Қазақстандықтарға қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім киюге болмайтыны тағы бір мәрте ескертілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін мұндай талапты бұзған 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ведомство бұл шектеу қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізілгенін айтып отыр.
Қандай киімдерге тыйым салынған
2025 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киім киюге ресми түрде тыйым салынды. Заңға сәйкес, адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін кез келген киім түрі шектеуге жатады.
Олардың қатарында:
- балаклава;
- бетті толық жабатын маскалар;
- никаб;
- адамның түрін тануға мүмкіндік бермейтін өзге де киімдер бар.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, мұндай талап қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет. Әсіресе бейнебақылау камералары арқылы азаматтарды жылдам анықтау мәселесі маңызды екені айтылды.
Бұл тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бетті жауып тұратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын баса айтамыз. Ішкі істер органдары заң мен тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастырады және азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Қандай діни киімдерге рұқсат етіледі
Құқық қорғау органдары бұл өзгеріс діни сенім бостандығын шектеуге бағытталмағанын ерекше атап өтті. Заң бойынша бетті жаппайтын діни киімдерді киюге рұқсат беріледі.
Олардың ішінде:
- хиджаб;
- шейла;
- химар;
- әл-амира сынды киім түрлері бар.
Яғни адамның бет-жүзі ашық болған жағдайда мұндай киімдер заң бұзушылық болып саналмайды.
Заң қандай жағдайда қолданылмайды
Тыйым барлық жағдайға бірдей қатысты емес. Кейбір ерекше жағдайларда бет жабуға рұқсат етіледі.
Атап айтқанда:
- суық ауа райында бетті шарфпен немесе орамалмен жабуға болады;
- медициналық маска тағуға рұқсат;
- өндірісте немесе қызмет барысында қорғаныс құралдарын қолдануға шектеу жоқ;
- спорттық, мәдени-көпшілік іс-шараларда әртістер мен аниматорлар бетін жаба алады.
Заң бұзғандарға қандай жаза қарастырылған
Жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабымен белгіленген.
Егер азамат алғаш рет заң бұзса, оған ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде талапты қайта бұзған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі есеп бойынша бұл – 43 250 теңге.
ІІМ мәліметінше, бүгінгі күнге дейін осы талапты бұзғаны үшін 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.