Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті штабтық келіссөз өткізді

Халықаралық Қызыл Крест комитетінің басшылығына Қазақстанның Қарулы күштеріне алғысын білдірді
Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті штабтық келіссөз өткізді
Фото: gov.kz 10.12.2022 15:40 1115

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов бастаған қазақстандық делегация Халықаралық Қызыл Крест комитетінің басшылығымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстандық тараппен штабтық келіссөздер ұйымның Женевадағы штаб-пәтерінде алғаш рет өткізіліп отыр.

Тараптар Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті арасындағы ағымдағы ынтымақтастық және өзара іс-қимылдың алдағы мәселелерін талқылады.

Африка құрлығындағы, атап айтқанда қазақстандық әскери қызметшілер әскери бақылаушылар ретінде қызмет өткеріп жүрген Мали мен Орталық Африка Республикасындағы гуманитарлық ахуал жайында ақпарат алмасылды.

Кездесу барысында генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов бітімгерлік қызметті қайта ұйымдастыру жөніндегі ағымдық жұмыс туралы хабардар етті, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бітімгерлік операциялар және әскери медицина орталықтарының даму көкжиегі жөнінде тілге тиек етті.

Ол сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест комитетінің басшылығына Қазақстанның Қарулы күштеріне жан-жақты қолдау көрсеткені және мекемелердің оқу мүмкіндіктерін арттыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Кездесуге қатысушылар бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға