Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының форумы өтті

ҚазҰУ-да Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының форумы өтті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі 15.10.2023 11:48 522
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Қытай-Орталық Азияның жоғары білім беру саласындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» атты ынтымақтастық форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ауқымды шараға ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, шетел дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекеме басшылары, ҚХР және Орталық Азия жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.
 
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтау хатта: «Төртінші өнеркәсіптік революция: Индустрия мен білім интеграциясы» форумы білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін академиялық әлем мен өндіріс арасындағы көпірге айналады. Қытай мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары форумы өнеркәсіп пен білім интеграциясы үшін өзара байланыс құруға, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп сенемін», - деп жазылған.
 
Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
Цифрлық әлем дәуірінде университеттер инновациялар мен технологияларды дамыту мен қолдануда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта қазақстандық жоғары оқу орындары білім және ғылыми-инновациялық процеске инновациялық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. ҚазҰУ-да өтіп жатқан форум Қытай және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының тығыз қарым-қатынас орнауына және нығаюына үлкен сеп болатыны сөзсіз. Сонымен қатар университеттер арасында оқытушылар мен студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ шара барысында Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо: «Қазір технологияның дамыған уақыты. Ғылым саласы күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар шығып жатыр. Сол себепті Қытай және Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындары бірлесіп, болып жатқан өзгерістерді тез меңгеріп, заман ағымымен бірге жүруіміз қажет. Елдеріміз достық қарым-қатынаста. Бәріміздің мақсатымыз бір. Қазіргі таңда біздер ғылым және білім саласы бойынша өзгерістерге бейімделуіміз керек», - деп өз ойын ортаға салды. Форум қорытындысы бойынша «Almaty» Консенсусына қол қойылып, келесі төрағалық етуші ЖОО анықталды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға