Қазақтың ұлттық бас киімдерін түсірген фотограф Vogue назарына қалай ілікті?

Қазақтың ұлттық бас киімдерін түсірген фотограф Vogue назарына қалай ілікті?
Фото: El.kz коллажы

Ақтаулық фотограф Адам Шаповаловтың Наурыз мерекесінде түсірген суреттері италиялық Vogue журналының PhotoVogue платформасында жарияланды. Ұлттық киім киген адамдардың жүзін көрсетпей, олардың бас киімдері мен әшекейлерін ерекше ракурстан түсірген фотографтың жұмыстары шетелдік редакторлардың назарын аударған. Бір қызығы, Адам бұл суреттерді арнайы жоба үшін түсірмеген.

Наурызда түсірілген суреттер Vogue-қа қалай шықты?

Адам Шаповаловтың PhotoVogue платформасында жарияланған фотосериясы Ақтаудағы Наурыз мерекесінде түсірілген. Сол күні қала жағалауында мерекелік іс-шаралар өтіп жатқан. Фотограф әдеттегідей камерасын алып, серуендеуге шыққан.

Бастапқыда оның белгілі бір тақырыпта сурет түсіру жоспары болмаған. Төрт сағатқа жуық уақыт бойы мерекелік көріністерді бақылап жүргенімен, көңілінен шығатын кадр таба алмапты. Кейін ұлттық киім киген қыздың бас киімі мен шаш өріміне назар аударып, оны көк аспан аясында түсірген.

Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов

Осыдан кейін басқа адамдардың да ұлттық бас киімдері мен әшекейлерін суретке түсіре бастаған. Нәтижесінде 11 фотосуреттен тұратын серия пайда болған.

Бұл серияны алдын ала жоспарлаған жоқпын. Адамдардың киіміндегі өрнектер, әшекейлері мен сыртқы бейнесіндегі үйлесім қызықтырды. Сол бөлшектер арқылы қазақтың ұлттық болмысын көрсеткім келді. Маған мерекенің жалпы көрінісінен гөрі мәдениет пен дәстүрді, ұрпақтар арасындағы байланысты білдіретін ерекшеліктер маңызды болды, – дейді фотограф.

Суреттердің басты ерекшелігі – адамдардың бет-әлпеті көрінбейді. Адам олардың киіміне, бас киімдеріне және әшекейлеріне басымдық берген. Мұндай тәсілді таңдауға мереке кезінде жағалауда адамның көп болуы да әсер еткен. Фотограф кадрдағы артық көріністерді азайту үшін төменнен түсіріп, аспанды фон ретінде пайдаланған.

Кейін ол осы сериядағы өзіне ұнаған суреттерді PhotoVogue редакциясына жіберген.

Vogue іріктеуінен өту қиын ба?

Адам Шаповалов 2022 жылдан бері PhotoVogue платформасына жұмыстарын ұсынып келеді. Бұл – әлемге танымал Vogue басылымының фотографтарға арналған онлайн алаңы. Мұнда суреттер редакциялық іріктеуден өткеннен кейін жарияланады.

Фотограф әр дүйсенбі сайын екі жұмыс жіберуді әдетке айналдырған. Алайда оның барлық суреті бірдей қабылдана бермейді. Кейде бір жыл бойы ешбір жұмысы іріктеуден өтпеген кездері де болған.

Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов

Ал Наурыз мерекесінде түсірілген фотосериясы сәтті шыққан. Екі аптаның ішінде төрт фотосуреті редакторлардың мақұлдауына ие болған.

Меніңше, Vogue редакторлары суреттің техникалық сапасымен қатар, оның мазмұны мен өзектілігіне де мән береді. Басылымның ұстанымдарына сәйкестігі де маңызды болуы мүмкін. Қазір Батыс аудиториясы Шығыс елдерінің мәдениетіне, дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктеріне көбірек қызығушылық танытып жүр. Мүмкін, менің жұмыстарымның таңдалуына осы жағдай да әсер еткен шығар, – дейді Адам.

Дегенмен фотограф редакторлардың нақты қандай талаптарға сүйеніп шешім қабылдайтынын білмейді. Себебі PhotoVogue қабылданбаған жұмыстарға қатысты түсініктеме бермейді.

Адам халықаралық басылымдармен қатар, түрлі фотобайқаулар мен көрмелерге де жұмыстарын жіберіп тұрады. Оның айтуынша, мұндай жобаларға қатысу көп дайындықты қажет етеді.

Әр көрменің өз тақырыбы мен талаптары бар. Соған сәйкес суреттерді таңдап, қажетті форматқа келтіру керек. Көптеген өтінімді ағылшын тілінде толтырамыз. Бірақ қанша еңбектенсең де, жұмысыңның қабылданатынына кепілдік жоқ. Соған қарамастан, суреттеріңді адамдарға көрсеткің келсе, мүмкіндіктерді пайдаланып көру керек, – дейді ол.

«Суреттерім арқылы көпшілік әжесін еске алды»

Адамның Наурыз мерекесінде түсірген суреттері әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Әсіресе ұлттық киімдегі әжелердің бейнесі көпшіліктің көңілінен шыққан.

Фотографтың айтуынша, оқырмандар суреттерден өздерінің аналары мен әжелерін еске түсіретін таныс бейнелерді байқаған. Кейбірі балалық шағындағы Наурыз мерекесі туралы естеліктерімен бөліскен.

Бір қызға суреттің төменнен түсірілгені ерекше әсер етіпті. Ол өзін қайтадан кішкентай баладай сезінгенін, Наурыз мерекесінде туыстарына төменнен қарап тұрған сәті есіне түскенін айтты. Ал кейбір адамдар суреттерімнен өмірден өткен жақындарын көргендей болғанын жазды. Осындай пікірлерді оқу мен үшін өте әсерлі болды, – дейді фотограф.

Дегенмен фотосерияның идеясын түсінбегендер де болған. Кейбір қолданушылар адамдардың бет-жүзін көрсетпей түсірудің себебін сұраған.

Біреулер «неге адамдардың мойнын түсіресің?» деп сұрайды. Мен мұны қалыпты қабылдаймын. Өйткені бір суретті әр адам әртүрлі түсінеді. Біреу одан өзіне таныс бейнені көрсе, екіншісі мүлде басқа нәрсені байқайды. Бәрі адамның өмірлік тәжірибесіне, естеліктері мен сезіміне байланысты. Мен үшін суреттерімнің осындай әртүрлі әсер тудырғаны құнды, – дейді ол.

Фотографияға қызығушылығы қалай басталды?

27 жастағы Адам Шаповалов Ресейдің Адыгея Республикасында дүниеге келген. Бала кезінен Ақтауда өсіп, осы қалада білім алған. Мамандығы – электрик.

Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов

Фотографияға шамамен бес жыл бұрын қызыға бастаған. Бұған Маңғыстаудың табиғаты мен өңірге жасаған сапарлары себеп болған.

Алғашында барған жерлерін естелікке сақтап қалу үшін суретке түсірген. Кейін бұл қызығушылығы артып, теңіз жағасында, қала көшелерінде және күнделікті серуен кезінде де камерасын алып жүретін болған.

Фотография өміріме кездейсоқ келді. Біз Маңғыстаудың әртүрлі жерлеріне жиі баратынбыз. Сол сапарлардан естелік қалдырғым келді. Бірте-бірте суретке түсіруге қызығып, камераны үнемі өзіммен алып жүретін болдым. Уақыт өте келе көше фотографиясы өзіме ерекше жақын екенін түсіндім, – дейді Адам.

Қазір ол көбіне қала өмірін, адамдардың күнделікті тіршілігін, Маңғыстаудың табиғаты мен мәдениетін түсіреді. Сонымен қатар ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүрлердің қазіргі өмірде қалай көрініс табатынына қызығушылық танытады.

Фотограф шығармашылық қабілетін дамыту үшін өзге авторлардың жұмыстарын жиі қарайтынын айтады.

Фотографияда көп ізденудің маңызы зор. Басқа фотографтардың жұмыстарын неғұрлым көп қарасаң, өзіңе қандай тақырыптар қызық екенін жақсырақ түсінесің. Бірте-бірте өз қолтаңбаң қалыптасады. Қазір бұрынғы суреттерімді қарап отырсам, мені көбіне қарапайым өмір, Ақтау мен Маңғыстаудың күнделікті тіршілігі қызықтыратынын байқаймын, – дейді ол.

Адам фотографияны әзірге негізгі табыс көзіне айналдырмаған. Ол коммерциялық түсірілімдермен айналыспайды және тапсырыс қабылдамайды. Суретке түсіруді сүйікті ісі ретінде жалғастырып жүр.

«Жақсы сурет түсіру үшін қымбат фотоаппарат қажет емес»

Адам Шаповалов әлі күнге дейін бірнеше жыл бұрын сатып алған Nikon D5300 фотоаппаратын пайдаланады. Бұл – оның алғашқы цифрлық камерасы.

Фотографтың айтуынша, оны сатып алған кезде қаржылық мүмкіндігін ескерген. Қазір де жаңа техника алуға мүмкіндігі шектеулі. Себебі шығармашылық жұмыстары оған табыс әкелмейді.

Адам халықаралық көрмелерге тегін қатысады, ал басылымдарда жарияланған суреттері үшін қаламақы алмайды. Оның шығармашылығын қолдайтын демеушілері немесе арнайы гранттары да жоқ.

Әрине, жақсы техника фотографтың мүмкіндігін кеңейтеді. Бірақ меніңше, бәрін құрал-жабдық шешпейді. Ең бастысы – түсіріп жүрген дүниеңді жақсы көру және айналаңдағы қызықты сәттерді байқай білу. Қымбат фотоаппараттың өзі жақсы суретке кепіл бола алмайды, – дейді фотограф.

Ол алдағы уақытта да қолындағы техникамен жұмыс істеп, тәжірибесін арттыруды жоспарлап отыр.

Маңғыстауда түсірілген сурет халықаралық көрмеге қойылады

Адам Шаповаловтың жұмыстары халықаралық көрмелерде де ұсынылып жүр. Жуырда Ақтаудағы Наурыз мерекесінде түсірген фотосериясы Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен топтық көрмеге ұсынылған.

Ал 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында оның тағы бір жұмысы Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырылатын көрмеге қойылады.

Бұл жолы көрермен назарына Маңғыстау облысындағы Жығылған мүйісінде түсірілген фотосурет ұсынылады. Онда құлынымен бірге тұрған бие бейнеленген.

Фото: Адам Шаповалов
Фото: Адам Шаповалов

Жығылған мүйісіне барғанымда құлынымен бірге тұрған биені көріп, суретке түсірдім. Бір қарағанда, мұнда ерекше ештеңе жоқ. Жылқы – біздің мәдениетіміздің, Маңғыстаудағы күнделікті тіршіліктің бір бөлігі. Бірақ мен үшін осындай қарапайым сәттердің өзі қызық. Жақсы сурет түсіру үшін міндетті түрде таңғаларлық оқиға іздеудің қажеті жоқ, – дейді фотограф.

Бұған дейін Адам заманауи өнер кураторы Әсел Ахметжановамен бірлесіп, Ақтауда QALA атты жеке көрмесін өткізген.

Фотограф болашақта өз жұмыстарын халықаралық көрмелер мен басылымдарда жиірек таныстырғысы келеді. Дегенмен ол үшін суреттерінің қай жерде жарияланғанынан гөрі, көрерменнің қабылдауы маңыздырақ.

Әрине, көрмелерге көбірек қатысып, суреттерімнің түрлі басылымдарда жарияланғанын қалаймын. Бірақ бұл мен үшін басты мақсат емес. Маған адамдардың пікірлері әлдеқайда маңызды. Біреу суретімнен өзіне таныс нәрсені байқап, өміріндегі бір сәтті еске алса, соның өзі мені қуантады, – дейді Адам Шаповалов.

Оқи отырыңыз