұра «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп қоятыны және бар.  Сол айтпақшы, өзіңіз алғаш бас болып ұйымдастырған шараға, «Жақсыны көрмекке» деп Түркі тілдес елдерден көптеген қонақтар келіп өнерлерін ортаға салғанына да біраз жылдың жүзі болып қалды? Қорқыт атындағы түркі тілдес мемлекеттердің дәстүрлі орындаушылық өнер фестивальі көңіліңізден шықты ма сол жолғы?

– «Біткен іске сыншы көп» болады. Дегенмен көңілімнен шықты. Фестивальге 60-тан астам дәстүрлі музыканың отандық және шетелдік орындаушылары қатысуға ниет білдірген еді. Әйтсе де Астанадағы байқауға қатысуға Әзірбайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан елдерінен жас орындаушылар келді. Өйткені, фестивальге 16 мен 30 жас аралығындағы музыканттар ғана қатыса алады. Фестиваль үш номинация бойынша жүрді. Оның алғашқысы қобыз, содан кейін үрмелі және ішекті аспаптар, одан кейін «ысқышты» аспаптар. Осылар бойынша үздік орындаушылар анықталды.  Жалпы айтқанда Фестиваль көңілімнен шықты.  Қолыма қобыз алып, күй тартқалы арманым, Қорқыт ата қобызының ғаламатын әлемге паш ету еді. Дегенмен, арман атты сәйгүлікке, нарық заманы жол бермеді. Тұсау салды. Жылдар өте келе қоламтадағы үміт шоғы жалынға айналды. Қуанышты күнді көп күттім.  Ойымның қиясына ұя салған Қорқыт ата қобызын насихаттау туралы арманымды қайтсем де  жүзеге асыруды алдыма мақсат етіп қойдым. Сол мақсат жолында тер төгіп келемін. Айта кетейін Қорқыт ата атындағы фестифальдің бір ерекшелігі, мұнда тек дәстүрлі музыка ғана орындалды. Еуропалық әуендерге екпін берілмеді. Басты талап та сол болатын. Тек, Қорқыт күйлерінің бірін фортепианоның сүйемелдеуімен орындап шығуға мүмкіндік туғыздық.

– Маман ретінде айтыңызшы, Ноғай, Башқұрт, Татар, Алтайлықтар мен Хакас Сахалар, т.б түркі халықтарының қобызда ойнау қабілетіне қандай баға берер едіңіз? Қобыз – түркі дүниесіне ортақ аспап қой?.

– Егер орындаушылық деңгейге келсек, біздегі қобыз аспабы сияқты дамыған түркі тілдес халықтардың ішінде аспап жоқ. Олар қобызбен көбінесе жыр, дастан айтады. Бірақ күй ойнамайды. Қорқыттың күй мұрасы қазақта ғана ерекше. Бұл жағынан олар кенжелеп қалған. Ал қобызбен Алпамыс, Қобыланды т.б ортақ құндықтарымызды жырлауда көш басында тұр.

– Қобыздың керемет қасиеті туралы жиі айтылады. Әлемге насихатталуына көңіліңіз тола ма?

– Шет елдерге шығып жүрміз ғой. Айқай-шу, даңғара, музыкадан шаршаған халық. Олар көне тарихтың қатпарынан сыр шертетін домбыра мен қобыз үніне ғажап елтиді. Сырына үңіледі. Орындай берсең күнде келіп тыңдауға бар. Осының өзі көп жайдан хабар берсе керек. Өз елімізде де қобызды киелі аспап санайды ғой. Тек қана жарнамалануы кемшін.

ҚОБЫЗ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ЖӘДІГЕР

– Қобызды «көзір» қылып, сахнаны шаңдатып жүргендерге айтарыңыз бар ма?

– Жоғарыда айттым ғой, қобыз киелі аспап. Кейбір өнерпаз жастардың қобызды беліне байлап алып, сахнада тайраңдап жүруі дұрыс емес. Қобызды шамандық дәуірдің сарқыты көретіндер әлі де бар. Олай бұра тарту өнерге жасалған қастандық! Қобыз –сарқылмас әуеннің тынысы. Жағымды үні бар. Қоңыр үн! Мұңылы да сырлы! Аспаптардың ішінде адамның үніне ең жақын аспап осы қобыз. Қобызды бабын тауып қолдансаң-сөйлетесің. Сырласасың. Боздатасың!  Қобыз сарынын тыңдаған адамның көңіл күйінің көтерілетіні сондықтан.

– Көңіл көтеріледі демекші, ертеректе әулие қария Июан Павел екіншінің алдында қобыз тартқаныңыз есіме түсіп тұрғаны?

– 2001 жылы Иоон Павел екінші Астанаға келді. Барған жері оны құр қол аттандырмайды. Барын қолтығына қыстырып, риза қылып жібереді.  Бізге де сондай бір кәде жасау керегін Мырзатай Жолдасбеков ағамыз пайымдаса керек, мені өзіне шақыртып алды. «Осылай да осылай» деп мән жайды түсіндірді. Сөйтіп бүкіл Еуропа табынып, әулие санайтын Иоон Павел екіншінің алдында Қорқыт атаның «Қоңырын» орындадым.  Мүлгіп отырған қария қатты риза болды. Қолымды алып қобыз сарынына тебіреніп кеткенін аудармашы арқылы жеткізді.Сондағы айтқандарының ішінде есімде қалғаны «сарынға елітіп тәңірмен тілдескендей болдым» деген сөзі. Іле шала қобызды сыйға тартық. Қуанғанын көрсең. Көрдіңіз бе, қобыз сарынының қуат күшін. Еуропаның анау-мынауға елти қоймайтыны бесенеден белгілі. Әйтсе де Әулие ақсақал арқылы Қорқыт атаның күйі мен қобызы әлемді шарлап кеңінен насихатталды сол жолы. Бұл Түркі әлеміне ортақ қуаныш болатын. Бұл кеудесі алтын сарай қазына Мырзатай ағаның ерен еңбегі екенін де ерекше айтқым келеді.

– Шет елдерге көп шығасыз. Еуропаның Қорқыт ата туралы таным түсінігі қандай?

– Қорқыт ата туралы жазылған дүниелер жетерлік. Өмір тарихының өзі үлкен–аңыз. Кеңес дәуірінде, оған дейін де орыс, Еуропа ғалымдары Қорқыт атаға үнемі соғып отырған. Қалай десек те, ол тарихи тұлға. Түркия еліне барған бір сапарымда Топқапы деген үлкен сарайда, үлкен ғалымдардың жазып кеткен жазбаларын оқыдым. Солардың ішінде Қорқыт ата туралы нақты он төртінші, он бесінші ғасырда жазылған дүниеге кезіктім. Ол жерде көркем суреттері де бар екен. Осы туралы атақты атамыз Әлкей Марғұлан да жазып қалдырған. Міне, осылардың өзі-ақ Қорқыт атаның даңқының алысқа кеткенінен хабар беретіндей.

 – Қобыздың ең көне аспап екені жиі айтылады. Осыған қарай ойыссақ...

– Оған талас болмауға тиіс. Әрине, тарих дәлдікті сүйеді. Сондықтан зертеушілер әлі де зерттей түсуі қажет. Өздеріңізде білесіздер, күллі Түркі тілдес елдерде Қорқыт атаның аты аталады. Демек, бұл біздің түбіміздің бір екенінің нақты дәлелі. Одан бөлек бұл кісі  алғаш күй шығарып, оны өзі орындап, ағаштан алғашқы өнер аспабын жасағанымен ерекшеленеді. Қорқыт ата ысқышпен қобыз шанағынан алғаш саз шығару бақыты бұйырған дарын. Тарихы тереңге кеткен Қорқыт ата, Алланың шапағатына бөленген жан. Сондықтан Қорқыт ата күйлері мен қара қобызы әлемнің інжу-маржандарының алдыңғы ілегінде тұруы керек.

– Соңғы сұрақ болсын. Елімізде ұлттық музыкалық аспаптарды жасайтын қолы икемді шеберлер аз емес екені белгілі.  Алайда, кез келген аспапты көз тартарлықтай әсем етіп жасау бір бөлек те, одан жақсы әуен шығатындай қылып жасау бір төбе. Әлбетте, әсем әуен мен сырлы сазды бір арнаға тоғыстыра отырып, сонымен бірге аспапты да жарқыратып жасап шығару тек тәжірибелі шебердің қолынан ғана келетін іс. Қобыз-өте күрделі аспап деседі. Оған үлкен бап керек екен. Естуімше, сіздің туған бауырыңыз, Шу ауданының тумасы Қанат Қазақбаев қобыз жасайтын санаулы шебердің бірі көрінеді?

– Бұл рас әңгіме. Бауырым, Қанат Дотаұлы қобыз жасайды. Қалай десек те, ұсталық, зергерлік атты өнер әлеміне апарар жол кім-кімге болмасын ата-бабасынан қонып, ғасырлық тарих және шежіре арқылы, қан арқылы келетіні белгілі ғой. Сол секілді менің ініме де ұсталық өнер арғы аталарымыздан қонған. Біреу білер, біреу білмес, сол үшін айта кетейін,  Қанаттың қолымен жасалған қобыз сонау Италияның Ватикан мемлекеттік музейінде Қорқыт бабамыздың кітабының жанынан орын алған. Әлем бойынша екі-ақ данасы бар «Қорқыт дада» деген аса құнды кітап бар. Оның түпнұсқасы Ватикан мемлекеттік музейінде тұрса, екіншісі Германияның Дрезден қаласындағы музейге қойылған. Жоғарыда айттым ғой, 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел ІІ арнайы іс-сапармен елімізге келгенде, сол кездегі Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ватикандағы Қорқыт бабамыздың кітабының жанында ұлттық аспабымыз қобыз тұрсын деген ұсыныс жасап, белгілі дін қайраткеріне қобыз сыйлады. Сол қобызды Қанат інім жасаған болатын.

– Татымды әңгімеңіз үшін рахмет!

 

       Ә.Қазақбаевтың жарыққа шыққан кітаптары мен ғылыми мақалалары:

  1. Ә.Қазақбаев,Елікбай Иса. «Даналар ой маржанын жіпке тізген». Астана. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ РББ. 2010. – 124 бет.
  2. Қыдырәлі Д., Қазақбаев Ә. «Сары ұйғырлардың халық әндері» кітабы. –Астана, «Ғылым» баспасы,  2018. –166 бет.
  3. Қазақбаев Ә. «Қорқыт Ата аңыздары мен күйлері» кітабы. – Астана, «Ғылым» баспасы,  2018. – 106 бет.
  4. Қазақбаев Ә.Д. «Қарақабадан табылған қобыз» мақаласы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт минитрлігі Қазақ Ұлттық өнер университеті. «Еуразиялық ғылым және өнер» хабаршысы журналы. Астана. 2019. 50-ші бет.
  5. Alkuat Kazakbayev. «Karakabaʼda bulunan kopuz» мақаласы. Халықаралық симпозиум. ULUSARASI TÜRK LENÇE ARAŞTIRMALARI DERGISI (TÜRKLAD), 3 CILT, 2. SAYI, 2019. TURKEY. Sayfalar: 307-313.
  6. Alkuat Kazakbayev. GumilyovEurazian National University Departament of Turkology, Kazakhstan / Nur-Sultan. «One historical truth in the Korkut legend» мақаласы. // Opcion. – 2019. V. 35. – Iss. 90-2, - P/ 161-171. Журнал«Opcion» (Venezuella), ISSN: 1012-1587, Scopus журналы.
  7. Alkuat Kazakbayev. «Kazakıstanʼda dede Korkut hıkâyelerı ve halk ezgılerı» кітабы. Ankara, BENGÜ YAYINLARI. 2019.- 224 s.

Авторлық күйлері мен шығармалары: «Жаппас-қобыз-домбыра»,«Әбдіманап абыз», «Абылай хан жорығы», «Ықылас ата», «Жерұйық», «Құрманғазы төкпе», «Тәттімбеттің сарыны», «Нұрғиса-аңыз құс», «Қобыз сарыны», «Қойлыбайдың қобызы», «Шабыт»,«Бақсы», «Толғау», «Аллам жар», «Мырзатайдың сарыны», «Әкетайым» (әні мен сөзі: Ә. Қазақбаев). «Көзім – жас, көңілім – қайғы, жаным - жалын» (әні: Ә. Қазақбаев, сөзі: Қожа Ахмет Яассауи). «Жүрегім менің», «Фатима сарыны», «Наз», «Аңыз қыз», «Ұлы дала сарыны», «Ақсақ қыз»,«Фуга», «Ашаның алты салы», «Қазақ сарындары»:1.Прелюдия. 2.Фуга. 3.Скерцо. 4.Токката.,«Тараз шеруі», «Тәуекел».

Гастрольдік сапармен халықаралық ғылыми конференцияларда Ресей, Украина, Қырғызстан, ҚХР, Оңтүстік Корея, Испания, Ұлыбритания корольдігі, Жапония, Түркия, Иордания, АҚШ, Швейцария, Франция, Германия, Чехия, Австрия, Әзірбайжан мемлекеттерінде болған. Ә.Қазақбаевтың авторлық күйлері мен нотаға түсірген домбыра мен қобыз күйлері және ғылыми еңбектері жайында мемлекет қайраткері, түрколог ғалым, профессор М.Жолдасбеков пенөнер зерттеуші ғалымдар, күйшілер: Б.Мүптекеев, қобызшы-профессорлар Б.Қосбасаров, Ә.Жұмабеков, Р.Мұсаходжаева, Ғ.Уразалиева-Шілдебаева, шертпе күйші Ж.Жүзбай, дарынды күйші Б.Әбенов сынды танымал тұлғалардың кітаптарында, қобызға арналған методикалық құралдарда, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы мен ҚазҰӨУ-нің студенттерінің диссертациялық жұмыстарында зерттеу нысанына айналған.Туындылары әлем сахналарында орындалып, шығармалары мен «Жамбыл жырау» операсын П.И.Чайковский атындағы Москва конерваториясы мен Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург консерваториясының түлектері phd және ассистентура-стажировка деңгейінде қорғаған.

Ә.Қазақбаев Қорқыт ата атындағы қобыз және көне аспаптарда орындаушылардың I-ші Халықаралық конкурсы, Халықаралық Құрманғазы атындағы және Республикалық Тәттімбет атындағы конкурстардың, Халықаралық  «Шабыт», «Дельфиийлік ойындар» фестивалі, Республикалық «Ақ көгершін» конкурстарында қазылар алқасының мүшесі, төрағасы болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға