Жаңалықтар

Қолжазбалар жанбайды

Қолжазбалар жанбайды
Фото: anatili.kazgazeta.kz 03.02.2023 18:00 1373

Атақты жазушы М.Булгаков өзінің «Мастер және Маргарита» романындағы басты кейіпкер Воландтың аузымен айтқан «Қолжазбалар жанбайды» деген сөзін әркім өзінше түсінеді. Бұл сөзге кітапханашының көзімен қарасақ қолжазба қорындағы өрттің алдын-алу, сөндіру жүйесінің сенімділігі маңызды болып көрінеді.

Тарихшының көзімен қарасақ халқының өткені туралы жазба материалдардың болуы, олардың ғылыми айналысқа түсуі, оларды енді «ешқашан жанбайтын» ететінін көреміз. «Қолжазбалар жанбайды» деген фразаның мәнін қазақтың  «Ғалымның хаты өлмейді» деген мақал толық ашып көрсетеді деп ойлаймын.

Әр ұлттың «ешқашан жанбайтын» қолжазбалары болады. Ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты сондай түрлі салалардағы қолжазбаларды Қазақстанның Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, басты ұлттық кітапханалар, мемлекеттік архив, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары жанындағы қолжазба орталықтары мен бөлімдері өз қорларында  сақтап отыр.

Бұл саладағы жүйелі жұмысты Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана да жүргізіп жатыр. Бөлім жұмыстарын үйлестіруші басты маман, кітапханашы Дариға Дәуренбекова сирек қорды топтамаларға топтастырып, «ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қоры» сериясымен библиографиялық көрсеткіштер шығаруды жоспарлап, құнды кітаптарды насихаттау және жаңарту, сирек басылымдарды ғылыми айналымға енгізу жүйелеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Осы жұмыстардың басы-қасында филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рахима Нуриден,  кітап музейінің басшысы Мөлдір Баймаханова да жүр. Айтпақшы, Кітап музейінде басқа да сирек дүниелермен қатар XVI ғасырдың латын тіліндегі бір кітап сақтаулы тұр. Бұл кітаптың ерекшелігі мұқабасы адам терісімен қапталған. Жалпы Мөлдірдің кәсіби шеберлігі арқасында музейге келушілердің саны артып келеді.

Сонымен қатар кітапхананың ғылыми қызметкері, түркітанушы, phD доктор Шыңғыс Бегімтаев пен сарапшы  Бауыржан Мұстафаев араб әрібімен араб, парсы, шағатай, қазақ, түрік, османлы, өзбек, татар тілдерінде жазылған, діни кітаптар (Құран Кәрім, тәпсір, тәжуид, фиқһ ілімі), тіл тақырыбында жазылған кітаптар (араб тілінің оқулықтары, фонетика, грамматика), тарихи кітаптар, қолжазбалар, өлең-жырлар мен дастандар, хикаялар мен әпсаналар, әдеби шығармалар мен басқа да кітаптарды шетел, Түркия, Египет ғалымдарымен  бірігіп жұмыс жасау туралы келіссөздер жүргізіп, зерттеулерді жалғастыруда.

Жалпы алғанда, мәмлүк дәуіріне қатысты, араб тілінде өте бай архивтік материалдар,  қолжазбалар Таяу Шығыс елдерінің Каир, Дамаск, Бағдат, Алеппо және т.б. қалаларында ғана емес, Еуропа елдерінің кітапханаларында да сақтаулы тұр. Каирде орналасқан Мысыр кітап үйінің өзінде ғана 70 мыңдай қолжазба бар. Оның басым көпшілігі мәмлүк дәуіріне қатысты аса құнды материалдар. Сонымен қатар, діни оқу орны  - әл–Әзһар университеті кітапханаларының қойнауында, Мысырдың  дін істері мен уақыптар (діни мүлік бойынша) министрлігінің  кітапханаларында мәмлүк дәуірінің құжаттары мол сақталған.

Осы орайда Түркияның қолжазба орталықтарымен ынтымақтастық орнату араб елдеріндегі қолжазба қорына қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігі тосын естілуі мүмкін. Бірақ 1517 жылы 1918 жылға дейін Египет пен Сириядағы түріктердің билігі кезінде империяның астанасы Стамбулда діни, ғылыми, тарихи маңызы бар қолжазбалар жинақталады. Сондықтан қазіргі уақытта Стамбулдағы Сүлеймание кітапханасы, Топқапы сарайының кітапханасы, Баязит мемлекеттік кітапханасы, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (ИРСИКА), Ислам зерттеулері орталығының кітапханасы қойнауында Египеттегі қыпшақ тарихында қатысты орасан зор қолжазба  қоры бар.  

Осы тұрғыдан алғанда, өткен қараша айында Самарқанд қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммитінде сөйлеген сөзінде ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  еліміздің, жалпы түркі әлемінің ғылыми қауымдастығы үшін өте өзекті, тарих ғылымының негізі мен іргетасы болып табылатын дереккөздерді қол жетімді ету үшін түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынуы өте маңызды қадам болды. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік береді. 

Түркі мемлекеттері арасында осындай ізгі жобаны іске асыру үшін еліміздің қолжазба саласында жұмыс істейтін мекемелер бірлесіп әрекет етуі қажет болады. 

Ғылыми-зерттеу жұмысы кітапхана саласының міндетті және ажырамас құрамдас бөлігі. Тарихи дереккөздерді қол жетімді ету үшін түркі елдерінің мұрағаттарын өзара ашық ету, оның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құру қолжазба және сирек кітаптармен алмасу саласындағы жарқын оқиға болары анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға