Жаңалықтар

ҚМГ комиссия "Өзенмұнайгаз" АҚ-нан 160 бұзушылық жағдайын анықтады

ҚМГ комиссия "Өзенмұнайгаз" АҚ-нан 160 бұзушылық жағдайын анықтады
Фото: ҚМГ 03.06.2023 14:20 665

ҚМГ-нің Жаңаөзендегі арнайы жұмыс тобы жүргізіп жатқан тексеріс жөнінде мәлімдеме жасап, 160 бұзушылық жағдайының анықталғанын атады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазір Жаңаөзен қаласында ҚМГ арнайы жұмыс тобы тексеріс жүргізуді жалғастырып жатыр. Сәуір айынан бері 55 шаруашылық қызмет нысаны, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың (ӨМГ) 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, 8 мұнай сервис ұйымы мен 30 басқа да мердігер ұйымның қызметі талданған.

Нәтижесінде ӨМГ-нің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру кезінде алдын ала 160 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталып отыр.\

Оның ішінде 7 дерек бойынша ҚР заңнамасына сай шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Тағы 10 дерек бойынша қызметтік тергеу жүріп жатса, 101 жайт бойынша жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылатын болады, деп жазылған ҚМГ таратқан мәліметте. 

Құқық бұзушылық фактілерінің салдарынан келтірілген шығын сомасы процессуалды және регламенттеуші іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталмақ.

Біз құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істеп, заңға қайшы анықталған әрекеттер жайлы дер кезінде хабарлап отырмыз. Бұдан әрі олар тергеу жүргізіп, өзге іс-шараларды қолға алады. Солардың біріне кеше Экономикалық тергеу департаментінің «Өзенмұнайгаз» бас директорының орынбасарын ұстау фактісі де жатады. Комиссияның жұмысы әлі аяқталмады, көптеген дерек бойынша қызметтік тергеулер жүріп жатыр, - деді арнайы жұмыс тобының жетекшісі, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға