459.92
505.77
6.57

Қазақтың «Ортеке» биі ЮНЕСКО тізіміне енді

«Ортеке - қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка»
gov.kz
Фото: gov.kz 01.12.2022 19:33 404

Қазақ мәдени мұрасының екі жаңа элементі ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұрасының тізіміне енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгін Марокко астанасында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 17-ші сессиясы өтті. Оның барысында адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақ мәдени мұрасының екі жаңа элементі енгізілді. Олар:

  • «Ортеке - қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка»;
  • «Қожанасырдың әзіл әңгімелері».

Сессия отырысына қатысқан қазақстандық делегация құрамына ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы жанында қызмет ететін Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитеттің сарапшылары қатысты.

Аталған сессияда комитет 46 номинацияны қарастырып, олардың 20-сы ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізілді, оның ішінде Ортеке мен Қожанасырдың әзіл әңгімелері бар.

Ортеке – қуыршақ музыкантына бір жіппен байланған тау ешкісінің ағаш мүсіншесін қолданатын музыкалық-қуыршақ өнері. Қазіргі уақытта түріктердің бұл ежелгі өнері қуыршақ-музыкалық мәртебеге ие. Себебі мұнда көркем шығармашылықтың бірнеше түрінің синтезі байқалады: сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би және қуыршақ жүргізу өнері. Ортеке жай ғана би емес, көрермендердің көз алдында өрбіген тұтас оқиға.

Қожанасыр немесе Қожа Насреддин – Шығыс фольклорының кейіпкері, қысқа әзіл-сықақ және сатиралық миниатюралар мен әзіл әңгімелердің, кейде тұрмыстық ертегілердің кейіпкері. Ол анти-қаһарман, қаңғыбас, еркін ойшыл, бүлікші, ақымақ, диуана, айлакер, алаяқ және тіпті философтың ішкі қайшылықты бейнесін біріктіреді, адамның зұлымдығын, сараңдығын, арсыздығы мен екіжүзділігін мазақ етеді. Бұл элементті Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан бірлесіп енгізді.

Бұған дейін ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне 11 элемент енгізілген болатын. Оның ішінде төртеуі ұлттық қазақ мәдени мұрасына қатысты: «Домбыра күй өнері» (2014), «Қазақ күресі» (2016), «Асық ату ойыны» (2017), «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (2018).

Жеті элемент бірқатар елдердің ортақ мәдени мұрасына жатады: «Киіз үй құрау» (2014), «Айтыс өнері» (2015), «Наурыз» және «Қатырма» (2016), «Қорқыт ата мұрасы» (2018), «Тоғызқұмалақ» (2020) және «Құсбегілік» (2021).

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар