QAZCONTENT түркі ақпарат агенттіктерінің халықаралық фотобайқауында бірінші орын алды

QAZCONTENT түркі ақпарат агенттіктерінің халықаралық фотобайқауында бірінші орын алды
Фото: El.kz

Қазақстандық QAZCONTENT АҚ халықаралық Түркі жаңалықтар агенттіктері альянсының (АТНА) түркі елдерінің мәдениеті мен туризміне арналған фотобайқауында жеңімпаз атанды. Фотограф Арман Мұхатовтың «Қазақ жігіттер» атты туындысы 28 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар қазақстандық агенттіктің тағы бір фотосуреті жүлделі үштіктен көрінді.

QAZCONTENT-ке жеңіс әкелген фотосурет 2024 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстанда өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде түсірілген. Кадрда көкпар додасының қызу сәті бейнеленген: екі шабандоз серкенің тушасы үшін тартысып жатыр. Фотограф дәстүрлі ат спортының динамикасын, қатысушылардың күш-жігері мен шеберлігін шебер жеткізген.

Бірінші орынды 28 ұпаймен Түркияның Anadolu Agency агенттігінің «Венгрияда Еуропадағы ең ірі «Құрылтай» фестивалі жалғасып жатыр» атты фотосуреті де бөлісті.

Екінші орынға 24 ұпайдан жинаған үш фотосурет ие болды. Олардың қатарында Әзербайжанның AZƏRTAC агенттігінің «Наурыз бояулары» атты жұмысы және Anadolu Agency агенттігінің екі туындысы – «Ақтаудағы Түркі әлемі әйелдері мен сәнінің VIII күндері» және «Дәстүрлі мәдениеттер тоғысқан мекен» фотосуреттері бар.

Үшінші орынға 23 ұпай жинаған QAZCONTENT фотографы Артем Чурсиновтың «Қазақ қызы» атты жұмысы ие болды. Бұл фотосурет те 2024 жылғы 8 қыркүйекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде түсірілген.

Кадрдың басты кейіпкері – қазақтың ұлттық киімін киген қыз. Автор кең бұрышты объективті пайдаланып, оның бейнесімен қатар мерекенің жалпы атмосферасын, артқы пландағы қатысушылар мен қонақтарды да қамтыған.

Түркі жаңалықтар агенттіктері альянсының фотобайқауы түркі елдерінің мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрлерін, тарихи ескерткіштерін, сәулетін, фестивальдері мен туристік көрікті жерлерін насихаттауға арналған.

Байқау шарты бойынша әр агенттік екіден беске дейін фотосурет ұсына алды. Жұмыстарды АТНА-ға мүше агенттіктердің өкілдері тоғыз балдық жүйе бойынша бағалады. Бұл ретте қатысушыларға өз агенттігінің фотосуреттеріне дауыс беруге тыйым салынды.

Жеңімпаздарды анықтау кезінде кадрдың бірегейлігі, көркемдік ерекшелігі, техникалық сапасы, мәдени және ақпараттық маңыздылығы ескерілді.

Осылайша, QAZCONTENT ұсынған екі фотосурет те жүлделі орындарға ие болды. «Қазақ жігіттер» байқаудың жеңімпаздарының бірі атанса, «Қазақ қызы» үшінші орынға тұрақтады.

Оқи отырыңыз