Жаңалықтар

«QazBioPharm» бас директоры Ерғали Абдураимов: Ғалымдарымыз 26 патентке ие болды

«QazBioPharm» бас директоры Ерғали Абдураимов: Ғалымдарымыз 26 патентке ие болды
Фото: «QazBioPharm» 01.02.2024 18:00 10278

Пандемия кезінде отандық вакцина шығарып, COVID-19 вирусына төтеп беру қаншама ғалымның ізденісі мен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Осы орайда El.kz тілшісі «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының Бас директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерғали Абдураимовпен сұхбаттасып, биологиялық қауіпсіздік саласында атқаралып жатқан жұмыстар туралы сұрады.

El.kz: «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ құрудың негізгі миссиясы мен мақсаты қандай? Елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде холдингтің алдында қандай нақты міндеттер тұр?

Ерғали Абдураимов: Соңғы уақытта жаңадан таралған алған қауіп тудыратын вирустардың көп таралуына байланысты биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамыздың мақсатымызға айналды. Атап айтқанда, жер жаһанды қамтыған COVID-19 пандемиясы кезінде әрбір адам өте күрделі жағдаймен бетпе бет келді. Соңғы кезде аталмыш пандемияны «үшінші дүниежүзілік соғыспен» салыстырып жатыр. Бұл кездейсоқ емес, себебі жаңа індеттің кесірінен миллиондаған адамдар туған-туысынан айырылды, ел экономикасы мен қоғамға айтарлықтай зиян тигізді. Вирустың өте жылдам таралуы мен даму процесі жекелеген салаларды дағдарысқа ұшыратты. Денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктер мен әлсіз тұстарды айқындап берді. Жұқпалы дерт таралғанда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі проблемаларын анықтады, вирустық инфекциямен күресу үшін ең тиімді шараларды қабылдау керектігін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, пандемия адамзаттың әдеттегі өмір салтын күрт өзгертті.

Бүкіл әлем мұндай қауіпті індеттің шекарадан асып, ел мен жерді таңдамайтынына куә болды. Сондықтан да биологиялық қауіпсіздік бірінші орынға шықты. Халықаралық және жаһандық ынтымақтастық орнатуды қолға алдық.

Аса қауіпті формадағы жұқпалы дерттерге болжам жасау, алдын ала сақтанып, емдейтін әдістерге кешенді зерттеулерді жүйелеу мен инновациялық әзірлемелерді өндіріске енгізудің маңыздылығын арттырды. Осыған орай басқа елдер сияқты  Қазақстан Республикасы да биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-өндірісті дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және ғалымдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлді. Тиісінше, еліміздегі биофармацевтикалық саланың ғылыми-өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 20 желтоқсанындағы №910 қаулысы негізінде «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы құрылды. Холдингтің құрамына 8 ғылыми-зерттеу және өндірістік мекемелер кіреді.

Компанияның негізгі мақсаты – биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биофармацевтикалық нарықтың инфрақұрылымын орнықты дамыту және оңтайландыру, биофармацевтикадағы ғылым мен өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімге қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жарғылық капиталдарына мемлекеттік қатысу үлестері Холдингтің иелік етуі мен пайдалануына берілетін заңды тұлғаларды тиімді басқару жатады.

Холдингтің еншілес мекемелері бұрын әрқайсысы бөлек зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді, соған сәйкес әр мекеменің ғылыми-өндірістік бағытта жетістігі мен кемшілігі болды. Ұйым ретінде  жұмыс істеуді бастаған соң, компанияға қарасты мекемелердің кадрлық ресурстар мен инфрақұрылымды тиімді пайдалана отырып зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуге, бір мақсатқа бірлесе жұмыс істеуге және алынған нәтижелерді өндіріске енгізуге мүмкіндік туып отыр.

El.kz: Көп мәселелердің оңтайлы шешілуінде кадрлардың атқаратын рөлі жоғары, осы тұрғыда биологиялық қауіпсіздікке жауапты мекемелерде кадрларға қажеттілік бар ма?

Ерғали Абдураимов: Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы Заңға сәйкес негізгі биологиялық қатерлерге мамандардың біліктілігінің төмендігі және биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрлардың жетіспеушілігі жатады. Осы саладағы кадрларға тапшылық және оларды даярлау мәселесі өте өзекті.

Мысалы, Холдингтің еншілес мекелемерінде кадрлар қажет, оның ішінде биотехнология, ветеринария, вирусология, биология, химия, молекулалық генетика мамандықтары бойынша PhD докторлар, магистрлер және білікті мамандар жетіспейді.

Сондықтан, Холдинг мамандар дайындау және бар мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында салалық органдар және ЖОО бірлесіп белсенді жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, 2023 жылы 108 маман біліктілігін арттырудан өтті (ДДҰ мен Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қолдайтын Global Training Hub for Biomanufacturing бағдарламасы шеңберінде – 25 адам, өз қаражаты есебінен – 41 және басқа бағдарламалар бойынша – 42). 2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің 005 бағдарламасы бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында Холдингтің 14 маманының кәсіби біліктілігін арттыру жоспарлануда. Еншілес ұйымның тренингтік орталығы базасында 198 маман биологиялық қауіпсіздік саласындағы біліктілікті арттыру бойынша оқытудан өтті.

Сондай-ақ Холдинг Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстандағы Медициналық Университеттермен бірлесе маман дайындау, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келіп жатыр. Жалпы кадрлық мәселе бірте-бірте шешімін табады деп ойлаймын.

El.kz: QazVac вакцинасын әзірлеу, өндіріске енгізу және өндіру үшін Холдинг мемлекеттік органдармен және медициналық қоғамдастықпен өзара қалай іс-қимыл жасайды?  Холдингтің жаңа вакциналарды әзірлеу және қолданыстағы вакциналарды жетілдіру саласындағы перспективалары мен жоспарлары қандай? Биофармацевтикалық өнімдерді өндіруде басшылыққа алатын негізгі принциптер мен стандарттар қандай?

Ерғали Абдураимов: «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ ұйымдастыруымен 2023 жылдың 29 мамырында Астанада «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы өтті. Форумға бірқатар мемлекеттік органдардың алғашқы басшылары, Парламент депутаттары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жетекші ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдері қатысты.

Форум кезінде коронавирус пандемиясымен күрестегі Қазақстан Республикасының тәжірибесі, биологиялық қауіпсіздіктің маңызын арттырып, үкіметтік және өзге де органдар мен ғылыми ұйымдардың тиімді қызметі, биологиялық қауіптерге жоспарлы дайындық жасау мен болжаудағы тетіктер мен стратегиялар, аса қауіпті вирустарға төтеп беретін жаңа препараттар мен құралдарды әзірлеу жөніндегі озық технологиялар талқыланды.

Осы форум аясында Ұлттық ғылым академиясының экс-президенті Күнсұлу Закарияның бастамасымен жарыққа шыққан «QazVac: Тайталас» деректі публицистикалық кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл оқулықта екпелердің адам өміріндегі маңыздылығы, қалай дайындалатыны, клиникалық сынақтар, ресми сертификат алу және екпелерді шығару процесі егжей-тегжейлі сипатталған. Сонымен қатар, вакцина шығаратын еліміздегі алғашқы зауыттың қалай  салынғаны баяндалған. Қазақстан отандық вакцинасын шығарған әлемдегі 5-ші мемлекет екенін атап өткен жөн. Заманауи әдістерді негізге ала отырып, екпе шығару ісі жолға қойылды. Аталмыш салада ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері жан-жақты сараптамадан өткенін және халықаралық беделді ғылыми басылымдарда жарияланғанын мақтанышпен айта аламыз.  Бүгінгі таңда QazVac екпесі 5 миллионнан астам адамға егілді, биылғы 2024 жылы да ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша вакцинаны қосымша өндіру көзделіп отыр.

Холдингте болашақта биофармацевтикалық өнімдерді әзірлеу мен өндіруде заманауи технологиялар мен халықаралық талаптарға сай келетін стандарттарды негізге алатын болады. Дегенмен, әрбір жаңа препаратты әзірлеудің өзіндік жоспары, әдістемесі, принциптері мен мен стандарттары болады,сондай-ақ кез-келген вакцина белгілі бір ғылыми жобаның және ғылыми-техникалық бағдарламаның негізінде әзірленеді. Бұл бағытта бізде кешенді зерттеулер жүргізіліп жатыр, нәтижесін уақытында білетін боламыз.

El.kz: Биофармацевтика саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәуекелдерді азайту үшін қандай нақты шаралар қажет?

Ерғали Абдураимов: Биофармацевтика саласы дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және ветеринарияға қажетті өнімдерді дайындау мен өндіруді қамтиды. Осы саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәуекелдерді азайту, одан бөлек, қоғамдық денсаулықты сақтау және фармацевтика өнеркәсібінің тұтастығын сақтау үшін әдетте қабылданатын нақты шаралар бар, оның ішінде биофармацевтикалық өнімнің сапасын, қауіпсіздігін және тиімділігін қамтамасыз ету үшін GMP және GLP сияқты қатаң ережелер мен стандарттарды сақтау, мамандардың біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды дамытып, инновациялық тәсілдерді енгізу керек.

Биологиялық қауіптердің алдын алу және оларды болдырмау мақсатында, ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтаумен қатар, уақтылы алдын алу шараларын, атап айтқанда, биологиялық қауіптерді ерте анықтау (экспресс-диагностикалау) әдістемелерін әзірлеу және жетілдіру қажет.

El.kz: «QazBioPharm»-ның ғылыми қызметі, оның стратегиялық мақсаттары мен бағыттары және алынған нәтижелер биофармацевтика саласында қандай рөл атқарады?

Ерғали Абдураимов: Қазіргі уақытта отандық ғалымдар негізінен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссиямен бекітілген ғылымның басым бағыттары бойынша зерттеулер жүргізеді, тиісінше біздің мекемеге қарасты ұйымдар бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру шеңберінде түрлі конкурстарға қатысып өтінім береді. Олар бекітілген ереже бойынша мониторингтен өтіп, байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз болып танылғандар ғылыми жобалар мен бағдарламалар ретінде өз жобасын жүзеге асырады. Жалпы алғанда акционерлік қоғамға қарайтын мекемелер ғылым бағыттары бойынша жұмыс атқарады:  «Өмір және денсаулық туралы ғылым», «Агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі», «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс, биологиялық қауіпсіздік» сияқты аталған бағыттарға басымдық беріледі, ғылыми жаңалықтар ашылады.  Қазіргі уақытта Холдингтің сегіз ұйымында гранттық қаржыландыру шеңберінде 60-қа жуық ғылыми жоба, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде 3 ғылыми-техникалық бағдарлама орындалып жатыр.

Атап айтуымыз керек, ұлттық ұйымның меншігіндегі ұйымдар ғылыми қызметін тек денсаулық сақтау немесе биофармацевтика саласымен ғана шектеп қоймай, экология, ауыл шаруашылығы және ветеринария, биотехнология салаларының мәселелерін ғылыми негізде шешуге тырысады. Яғни, көптеген бағыттар бойынша дәстүрлі және заманауи әдістемелер негізінде халықаралық талаптарға сай келетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Холдингтің ғылыми қызметінің биофармацевтика саласындағы негізгі рөлі еншілес ұйымдардың ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру, ғылыми әзірлемелері мен өнертабыстарын одан әрі өндіріске енгізу болып табылады.

El.kz: Холдингтің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері қаншалықты халықаралық талаптарға сай келеді, және олардың дұрыстығы қалай дәлелденеді, мысалы Халықаралық ғылыми журналдарда жариялануы және патенттердің алыну белсенділгі қандай деңгейде?

Ерғали Абдураимов: Соңғы кездері жалпы әлемге әйгілі ғылыми қауымдастықтар ғылыми жұмыстардың нәтижелілігін, ғылыми-мекемелер мен ғалымдардың әлеуетін – осы халықаралық базаларда жарияланған мақалалар санымен бағалайтын үрдіс қалыптасты. Біздің ғалымдар да 2020-2022 жылдары Clarivate Analytics мәліметтер базасы бойынша 1-ші, 2-ші және 3-ші квартильдерге жататын халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 200-ге жуық ғылыми мақалаларды жариялады. Ал, 2023 жылы ғалымдарымыз халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 80-нен астам мақала жариялады, 4 монография шығарды, сондай-ақ 26 патентке ие болды.

Ғалымдар ойлап тапқан тың технологиялары мен ғылыми жаңалықтарын патенттермен қорғады. Осылайша бүгінгі жетістігіміз –  холдингтің еншілес ұйымдарындағы зияткерлік объектілердің жалпы саны 1169-ға жетті. Оның ішінде 145 жарамды патент болып табылады.

Жалпы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін халықаралық журналдарда жариялау және патенттер алу үздіксіз жүріп отыратын процесс.

El.kz: Холдингтің ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыру және оларды қоғамда қолжетімді өнімдерге айналдырудағы рөлі туралы айтып берсеңіз?

Ерғали Абдураимов: Біздің алға қойған мақсаттарымыздың бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін тек мақала немесе патент күйінде ғана қалдырмай, нақты іс жүзінде қоғамның қажеттілігіне жарату, яғни өндіріске енгізу. Қазіргі уақытта Холдингтің еншілес мекемелерінің Денсаулық сақтау мен ветеринариялық бағытқа арналған 90 түрлі өнімі барлық этаптан өтіп, арнаулы тіркеу куәлігі алынды, оның ішінде дәрілік заттардың 3 түрі, медициналық мақсаттағы бұйымдардың 36 түрі, вакциналардың 43 түрі, дәрілік заттар, диагностикалық және ветеринариялық мақсаттағы жемшөп қоспалары, пробиотиктердің 6 түрі және пестицидтердің 2 түрі тіркелді.

Холдингтің еншілес мекемелерінде денсаулық сақтау саласына арналған екпелердің екі түрі, дәрілік мақсаттағы бұйымдардың 35 түрі, ветеринарияға арналған екпенің 10 түрі және 10-ға жуық диагностикум шығарылады.

Болашақта Холдинг мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімдерге деген сұранысын қанағаттандыру үшін шығарылатын препараттар мен олардың көлемін көбейтуді мақсат етті. Бұл үшін бізде патенттелген және енгізуге дайын әртүрлі ғылыми әзірлемелер бар.

El.kz: Болашақта қандай биологиялық қауіптер болуы мүмкін және біз оған дайынбыз ба?

Ерғали Абдураимов: Тіршілік болған жерде аса қауіпті індеттер болады. Мысалы 2023 жылдың 23 мамырында Женевада өткен жыл сайынғы ассамблеяда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері адамзатқа COVID-тен де зиянды жаңа пандемия қаупі бар екенін баяндады. Демек, болашақта біз кез-келген қауіпке қарсы тұруға дайын болуға тиіспіз. Биологиялық қауіптердің алдын алу үшін инновациялық тәсілдерді енгізу өзекті болып табылады. Біз COVID-19 пандемиясынан қандай сабақ алдық және болашақта болатын жаңа биологиялық қатерлерден қорғану үшін қандай нақты қадамдар қажет деген сұрақты «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты әлемнің әр түкпірінен келген сарапшылар талқыға салды. Аса қауіпті биологиялық қатердің алдын алу мәселерін біздің мамандар басты назарда ұстап, қауіпсіздік талаптарын үнемі жетілдіріліп отырады.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға