Жаңалықтар

Қазақтың «Джина Лоллобриджидасы» атанған «Майқанова апай»

Қазақтың «Джина Лоллобриджидасы» атанған «Майқанова апай»
Фото: YouTube/MOST 20.02.2024 15:30 44896

«Менің атым Қожа» фильмін көрген адам Майқанова апайдың рөлін сомдаған актрисаның сұлулығына таңданбауы мүмкін емес. Иә, ол актрисаны бір кездері қазақтың «Джина Лоллобриджидасы» деп атаған. Айналасында ғашық жігіттер көп болса да, бір ғана адамды сүйіп, одан кейін басқа ешкімге қарай алмаған жан. Бұл туралы талай жазылды, фильмде түсірілді.  Дегенмен, біз де оқырман есіне осыдан 5 жыл өмірден өткен биыл 85 жылдығы тойланатын Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Раиса Мұхамедиярова туралы айтпақпыз.

 Сұлулықтың символы

Раиса Мұхамедиярова десе көз алдыңда көрікті әйел, бекзат болмыс, тамаша талант тұрады. Тіпті, ол кісінің кейін ақжаулықты әже атанғаны да ұмытылып кететін.  Себебі, Мұхамедияровамен сұлулық егіз ұғым секілді еді...

Болашақ актриса 1939 жылы қазіргі Абай облысының Көкпекті ауылында дүниеге келген. Әкесі Мәжит төре тұқымынан, ал анасы Меңсұлу татар қызы екен. Тағдырдың не күтіп тұрғанын кім болжай алған. Әйтпесе, сұлулықтың символы Рая апайымыз ауылдан қалаға келгенде шет тілдер институтын бітіріп, ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын алып шыққан.  Ол киноға жолы түспегенде қазақтың ұлы жазушыларының бірі Ғабит Мүсіреповпен кездеспеуі де әбден мүмкін еді ғой?

Қазақтың «Джина Лоллобриджидасы» атанған «Майқанова апай»

Киноға келмес бұрын 1957-1958 жылдары  Қазақстан Компартиясы Сарыағаш аудандық комитетінде хатшы-машинисті болыпты. Ал 1960 жылдары «Қазақфильмге» жұмысқа тұрған.

Ол кино әлеміндегі жолын 1961 жылы шыққан «Песня зовет» фильмінде басты рөлді сомдаудан бастады.Мұхамедиярованың бағы 1963 жылы «Менің атым Қожа» атты фильміне түсіп, Хадиша Майқанованың рөлін мінсіз сомдаған соң жанды. Сол тұста жазушы, драматург, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  «Социалистік Еңбек ері» атағының иегері Ғабит Мүсіреповпен махаббаттары жалындап тұрған. Екеуі алғаш 1962 жылы кездесіпті. Бұл кезде жазушы 60, жас актриса 23-те еді.

Кейінгі жылдары режисер Сергей Азимов «Поздняя любовь классика»  деген деректі фильм түсірді. Сонда осы махаббат баяндалады.

Алғашында Мұхамедиярова атақты жазушыға еркек ретінде қарай алмапты. Бірақ қыз біткенді өзіне ғашық етпей қоймайтын Мүсірепов мақсатына жету жолында аянбаған.

Мүсірепов алғашында еркек ретінде қызықтырған жоқ. Ол маған тіпті егде жастағы адам емес, өте қарт адам болып көрінді.Бірақ бір күні Ғабит Махмұдұлының көзіне қарадым...Сол кезде ішімде бәрі төңкеріліп кетті. Оның жасын, қоғамдағы орны мен барлығын ұмыттым, - деген болатын фильмде Раиса Мұхамедиярова.

Төсек жаңғыртқан күн 

Айтпақшы, жазушы сол тұста екінші Құсни Яғфарова деген татар қызымен бірге тұрған. Раисамен кездескеннен кейін қырық жыл отасқан жары Құсни апай дүние салады. Осыдан соң, Мұхамедияровамен шаңырақ көтерген.

Ғабеңнің жары дүниеден өткен кезде менің аяғым ауыр еді. Жүрегімнің түбінде әлі күнге дейін өзімді кінәлі сезінемін. Мүмкін мен де оның өмірден мезгілінен бұрын кетуінде маңызды рөл ойнаған шығармын. Жерлеуден кейін ол менен: «Рая, не істейміз?» деп сұрады. Мен біраз уақыт өтуі керегін, бірақ көп күте алмайтынымды айттым. Себебі бала некеде туғанын қаладым, - деген болатын актриса.

Қазақтың «Джина Лоллобриджидасы» атанған «Майқанова апай»

Бұл неке қолдағандар аз болды. Біреулер  «Мүсірепов неме­ре­сіндей бүлдіршін қызға үйленді» деп арыз да жазға­н көрінеді. Досы Сәбит Мұқанов та ренжіген. Дегенмен, екеуінің арасындағы нәзік сезім жас алшақтығына қарамастан шаңырақ көтеруіне себепші болды.

Жазушының хаты

Жазушы жас актриса махаббаты ұзаққа созылмаса да, аз уақыттың ішінде еркелетіп, өзіне ғашық ете білді. «Қара қызым» деп еркелеткен. Мүсіреповтің мына хаты қазіргі талай жігітке де үлгі боларлықтай.

Қазақтың «Джина Лоллобриджидасы» атанған «Майқанова апай»

«Махаббат жоқ жерде - қуаныш жоқ» деп басталатын хатының мәтіні мынандай:

Аман­сың ба, менің ең қымбаттым, аяулым, жалғызым, Раечка! Менің осы хатым Жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені, сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып, мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жедел­хат жіберіп, екеуміз Жаңа жылды Мәскеуде қарсы алсақ деп едім, бірақ, сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап, аймалағым келіп кетті.

Бізді Африкаға жіберуге дайындап, дәрігерлер тексеріп жатыр. Безгек, сүзек, тырысқақ ауруларына қарсы екпе жасады. Басымыздан башпайымызға дейін тексеруде. Дәрігерлердің айтуы бойынша, әзірге жүрек те, іш-құрылыс та жақсы.

Мұнда жұмыс көп, ыстық жерге баратын болғандықтан, соған өзімізді әзірлеп, әрі кітапханаға барып сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен кеңірек танысып жүрмін. Осы хатты бүгінгі самолетке үлгерейін деп мәжілістің арасындағы үзілісте жаздым.

Сау-сәлемет бол, көріскенше, өз Ғабитің.

Бұйырмаған рөл

Бұл некеден  Гауһар мен Гүлнар есімді екі қыз өмірге келеді. Ал екеуінің жолдарының айырылуына себептер көп. Ортада сөз тасығандар, отқа май құйғандар бар. Мүсірепов әйелінің киноға түсуін жалғастыруын қаламайды.  Ол кезде Сұлтан Қожы­қов «Қыз Жібек» фильмін түсіруді бастағалы жатқан. Бірде Ғабең «Қыз Жібек» киносы­ның бастапқы кезеңінде Раисаға сценарий жазуға кірісетінін айтады. Раиса «сол киноға мен түсем бе?» деп қиылады. «Түсесің» дейді классик. Бірақ фильмге шақырту алмайды. Кейін Жібектің рөлін Меруерт Өтекешова сомдағанын бәрі жақсы біледі. Араз­дықтың бір себебі содан басталған деген болжам бар.

Актриса бала бағып, бес жыл үйде отырады. Сосын шыдамай, көнбей, жасөспірімдер театрына жұмысқа шығады. Одан бөлек, қаңқу сөздер көп тараған. Тіпті, екі қызы да басқа еркектен болуы мүмкін деген әңгіме де айтылыпты.

Өзімнің тазалығымды білемін. Қанша жігіттер қасымда жүрсін, солармен ішіп жүрейін, бірақ төсекке ешкім мені жатқыза алған жоқ. Себебі, Ғабеңнің алдында мен тазамын. Жұрт не десе де, не ойласа да ешқашан сатқындық жасаған жоқпын,- деген еді Раиса Мұхамедиярова. 

«Рая, мен саған ораламын»... 

Жазушының төртінші және соңғы әйелі – Ғазиза Бисенова. Мамандығы машинистка. Кезінде Мұхтар Әуезовтің машинисткасы болған, Ғабеңмен де шығармаларын басып беріп жүріп табысқан.

Актриса Мүсіреповпен болған махаббат оқиғасынан кейін ешкімді сүйе алмағанын айтқан. Бар ойы - екі қызды өсіріп, жеткізу болған екен.

Біраз уақыт өткеннен кейін ол бізге келіп жүрді. Мен іштей «Рая, мен саған ораламын» деген сөзін күтіп жүрдім. Солай деген болса, әп-сетте күтіп алар едім. Ол да, мен де айтқан жоқпыз. Екеуміз де орысша айтқанда «гордый» едік,  - дейді актриса.

Қалай десек те, Раиса Мұхамедиярова Ғабеңнің музасы бола білді. «Ұлпан» секілді шың шығарманың жазылуына себепкер болған осы аяулы актриса екенін біреу білер, біреу білмес.

Ұлы жазушы ресми түрде төрт әйелге үйленді. Бірақ бірде-бір жары ұл туып бере алмады. Оның тек қана қыздары болған. Бір жақсысы әр әйелден туған қыздары бір-бірімен жақсы араласқан.

Жазушының алты қызы бар: бірінші некеден — Энгелина, Мара, Роза және Райхан, ал екінші некеден — Гауһар мен Гүлнар.

Раиса Мұхамедиярова 2019 жылы 5 қарашада өмірден өтті. Ол 80 жылдық ғұмырында актриса 30-ға жуық фильмге түсті. 2002 жылға дейін Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға