Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі "Әскери құрылыстағы" жемқорлыққа қатысты түсініктеме берді

Қорғаныс министрлігі "Әскери құрылыстағы" жемқорлыққа қатысты түсініктеме берді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 13.07.2023 11:07 863

Қорғаныс министрлігі "Әскери құрылыс" АҚ бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтің және басқаларының басшылығымен ұйымдастырылған қылмыстық топқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Қорғаныс министрлігінің лауазымды адамдарының ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ екені анықталғанын мәлімдейміз. Қазір қылмыстық жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттерінің салдарынан "Әскери құрылыс" АҚ-ның қаржылық жағдайы айтарлықтай төмендеді, осыған байланысты кредиторлық берешегі болды, - делінген министрлік мәлімдемесінде.

Кез келген сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында Қорғаныс министрлігі бірқатар қатаң шаралар қабылдады.

Атап айтсақ, "Әскери құрылыс" АҚ басшылығы толық ауыстырылды, жалпы ведомстволық бағынысты ұйымның қызметіне бақылау күшейтілді. Бұл заңсыз әрекеттерді 2019-2020 жылдар аралығында акционерлік қоғамның  лауазымды тұлғалары жасағанын айта кету керек, - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз:

Барлық бұзушылықтар бойынша жедел ақпараттандыру мен тергеу іс-шаралары сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында ҚР Қорғаныс министрлігінің қазіргі басшылығының бастамасымен қолға алынды.

2022 жылдың басынан бастап "Әскери құрылыс" АҚ қызметін реформалау және кредиторлық берешекті өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда 100-ден аса компания медиативтік келісімдерге қол қойды.   Кәсіпкерлер алдындағы кредиторлық берешектің негізгі бөлігін 2023 жылдың соңына дейін міндетті түрде өтеу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Әскери құрылыс» АҚ басшысы туысқандарымен бірге бюджеттен ақша ұрлағаны туралы жазған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға