Жаңалықтар

Қонаевта үйі өртеніп кеткен тұрғындар баспаналы болды

Қонаевта үйі өртеніп кеткен тұрғындар баспаналы болды
Фото: Қонаев қаласы әкімдігі 12.01.2024 21:01 604

Алматы облысы Қонаев қаласына қарасты Заречный ауылында үйі өртеніп кеткен 8 отбасы баспаналы болды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл толуына орай тұрғындар қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қонаев қаласы әкімдігінің хабарлауынша, баспаналы болған жұртшылықты жаңа қонысымен шаһар басшысы Нұрлан Құматаев құттықтады.

Бүгін Қазақстанда Димаш Ахметұлының туған күні атап өтіліп жатыр. Ал сіздер үшін қос қуаныш – біз өздеріңізге пәтер кілтін табыстаймыз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Бұл жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Баршаңызды қуаныштарыңызбен құттықтаймын! - деді Қонаев қаласының әкімі.

Оқи отырыңыз: 

Өз кезегінде тұрғындар да сөз сөйлеп, алғыстарын жаудырды. Солардың бірі – зейнет жасындағы Күләш Күрімбаева.

Осыдан бес ай бұрын 8 отбасының үйі өртеніп, төтенше жағдай орын алды. Сол сәтте біз аз уақыт ішінде баспаналы боламыз деп ойламадық. Қуанышты кез Д.Қонаевтың дүниеге келген күнімен тұспа-тұс келді. Бұл да бір жақсы белгі болса керек. Барлығыңызға алғысымды білдіремін, - деді зейнеткер әжей.

Еске салсақ, 2023 жылдың 17 тамызында Заречный ауылында 2 қабатты тұрғын үй өртенген болатын. Өрт салдарынан төтенше жағдайларды жою жөніндегі комиссия бұл үйді жарамсыз деп таныды. Қала әкімі Нұрлан Құматаевтың сөзінше, шаһар әкімдігі бірден 8 отбасыны баспанамен қамту үшін үшін шаралар қабылдаған. Ол мақсатта бюджеттен 108 млн теңге бөлініп, ауылдан үйлер сатып алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға