Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру барысында бірқатар құқық бұзушылық деректері анықталды. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша қылмыстық қудалау органдары 37 істі қарастырып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия мәлімдеді.
104 әскери нысан тексерілді
Комиссия Қорғаныс министрлігіне қарасты 104 нысанды тексеруден өткізген. Сонымен қатар ведомствоның бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жүргізу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Тексеру барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен қызмет өткеру жағдайына ерекше назар аударылған. Сондай-ақ әскери бөлімдерді азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету сапасы, медициналық көмек көрсету деңгейі мен мемлекеттік мүліктің сақталуы зерделенген.
Комиссия жұмысы кезінде анықталған жекелеген құқық бұзушылық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
37 қылмыстық іс тергеліп жатыр
Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Алайда тергеу мүддесіне байланысты олардың мән-жайы мен өзге де мәліметтер әзірге жарияланбайды.
Комиссия тексеруді «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде жүргізіп жатыр. Оның басты мақсаты – Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу.
Тексеру қараша айында аяқталады
Комиссия анықтаған мәселелер бойынша әзірленетін ұсынымдар Әскери реформа жоспарын іске асыру кезінде де ескеріліп жатыр.
Тексеру қорытындысы бойынша Қарулы Күштердің жұмысын жетілдіруге, әскери тәртіпті нығайтуға және әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар ұсынылмақ.
Мемлекет басшысы құрған комиссияның жұмысы 2026 жылғы қарашада аяқталады. Ал бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізіліп жатқан аудит пен қылмыстық істер бойынша тергеу нәтижелері алдағы уақытта белгілі болуы мүмкін.
Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан болып, салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.