Жаңалықтар

«Қорқыныш пен үрей королі»: Стивен Кингтің кітабы қазақ тілінде жарық көрді

«Қорқыныш пен үрей королі»: Стивен Кингтің кітабы қазақ тілінде жарық көрді
Фото: «Фолиант» баспасы 07.09.2023 21:08 1071

«Фолиант» баспасы әлемге әйгілі америкалық жазушы Стивен Кингтің туған күніне орай оның «Өлі аймақ» атты романын қазақ тілінде шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Өлі аймақ» романы – Стивен Кингтің шығармашылығындағы бесінші кітабы. Автор бұл туындысын ерекше бағалап, жазушылық мансабындағы ең алғашқы нағыз романым деп есептеген.

Әйгілі америкалық жазушы, «қорқыныш королі» атанған Стивенг Кинг 1947 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келген. Бүгінде 76 жасқа келген сөз өнерінің майталманын білмейтін оқырман кемде-кем.

Хоррор, триллер, фантастика, фэнтези, мистика, драма, детектив жанрларында қалам тербеген жазушы 70-тен астам кітап жазған. Әлемдегі ең танымал автордың қаламынан шыққан туындылар көптеген тілдерге аударылып 350 млн астам тиражбен сатылған.

Ал «Өлі аймақ» романы – жазушының саяси триллер жанрында жазылған үздік туындыларының бірі.

«Фолиант» баспасы бұған дейін де Стивен Кингтің «Сол», «Жасыл миль» атты романдарын және «Төрт маусым» атты хикаяттар жинағын («Рита Хейворт немесе Шоушенктен қашу», «Әзәзілдің шәкірті», «Мәйіт», «Тыныс алу әдісі») қазақ тілінде шығарған болатын.

Жеті жасында капитан Кейсидің басынан кешкендері туралы алғашқы әңгімесін жазған Кинг әдебиет әлеміне қадам басты. Он үш жасында Крис Челсимен бірге жазған «Адамдар, орындар және заттар» атты әңгімелер жинағы жарық көреді.

Стивен Кинг өзінің көптеген шығармасын «Ричард Бахман», «Джон Свифен» тәрізді бүркеншік атпен шығарған. Бұл әдебиет әлеміндегі атақ-абыройын арқаланбай, басқа атпен өзінің жазушылық жетістігін қайталауға деген әрекеті болатын. Одан бөлек автордың жылына бір ғана кітабын шығару туралы баспалардың талабын айналып өту әдісі еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға