Белгілі қоғам қайраткері және саясаткер Бақыт Түменова өмірден өтті. Қайғылы хабарды Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
«Бақыт Түменованың дүниеден озғаны туралы суық хабар келіп жетті... Жаратқан ием жанын жәннатта етсін! Ол еркіндік ұғымына деген көзқарасы берік, қайсар тұлға еді.
"Қазақстанның Демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы құрылған күннен бастап Павлодар облысындағы мемлекеттік қызметтен кетіп, оппозициялық қозғалысқа қосылған болатын, – деп жазды депутат.
Бақыт Түменова әр жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарған. Ол Семей облысы әкімдігі аппаратының басшысы, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі қызметтерін атқарды.
2001 жылдан бастап ҚДТ қозғалысының ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. 2003–2007 жылдары “Алға” және “Алға, ДВК” партиялары аппаратының басшысы болып, президиум мүшесі ретінде жұмыс істеді. Алайда партияны ресми тіркеу мүмкін болмағандықтан, саяси ұйым құру әрекеті тоқтаған.
Соған қарамастан, Бақыт Ниязбекқызы өз ұстанымынан таймай, “Аман-саулық” атты үкіметтік емес ұйымды құрды. Өмірінің соңына дейін, яғни 19 жыл бойы осы ұйымды басқарды.
Бұл алтын адамның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жаны жәннатта болсын, – деп түйіндеді Ермурат Бапи.