Жаңалықтар

Қиын күндер тарих еншісінде қалды - полковник

Қиын күндер тарих еншісінде қалды - полковник
Фото: Жеке мұрағат 16.12.2022 17:00 1757

Өткен 31 жыл тарих хронологиясы бойынша көп жыл емес. Бірақ бұл біздің Тәуелсіздігіміздің айқын бейнесі.

Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық деп білетін кейіпкеріміз Алматы қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №5571 әскери бөлімінің командирі, полковник Бақдаулет Оспанбеков егемендікке қалай қол жеткізгенімізді жақсы біледі.

«1991 жылы жаңа қадам басқан ел бүгін орда бұзар жасқа келді. Содан бері мемлекет қаншама қиын қыстау күндерді басынан өткерді. Бүгінде  шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейтті. Медицинасы дамыған, экономикалық ахуалы қалыпты, техникасы жетілген қазіргі Тәуелсіз Қазақстанға айналды», – дейді кейіпкеріміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін сынақтарға толы болғанын еске алды.

«КСРО ыдыраған сәттен өнеркәсіп орындары тоқтап, совхоз-колхоздар тарап, мемлекеттік ғимараттар бос қалды. Қоғамдық ахуал нашарлай түсті. Экономикалық құлдыраудың нәтижесінде халықтың күнкөріс деңгейі төмендеді. Ескі істен шыққан медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі салдарынан халықтың өмір сүру ұзақтығы мен халық саны азая түсті. Соған байланысты қылмыстық топтар құрылып, қоғамдық тәртіп күйреді. Дегенмен де, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің арқасында ол күндер тарих еншісінде қалды. Елбасымыз өз кезегінде уақытылы қабылданған реформалар мен заңдық нормалар нәтижесінде мемлекетті құлдыраудан шығарды. Президентіміздің оңтайлы шешімдерінің бірі – «Ішкі әскерді» құру болатын. Яғни «Ұлттық ұлан» әскері. Сол арқылы жас мемлекетіміздің аяқтан нық тұруына, дамыған мемлекеттер қатарына ілесуіне қолдау көрсететін, елдің ішкі тәртібіне жауап беріп қорған болатын әскери күш жасақтады», – дейді командир.

Тәуелсіздікке қол жеткізу қаншалықты қиын болса, оны сақтап болашақ ұрпаққа жеткізу одан да қиын.

«Мұны ұғынған Елбасымыз шет елдермен достық қарым-қатынас орнатып, БҰҰ, ТМД, Еуропа Ынтымақтастық Ұйымына мүше болды. Көрші елдермен сауда қарым-қатынас орнатты. Мемлекеттің құндылықтарын айқындап даму жолына қадам басты», – деп тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта елімізбен бірге Ұлттық ұланда күн өткен сайын қарқынды түрде даму үстінде. Полковник заманауи талаптарға сай тактикалар мен техникаларын жаһандандырып, көрші мемлекеттермен тәжірибе алмасып әскердің күш-қуатын жоғарылатуда екенін айтты.

«Оған осы жылдың 7-ші қазанда өткен «Взаимодействие-2022» жедел тактикалық оқу жаттығуларында көрсеткен шеберлігі дәлел. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өте жоғары деңгейде бағалап, еліміздің ішкі тыныштығына жауап беретін Ұландықтарға сенімін білдірді», – дейді Алматы қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №5571 әскери бөлімінің командирі, полковник Бақдаулет Оспанбеков.

Сөз соңында кейіпкеріміз еліміз жылдан жылға көркейіп, қуатты елге одан да әрі бірлігі бекем, рухымыз нық, еңсеміз тік болып, бұдан да биік асуларға жетуге жазсын, деп ақжарма тілегін де білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға