Қазақтың өз суперқаһарманы болуы керек: «Алан туралы аңыз» қалай түсірілді?

Қазақтың өз суперқаһарманы болуы керек: «Алан туралы аңыз» қалай түсірілді?
Фото: El.kz коллажы

22 қазанда қазақстандық кинотеатрларда «Алан туралы аңыз» толықметражды анимациялық фильмі көрерменге жол тартады. Қазақтың ұлттық құндылықтары мен тарихи-мәдени символдарын заманауи 3D анимация арқылы бейнелейтін туындыда туған жерін басқыншылардан қорғауға аттанған жас барыстың оқиғасы баяндалады. Фильм авторлары Аланның қазақстандық балалар үшін жаңа сүйікті қаһарманға айналғанын қалайды.

Бүгінде балалар Өрмекші адам, Бэтмен, Кунг-фу Панда сияқты шетелдік кейіпкерлерді жақсы таниды. Ал қазақ ертегілеріндегі Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар секілді қаһармандар неге заманауи мультфильмдерден сирек көрінеді? Отандық анимация Голливуд туындыларымен бәсекелесе ала ма? Жасанды интеллект мультфильм өндірісін қалай өзгертті? Қазақ анимациясының дамуына не кедергі? Осы сұрақтар төңірегінде El.kz тілшісі «Алан туралы аңыз» мультфильмінің сценарий авторларының бірі Батырхан Дәуренбековпен әңгімелесті.

Елуден астам анимациялық туындының авторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Батырхан Дәуренбеков көпшілікке әйгілі «Қошқар мен теке» мультфильмінің режиссері, «Томпақ», «Қалқанқұлақ» анимациялық сериалдарының авторы ретінде таныс.

«Алан туралы аңыз» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «САҚ» киностудиясында түсірілген. Режиссері – Азамат Ерназаров, продюсері – Нуриддин Паттеев. Сценарийін Бақытжан Құлжабай, Батырхан Дәуренбеков және Азамат Ерназаров бірлесіп жазған.

Оқиға Бүркіт патша басқаратын бейбіт қалада өрбиді. Қаражал бастаған шибөрілер әскері қалаға шабуыл жасап, тұрғындарды өздеріне бағындырады. Осы кезде жазықсыз айыпталып, туған жерінен қуылған жас барыс Алан халқын құтқару үшін қайта оралады. Оған адал достары мен әкесінің ескі серігі Бозғұрт көмектеседі.

Алты жастан асқан көрермендерге арналған мультфильмнің ұзақтығы – 1 сағат 16 минут. Шығармашылық топ туынды арқылы балаларға батырлық, достық, әділдік және отансүйгіштік құндылықтарын жеткізуді мақсат еткен.

Фото: Батырхан Дәуренбековтің жеке мұрағатынан
Фото: Батырхан Дәуренбековтің жеке мұрағатынан

«Балалар өзіміздің батырларға еліктесе дейміз»

Мультфильмнің басты кейіпкері ретінде барыстың таңдалуы кездейсоқ емес. Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, шығармашылық топ қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен байланысты жануарды жаңа анимациялық қаһарманға айналдыруды көздеген.

Барыс бейнесі сақ дәуірінен қалған алтын бұйымдарда кездеседі. Ол Алматы қаласының эмблемасында да бейнеленген. Сценарист мұның бәрі басты кейіпкерді таңдауға әсер еткенін айтады.

Барыс – біздің тәуелсіздігіміздің символы. Алтын адамның жанында да барыс бейнеленген. Барыс – қазақ үшін киелі жануар. Ол қарлы тауларда өмір сүретін батыл аң. Сақ дәуірінен қалған алтын бұйымдарда да қанатты барыстың бейнесі жиі кездеседі. Сондықтан біз мультфильмнің басты кейіпкері ретінде барыстың баласы Аланды таңдадық, – деп түсіндірді Батырхан Дәуренбеков.

Сценаристі алаңдататын мәселелердің бірі – балалардың шетелдік мультфильм кейіпкерлеріне көбірек еліктеуі. Оның пікірінше, бұған қазақ ертегілеріндегі қаһармандардың заманауи анимацияда жеткілікті дәрежеде көрсетілмеуі де әсер етіп отыр. Қазақ халық ауыз әдебиетінде ерекше қабілеті бар кейіпкерлер аз емес. Алайда олардың оқиғалары қазіргі балалар қызығып көретін анимациялық форматта кеңінен ұсынылмай келеді.

Біздің балаларымыз қазір Голливудтың фильмдерін көріп өсіп жатыр. Өйткені өзіміздің ертегілеріміздегі, халық ауыз әдебиетіндегі мықты кейіпкерлеріміз – Көлтауысар, Желаяқ, Таусоғар болсын, олар туралы ертегілерді экранға шығарып жатқан жоқпыз ғой, – деп атап өтті сценарист.

Батырхан Дәуренбековтің сөзінше, балалардың мерекелерде Өрмекші адам сияқты шетелдік қаһармандардың киімін киюге ұмтылуы олардың қандай кейіпкерлерді танып өскенін көрсетеді. Сондықтан авторлар Аланды балаларға үлгі боларлық жаңа қаһарман ретінде таныстырғысы келеді.

Біз Аланды қазақтан шыққан жақсы кейіпкер ретінде танытқымыз келеді. Балалар Аланды көріп, оған еліктеп, «Мен де Алан сияқты елімді, жерімді қорғайтын батыр болып өсемін» деп тәрбиеленсе дейміз. Бала Өрмекші адам яки Халк емес, барыс, Алан болғысы келсе дейміз, – дейді режиссер.

Тұран елі мен Көк бөрі: мультфильмдегі ұлттық символдар

«Алан туралы аңыз» мультфильмінде қазақтың тарихи-мәдени танымына жақын бейнелерге ерекше мән берілген. Оқиға өтетін мекен Тұран елі деп аталады. Оны Бүркіт патша басқарады. Шығармашылық топ бұл кейіпкерді еркіндік пен тәуелсіздіктің белгісі ретінде таңдаған. Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, мемлекеттік тудағы қыран бейнесі де осы идеяға негіз болған. Мультфильмде бүркіт Аланның өгей әкесі ретінде көрсетіледі. Ал өзге кейіпкерлердің арасында бұқа, арқар, тау теке сияқты жануарлар бар. Олардың киімдері ұлттық нақыштармен безендірілген.

Біз мультфильмдегі елді «Тұран елі» деп атадық. Ол елде Бүркіт патша болады. Біздің туымыздағы қыран – еркіндік пен тәуелсіздіктің символы. Сол қыран, яғни бүркіт мультфильмде Аланның өгей әкесі ретінде бейнеленеді, – дейді режиссер.

Фильмде түркі халықтарының бірлігі де көрініс тапқан. Оқиға желісі бойынша Аланның еліне Көк бөрілер көмекке келеді. Авторлар осы арқылы қиын сәтте бір-біріне қолдау көрсететін халықтардың ынтымағын бейнелеуді мақсат еткен.

Қазір біз түркі халықтарының бірлігін, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты қолдап отырмыз ғой. Бұл – маңызды мәселе. Сондықтан біз түркі халықтарының бірлігі идеясын мультфильм арқылы да көрсеткіміз келді. Осы мақсатта Аланның еліне Көк бөрілер көмекке келетін оқиға желісін қостық, – дейді ол.

Сценаристің пікірінше, балаларға ұлттық құндылықтарды жеткізу үшін анимация ең алдымен қызықты болуы керек. Сондықтан туындыда тәрбиелік мазмұнмен қатар шытырман оқиғаларға, кейіпкерлер арасындағы тартысқа және заманауи визуалдық шешімдерге мән берілген.

Фото: трейлерден алынған кадр
Фото: трейлерден алынған кадр

Екі жылдан астам еңбек және «Кунг-фу Панда» деңгейіне ұмтылыс

Толықметражды 3D мультфильм жасау бірнеше кезеңнен тұратын күрделі жұмыс. Кейіпкерлердің бейнесін ойластыру, олардың қозғалысын әзірлеу, табиғат көріністерін жасау, дыбыстау, музыка жазу және монтаждау көп уақытты талап етеді. Батырхан Дәуренбековтің мәліметінше, «Алан туралы аңызды» дайындауға екі жылдан астам уақыт кеткен. 

Бұл – толықметрлі 3D мультфильм. Оны жасауға екі жылдан астам уақыт кетті. Жобаға 20-ға жуық маман қатысты. Дубляж жұмысына актерлер тартылды. Сонымен қатар музыка жазу, монтаждау сияқты жұмыстар атқарылды. Анимация – осындай үлкен ұжымдық еңбектің нәтижесі, – деп баяндады ол.

Шығармашылық топ мультфильмнің сапасын арттыру үшін әлемге танымал «Кунг-фу Панда» туындысының визуалдық стилін бағдарға алған. Сценарист әлемдік деңгейде танылған анимациялық фильмдердің көркемдік сапасы отандық мамандар үшін де маңызды өлшем екенін атап өтті.

Біз мультфильмнің сапасын барынша жоғары деңгейге көтеруді мақсат еттік. Сондықтан оны «Кунг-фу Панда» стилінде жасауға тырыстық. «Кунг-фу Панданы» бүкіл әлем көрді, әлем балалары қызығып тамашалайды. Біз де сондай сапалы туынды жасағымыз келді, – деп жеткізді Батырхан Дәуренбеков.

Алайда мұндай деңгейдегі анимацияны жасау оңай болмаған. Әсіресе жануарлардың сыртқы келбетін, денесіндегі жүнін және қимыл-қозғалысын шынайы көрсету көп еңбекті қажет еткен.

Мультфильмдегі жануарлардың денесінде жүн бар. Біз сол жүндердің әрбір қылшығын, әрбір талшығын жеке жасап шықтық. Бұл – өте күрделі жұмыс. Әсіресе, рендерден өткізу, кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын шынайы көрсету оңай болған жоқ, – деп еске алды сценарист.

Оның сөзінше, өндіріс барысында түрлі қиындық кездескенімен, шығармашылық топ туындының көркемдік сапасын барынша арттыруға күш салған.

Фото: трейлерден алынған кадр
Фото: трейлерден алынған кадр

«ЖИ кейіпкердің алғашқы нұсқасын бес минутта жасайды»

Жасанды интеллект анимация өндірісіндегі кейбір жұмыстарды жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. «Алан туралы аңыз» жобасында да кейіпкерлердің алғашқы бейнесін ойластыру кезінде осы технологияның көмегіне жүгінген. Батырхан Дәуренбековтің түсіндіруінше, аниматорға жаңа кейіпкердің сыртқы келбетін жасау тапсырылса, идея іздеу мен алғашқы нұсқасын дайындауға ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Ал жасанды интеллект мұндай нобайды бірнеше минутта ұсына алады.

Мысалы, аниматорларға кейіпкердің бейнесін жасауға тапсырма берсек, оның түрін ойластыруға, ізденуге бір апта немесе он күн уақыт кетуі мүмкін. Ал жасанды интеллектке тапсырма берсең, кейіпкердің алғашқы нұсқасын бес минуттың ішінде жасап шығара алады, – деп салыстырды сценарист.

Дегенмен сценаристің айтуынша жасанды интеллект ұсынған бейне бірден дайын кейіпкерге айналмайды. Оған мамандар түзету енгізіп, ұлттық ерекшеліктерін толықтырады.

Бірақ біз оны дайын күйінде қолданбаймыз, міндетті түрде өзгерістер енгіземіз. Өйткені жасанды интеллект қазақтың қошқармүйіз оюларының, ұлттық белдіктерінің қандай болатынын, олардың ерекшеліктері мен ұсақ бөлшектерін толық біле бермейді. Сондықтан мұндай детальдарды өзіміз сызып, түзетулер енгіземіз, – дейді Батырхан Дәуренбеков.

Осылайша, шығармашылық топ жасанды интеллектіні дайын өнім жасайтын құрал емес, кейіпкерді әзірлеудің бастапқы кезеңін жеңілдететін көмекші технология ретінде пайдаланған. Ал ұлттық ерекшеліктерді дәл беру, кейіпкердің соңғы бейнесін қалыптастыру мамандардың өз қолында қалған.

«Кинотеатрлар фильм табысының жартысын алып қояды»

Отандық анимацияның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі – қаржыландыру. Батырхан Дәуренбеков сапалы толықметражды анимациялық фильмдер түсіру үшін қомақты қаражат пен мемлекеттік қолдау қажет деп есептейді. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде экранға шығаруға болатын кейіпкерлер көп болғанымен, олардың басым бөлігі әлі күнге дейін анимациялық туындыға айналмаған. Сценарист мұндай шығармаларды бұрынғы үлгімен ғана емес, қазіргі балалардың талғамына сай жаңа технологиялармен, қызықты оқиға желісімен ұсыну маңызды екенін алға тартты.

Біздің халық ауыз әдебиетімізде, ертегілерімізде қаншама кейіпкер бар. Бірақ олардың көбі әлі экранға шыққан жоқ. Сондықтан ертегі фильмдерді көбейту керек. Дегенмен оларды 50 жыл бұрынғыдай емес, заман талабына сай, заманауи стильде жасау қажет, – деп атап өтті ол.

Батырхан Дәуренбеков Голливудтың анимациялық фильмдерін мысалға келтіріп, қазақстандық шығармашылық топтар да көрерменді қызықтыратын, өзіндік ерекшелігі бар сапалы туындылар жасауға ұмтылуы керектігін жеткізді. Алайда мұндай жобаларға қажетті қаржыны табу оңай емес. Оның пікірінше, мемлекет анимация өндірісін қолдаумен қатар, дайын фильмдердің көрерменге жетуіне де назар аударуы қажет.

Әңгіме барысында сценарист кинотеатрлар мен фильм өндірушілер арасындағы табысты бөлу мәселесін де көтерді. Ол прокаттан түсетін кірістің елеулі бөлігінің кинотеатрларға берілуі фильм жасаушылар үшін қиындық туғызатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар кинотеатрлар да патриоттық тақырыпта түсірілген фильмдерге мүмкіндік беруі қажет. Өйткені фильм түсіруге қаржы жинап, қаншама еңбек етіп, дайын туындыны экранға шығарған кезде кинотеатрлар табыстың жартысын алып қояды, – деп мәселе көтерді сценарист.

Батырхан Дәуренбеков анимациялық фильмді жасауға жұмсалатын уақыт, қаражат және мамандардың еңбегі ескерілуі керек деген ұстанымда.

Біз бұған көптеп ойлануымыз керек. Себебі фильмді жасауға орасан еңбек жұмсалады. Ал дайын туындыны көрсеткені үшін түскен қаржының жартысын алып қою мәселесі қайта қарауды қажет етеді, – деп пайымдады ол.

Осылайша, сценарист отандық анимацияны дамыту үшін тек фильм түсіруге қаржы бөлу жеткіліксіз екенін, оны кинотеатрларда көрсетуге байланысты мәселелерге де назар аудару қажеттігін жеткізді.

Фото: трейлерден алынған кадр
Фото: трейлерден алынған кадр

Қазақ мультфильмі шетелдік көрерменге қызықты бола ала ма?

«Алан туралы аңыз» авторлары туындының шетелдік аудиторияға да түсінікті болатынына сенеді. Батырхан Дәуренбековтің пікірінше, фильмдегі басты құндылықтар – достық, батылдық, туған жерді қорғау және әділдік үшін күресу – белгілі бір елдің мәдениетімен ғана шектелмейді. Сондықтан ұлттық символдар мен қазақы дүниетанымға негізделген оқиға өзге елдердің балаларына да қызықты болуы мүмкін.

Біздің көзқарасымызша, мультфильміміз сапалы шықты. Сондықтан оны тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік көрермендер де, балалар да қызығып көреді деп ойлаймыз, – деп үміт білдірді сценарий авторы.

Аланның негізгі мақсаты – туған қаласын басқыншылардан қорғау. Сценаристтің пайымдауынша, елін, жерін қорғауға ұмтылған батырдың оқиғасы әлемнің әр түкпіріндегі көрерменге түсінікті.

Өйткені қай елде болсын, өз Отанын қорғайтын, елін, жерін сүйетін азаматтар өсіп шығуы керек. Бұл – барлық елге ортақ құндылық. Біздің мультфильміміздің негізгі идеясы да осы. Сондықтан оның мазмұны өзге елдердің көрермендеріне де түсінікті болады деп есептейміз, – дейді Батырхан Дәуренбеков.

Фото: трейлерден алынған кадр
Фото: трейлерден алынған кадр

«Шетелде білім алған жастар Қазақстанды кім дамытатынын ойлауы керек»

Әңгіме барысында Батырхан Дәуренбеков анимацияның бала тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, балаларға арналған фильмдердің маңызы тек экрандағы қызықты оқиғамен өлшенбеуі керек. Мұндай шығармалар жас көрерменнің дүниетанымына, құндылықтарына және туған еліне деген көзқарасына ықпал ете алады.

Сценарист бүгінгі балалардың болашақта Қазақстанның дамуына үлес қосатын азаматтар екенін айтып, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді ерте жастан сіңірудің маңызын атап өтті.

Біз «балалар – біздің болашағымыз» деп жиі айтамыз. Бұл сөзді жай ұран ретінде айтып қана қоймай, оған терең мән беруіміз қажет. Себебі Қазақстанның болашақ тірегі де, қорғаушысы да, дамуына үлес қосатын азаматтары да – бүгінгі балалар, – деп тұжырымдады ол.

Осы тұста Батырхан Дәуренбеков жастардың шетелде білім алуға ұмтылуы туралы да ойын ортаға салды. Оның айтуынша, қазір мектеп бітірушілердің арасында Еуропа мен Америка университеттеріне түсуді мақсат ететіндер бар. Сценарист мұндай ұмтылысты құптайтынын, алайда алған білімді туған елдің дамуына жұмсау да маңызды екенін жеткізді.

Қазір өсіп келе жатқан жасөспірімдердің көбі шетелге баруды армандайды. Мектеп бітірген соң Италия, Франция, Америка сияқты елдерге грантпен оқуға түсуге тырысады. Әрине, білім алуға, жақсы өмірге ұмтылған дұрыс. Қазір оған мүмкіндік те көп. Бірақ біз алған білімімізбен, еңбегімізбен Қазақстанның дамуына үлес қосуымыз керек, – деп атап өтті сценарист.

Ол шетелде білім алған жастардың сол жақта қалуды таңдауы да ойландыратын мәселе екенін айтты. Оның пікірінше, елдің болашағы үшін білімді әрі білікті жастардың Қазақстанның дамуына атсалысуы маңызды.

Өкінішке қарай, шетелде білім алған жастардың көбі сол жақта қалып қоюға тырысады. Бұл – ащы болса да, айтуға тура келетін мәселе. Өйткені шетелде өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған, мүмкіндіктер де көп. Бірақ онда Қазақстанды кім өркендетеді, кім дамытады? – деп сауал тастады Батырхан Дәуренбеков.

Режиссер бұл мәселенің шешімін бала тәрбиесімен де байланыстырады. Оның ойынша, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі бала кезден қалыптасуы керек. Ал анимация, ертегі және балалар киносы осы бағытта қолдануға болатын маңызды құралдардың бірі.

Бала өз елін, жерін, туған топырағын жақсы көруі керек. Осындай сезімдерді оятып, олардың жүрегіне сіңіру үшін Қазақстанда анимация мен балалар киносын дамытуымыз қажет, – деп қорытындылады Батырхан Дәуренбеков.

«Алан туралы аңыз» – ұлттық кейіпкерлерді заманауи анимация арқылы танытуға бағытталған туынды. Оны жасаушылар қазақтың тарихи-мәдени символдарын шытырман оқиғамен ұштастырып, балаларға жақын жаңа қаһарман ұсынуды көздеген.

Ал Батырхан Дәуренбеков көтерген мәселелер бір мультфильмнің аясымен шектелмейді. Отандық анимацияға қаржы бөлу, мамандардың еңбегін бағалау, жаңа технологияларды игеру, ұлттық кейіпкерлерді кеңінен таныту және фильмдердің көрерменге жетуіне жағдай жасау – саланың дамуы үшін маңызды бағыттар.

Сценарий авторының басты тілегі – қазақстандық балалардың шетелдік суперқаһармандармен қатар, өз мәдениетінен шыққан батырларды да танып, соларға еліктеуі. Ал Аланның сондай сүйікті кейіпкерге айнала алатынын уақыт пен көрерменнің таңдауы көрсетеді.

Оқи отырыңыз