Астанада Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр. Фестиваль 1-7 қазан аралығында ұйымдастырылуда.
Биыл төртінші рет өтіп жатқан театр фестиваліне Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның театр ұжымдары қатысуда.
Фестивальдің негізгі мақсаты – Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасын дәріптеп, оның ұлттық өнердегі өнегелі жолын көрерменге таныстыру. Сонымен қатар халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтып, отандық және шетелдік театр мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау көзделген.
Меруерт Өтекешеваның есімі қазақ кино тарихында, ең алдымен, «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен есте қалды. Актриса сомдаған кейіпкер ұлттық киноның ең танымал әйел образдарының біріне айналды. Нәзік болмысы мен актерлік шеберлігі арқылы Меруерт Өтекешова қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Фестивальдің алғашқы күнінде мерейтой иесі сахнаға шығып, өнер мерекесіне қатысып жатқан театр ұжымдарына алғысын білдірді.
Бүгін – өнердің үлкен мейрамы. Халықаралық театр фестивалінің бірінші күні. Менің мерейтойыма орай Қазақстанның 16 театры осы фестивальде өнер көрсетіп жатқанына қуаныштымын. Әртістер үшін фестивальдің орны ерекше. Өз театр сахнасында ойнағаны бір бөлек, фестивальдегі рөлі бір бөлек. Сондықтан бұл – актерлердің де мерекесі, – дейді Меруерт Өтекешова.
Фестиваль аясында бір апта бойы елорда сахналарында түрлі жанрдағы спектакльдер көрсетіледі. Бағдарламада классикалық шығармалармен қатар заманауи қойылымдар, хорео-драмалар, перформанстар мен музыкалық спектакльдер бар.
Өкінішке қарай, қасымда Құман ағам жоқ. Бекежанды ойнаған Асанәлі ағам да жоқ. Бұл фестивальді мен өзімнің ұстаздарыма арналған мереке деп айтар едім. Алғаш рет киноға келіп, Қыз Жібекті ойнағанда ұстазым Сұлтанахмет Қожықов болды. Институтта халық әртісі Хадиша Бөкеевадан білім алдым. Кейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 50 жыл жұмыс істедім. Ол жердегі ұстазым – Әзірбайжан Мәмбетов, – деді Меруерт Өтекешова.
Фестивальдің алғашқы күнінде С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театры Уильям Шекспирдің «Макбет» трагедиясын ұсынды. Ал фестивальдің ресми ашылуында Музыкалық жас көрермен театры Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін сахналады.
2 қазанда Алматы қаласының Асанәлі Әшімов театры «Томирис» перформансын, Маңғыстау облыстық сазды драма театры «Той» трагикомедиясын, ал Ақмола облыстық орыс драма театры Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» желісі бойынша қойылған «Қараш асуындағы атыс» музыкалық драмасын көрерменге ұсынады.
3 қазанда Астана қалалық циркінің «Contrasst» би театры «Метаморфозы» заманауи балет-рефлексиясын көрсетеді. Сондай-ақ Әзербайжанның «М.Театр» тәуелсіз театры Этель Лилиан Войничтің «Овод» романы желісі бойынша «Бөгелек» драмасын сахналайды. Кешке Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Анна Каренина. Роман парақтары» хорео-драмасын ұсынады.
4 қазанда Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры Мұхтар Шахановтың «Танакөз» мелодрамасын көрсетеді. Қырғызстанның Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермендер театры Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» драмасын сахналайды. Ал М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Сотворившая чудо или что такое любовь?» музыкалық драмасын ұсынады.
5 қазанда Түркістан қаласының Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры «Қатынқамал» перформансын көрсетеді. Өзбекстан мемлекеттік драма театры Әлішер Науаидың «Ләйлі мен Мәжнүн» драмасын сахналайды. Кешке Музыкалық жас көрермен театры «Шәкәрім» музыкалық драмасын ұсынады.
6 қазанда Астана қаласы әкімдігінің «Қанаттылар» инклюзивті театры Абайдың қара сөздері негізінде қойылған «Абай-ЛА» перформансын көрсетеді. Атырау облыстық Жастар театры Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» хорео-драмасын, ал Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Ұлпан» музыкалық драмасын сахналайды.
Фестивальдің соңғы күні, 7 қазанда, Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасы: қазіргі театр өнеріндегі сабақтастық пен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Сондай-ақ осы күні фестивальдің салтанатты жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Кешке «Қазақтың Қыз Жібегі» атты Меруерт Өтекешеваның шығармашылық кеші өтеді.
Фестивальдің басты ерекшелігі – түркітілдес елдердің театр ұжымдарын бір сахнада тоғыстырып, кәсіби шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік беруі.
Фестивальдің басты идеясы – түркітілдес елдердің театр ұжымдарын бір сахнаға жинап, кәсіби тәжірибе алмасуға жағдай жасау және көрерменге заманауи қойылымдарды таныстыру. Бұл жай ғана спектакльдер топтамасы емес, нағыз театр мерекесі. Бір апта бойы елорда ерекше шығармашылық атмосферада өмір сүреді, – деді Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.
Фестивальге Әзербайжаннан келген Азербайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің доценті Эльчин Джафаров та театр фестивальдерінің кәсіби орта үшін маңызына тоқталды.
Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырғаным жоқ. Сіздерде фестивальдердің жиі ұйымдастырылатынын білемін. Бұл өте маңызды. Өйткені театр үдерісі фестивальдер арқылы дамиды. Қазақстан театрындағы өзгерістерді өзім де байқап жүрмін, бұл мені, әрине, қуантады. Меніңше, барлық түркітілдес елдер бір-бірімізге көмектесе отырып, бірге дамуымыз керек, – деді Эльчин Джафаров.
«ТЕАТР ALL» фестивалі осылайша ұлттық театр дәстүрі мен заманауи сахна өнерін тоғыстырып, Қазақстан мен шетел театрлары арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған халықаралық өнер алаңына айналып отыр.