Жаңалықтар

Қажыларға қиянат жасады. ҚМДБ мен қажылық компаниясы кінәні бір-біріне сілтейді

Қажыларға қиянат жасады. ҚМДБ мен қажылық компаниясы кінәні бір-біріне сілтейді
Фото: Видеодан кадр 29.06.2023 12:25 1810

ZamZam Qazaqstan қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылыққа аттанған Қазақстанның 380 азаматына берілген виза құжаты жалған болып шықты. Жалған құжатпен барған азаматтар қамауға алынған еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қажылыққа кеткен ата-аналарын іздеген қазақстандықтар бұл мәселенің өте шикі екенін айтады. Яғни, турферма басшысы ҚМБД-ны кінәлайды. Гулжохон Юнусованың ата-анасы Алматы-Шарджа, Шарджа-Эр-ряд, сосын Эр-ряд Джида, Джида-Меккеге барған. Екі күн байланыс аясынан тыс жерде болған.

Әуежайдан визасы жоқ адамды қалай өткізіп жібергенін өзім де түсінбей қалдым. Мен шу шығарамын дегенде олар күлді. Сөздеріне қарасаң, жоғарыда тіреулері мықты секілді.  Жалпы, 380 Қазақстан азаматы осындай жағдайға тап болып отыр. Кейбірін депортация жасады, кейбірін қамауда ұстап отыр. Компания қызметкерлерінің бұл істен хабары болмаған тәрізді. Менеджер, гидтің әрекетінен соны байқадым, - дейді кейіпкер qaz365.kz-ке берген сұхбатында.

Оның айтуынша, уәде етілген қонақ үй жоқ. Консул жылдам елге қайту керек екенін айтқан. Егер ұстап алса, түрмеге отырғызып тастайтынын ескерткен.

Данияр (Компания директоры Данияр Илиев) мазақ қылып жүр. Құқық қорғау органдарына хабарлас деп кекетеді. Бірақ қазір арыз жазбай жүргенім, Меккеде жүргеннің бәрін қамап тастайды деп қорқамын. Сондықтан әліптің артын бағып отырмыз», - дейді Гулжохон Юнусова.

Аталған мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады.

Басқарма дерегінше, бұған дейін «Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы – Zam Zam store) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, сондықтан аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған болатын. Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген.

Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тиылмай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуда, - делінген мәлімдемеде.

Діни басқармаға жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа  апарған «Zam-Zam Qazaqstan» директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар толассыз келіп түсуде.

Құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданатынына сенімді екенін атап өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге салады, - деп мәлімдеді басқармадан.

Сонымен қатар «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан «Zam-Zam Qazaqstan» (Zam Zam store)  компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінін жеткізді.

Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады, - дейді ҚМДБ.

Айта кетейік, Zamzam store Qazaqstan компаниясы арқылы қажылыққа атанып, жалған визаға алданып қалған 380 адамның жақындары жан-жақтан көмек сұрап жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға