Қоғамдағы құмар ойын дертіне арналған фильм көрерменге жол тартты

«Игроманка» фильмі 15 мамырдан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Күні кеше Астанада фильмнің жабық көрсетілімі өтті, ал Алматыдағы премьерасы бүгін өтпек.
Сурет: Ажар Лаубаева
«Игроманка» — ойынқұмарлыққа қарсы күресті басты тақырып еткен терең әлеуметтік драма. Фильм орта жастағы қазақ әйелі Жұлдыздың тағдырын баяндайды. Лудомания салдарынан өмірі біржола бұзылып, ол мансабынан, отбасынан және өзіне деген сенімінен айырылады. Дегенмен ойынға тәуелділігін мойындап, сауығу жолындағы алғашқы қадамын жасайды.
Бұл жоба қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін көтереді. Бейресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 500 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді. Бұл көрсеткіш тек көмек сұрауға батылы жеткен адамдарды қамтиды, ал нақты саны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Фильмнің жұмыс процесі терең зерттеуден басталды. Продюсерлер шынайы оқиғаларды жинақтап, бұрын құмар ойындарға тәуелді болған адамдармен сұхбаттасып, кәсіби психологтермен кеңесті. Осы тәжірибелер сценарийдің негізін құрап, кейіпкерлердің образын қалыптастыруға септігін тигізді.
Көпшілік лудоманияны тек ер адамдарға тән дерт деп есептейді, бірақ зерттеулер әйелдердің де осы кеселден зардап шегетінін көрсетеді. Эмоцияға бейім әрі балалармен тығыз қарым-қатынаста болатын әйелдер үшін бұл дерттің салдары ауыр болуы мүмкін. Психологтар менталитет пен дәстүрлі көзқарастардың әйелдерге өз мәселесін ашық мойындауға кедергі келтіретінін айтады. Сол себепті фильм авторлары басты кейіпкер ретінде әйелді таңдап, лудомания тақырыбын басқа қырынан көрсетуге шешім қабылдады.
Түсірілім жұмыстары Астана қаласында және Ақмола облысының көрікті Бурабай мен Үрімқай ауылдарында өтті. Табиғат көріністері кейіпкердің ішкі күйзелісін бейнелеп, фильмнің эмоционалдық тереңдігін арттырды.
Фильмде танымал актерлермен қатар жаңа есімдер де бар. Басты рөлді Қазақстанда туып, қазір Германияда тұратын актриса Гузель Жан сомдады. Ол рөліне алты ай бойы дайындалғанын атап өтті.
Сурет: Ажар Лаубаева
Жұлдыздың рөлін сомдау үшін психологтармен жұмыс істедім. Маған оны ойнау оңайға не қиынға соқты деп айта алмаймын. Бірақ бұл кейіпкермен біздің ұқсас қырларымыз көп. Мінезіміз сәйкес келеді, — деді Гузель Жан.
Сонымен қатар, фильмде Жалғас Жанғазин, Бахтияр Қожа, Алтынай Нөгербек, Лейло Бекназар, Саят Мерекенов, Жан Байжанбаев, Еркен Губашев, Сырым Қашқабаев сияқты актерлер де көрінеді.
Фильмнің продюсерлері — Ардақ Қасымбек, Дана Мұтырғанова және Әсел Сағи. Режиссері — Алдияр Байракимов, қоюшы-операторы — Азамат Жанабеков.
Бұл фильм көркем туындыдан гөрі шынайы тағдырлардың көрінісі. Біз лудоманиямен күрескен адамдардың оқиғаларын тыңдап, осы мәселеге терең үңілдік. Команда мүшелерінің бірі тіпті сауығу жолын түсіну үшін реабилитациялық бағдарламаның алғашқы кезеңінен өтті. Біздің мақсатымыз — көрермен фильмді көріп қана қоймай, үміттің бар екенін сезінсе дейміз. Егер бұл фильм біреудің өмірін өзгертуге көмектессе, мақсатымыздың орындалғаны, — деп атап өтті фильмнің продюсерлері.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен PROTALENT кинокомпаниясының түсірілімімен жүзеге асты. Қазақстанда соңғы жылдары ойынға тәуелділік тақырыбы жиі көтерілуде. 2024 жылдың шілде айында лудоманиямен күреске арналған заңға қол қойылды, бұл қадам «Игроманка» фильмін одан да өзекті етті.
