Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды марқұмды еске алу үшін ұйымдастырылатын асқа қарыз алып, несие рәсімдемеуге шақырды.
Оның айтуынша, ас берудің басты мақсаты – байлықты көрсету емес, марқұмның рухына Құран бағыштап, дұға жасау және жақындарына қолдау білдіру.
Бұл туралы ҚМДБ-ның 6 қарашада жарияланған үндеуінде айтылды.
Бас мүфти соңғы жылдары кейбір отбасылардың ас беру рәсімін үлкен тоймен теңестіріп, шамадан тыс шығынға бататынын атап өтті.
«Ысырапшылдыққа қатысты мәселелердің бірі – ас беру дастарқандарының той дастарқандарынан кем түспейтін деңгейге жетуі», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның сөзінше, ауқатты отбасылардың мал сойып, мол дастарқан жаюы тұрмысы төмен және орташа отбасыларға да әсер етеді. Соның салдарынан кейбір азаматтар елден қалмау үшін қарыз алып, кейін қаржылық қиындықтарға тап болады.
«Ауқатты отбасылар ас беру кезінде ірі қара сойып, құрбандық шалса, тұрмысы төмен және орташа отбасылардың да олардан қалғысы келмейтіні түсінікті. Соның нәтижесінде марқұм алдындағы парызын орындауға асығып, өзгелерден қарыз алатындар да кездеседі. Кейін олар қарызға батып, үлкен шығынға ұшырайды», – деп түсіндірді Бас мүфти.
ҚМДБ мұндай ысырапшылдықтан бас тартуға бұған дейін де шақырған. 2025 жылдың мамыр айында Астанада өткен имамдардың VI республикалық форумында ас беру тәртібі мен дастарқан мәзіріне қатысты арнайы құжат қабылданды.
Құжатта қарапайымдылықты сақтау, ысырапқа жол бермеу, бәсекелестіктен бас тарту және ас берудің рухани мәніне назар аудару қағидалары қамтылған.
Форумнан кейін «Астана» телеарнасы ас беру дастарқанына шай, нан, бір ыстық тағам, май, жарма және тәттілер ұсыну жеткілікті екені туралы жазды. Бұл ұсыныстар ас беруге тыйым салуды емес, оның көлемін отбасының қаржылық мүмкіндігіне қарай шектеуді көздейді.
ҚМДБ өкілдері ас берудің негізгі мәні дастарқанның молдығында емес, марқұмды еске алып, рухына дұға бағыштауда екенін еске салды.
«Ас берудің басты мақсаты – отбасының дәулетін көрсету емес, көпшілік болып жиналып, Құран оқып, марқұмға дұға жасау және Алла Тағаладан оның күнәларын кешіруін тілеу», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Діни басқарма қазақстандықтарды қоғамдық пікір мен бәсекеге ермей, ас беру кезінде отбасының қаржылық жағдайын ескеруге шақырып отыр.