Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі әскерде жаппай бейнебақылау камералары орнатылып жатқанын айтты

Қорғаныс министрлігі әскерде жаппай бейнебақылау камералары орнатылып жатқанын айтты
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 09.10.2024 18:14 341

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев қазіргі таңда еліміздегі барлық әскери бөлімдер бейнекамералармен қамтамасыз етіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірақ онда бірнеше мәселе бар. Біріншісі – бұл видеокамералар сараптамасыз істеп тұр, яғни болып жатқан суретті экранға жібереді, одан басқа ешқандай сараптама жоқ. Біз қазір ақпараттық жүйені енгізу барысындамыз. «Ақылды» бейнекамералар жасайын деп отырмыз. Мұнда жасанды интеллекттің элементтері бар. Әскери бөлімге кім кірді, қашан шықты, қазір қанша адам бар, бірнеше топ жиналған жағдайда сигнал бере алатындай. Бұдан бөлек, егер жауапты адамдар өздерінің орнын тастап кететін болса, сигнал беру дегендей. Дүние жүзінде қандай сараптама бар – соны енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Екінші мәселе бұл видеокамералардың барлығы қазір цифрлық аналог болып келеді, - деді ол.

Ахмедиевтің сөзінше, 10 жыл бұрын қойылған камералар бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Оларды ауыстыратын уақыт келді. Екіншіден, ақпараттық жүйені енгізу керек.
Сонымен қатар ол «бейнебақылау камераларына қанша ақша жұмсалды?» деген сұраққа жауап берді.

Қазір нақты бір соманы айта алмаймын. Әр әскери бөлім өзі сатып ала алады. Камералардың жай-күйіне байланысты. Егер ол әлі жұмыс істеп тұрса әрі цифрлық болса, оны ауыстырудың қажеті жоқ. Алайда аналогы болса, он жылдан астам жұмыс істеп тұрса, оны ауыстыру керек. Санына байланысты сомасы белгілі болады. Нарықта әртүрлі баға бар. Ақпараттық жүйені қаншаға ала алатынымызды айта аламын. Қазақстанның ІТ компаниялары берген ұсыныстардың біреуі 400 млн теңге, бұл ақпараттық жүйе. Серверлік құралдар немесе камералардың бағасы әскери бөлімдегі камера мен құрал-жабдықтардың жай-күйіне байланысты, - деп түсіндірді қорғаныс министрінің орынбасары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға