Жаңалықтар

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі қалай қалыптасты?

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі қалай қалыптасты?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 19.06.2023 13:47 1726

Атам қазақ бағзы заманнан бала тәрбиесіне баса мән берген. Жесірін қорлатпай, жетімін жылатпай өскен ел. Қазақ тәрбиесі ерте ғасырдан қалыптасқан әдет, салт, ғұрыпқа негізделген.

Көшпелі тұрмыстың қиындығы мол. Сан ғасырлар бойы көрген соғыстар мен жаугершілік замандағы, хандық кезеңдегі өмірден алған үлкендердің тәжірбиесі далалық тәрбие негіздерін қалыптастырды.

Ағайынға қамқорлық, мейірімділік пен ізеттілік қазаққа ғана тән мінез құлықтың формаларын әкелді. Бұл тәрбие негіздерінің қалыптасуына елге келген ислам дінінің де ықпалы зор болды. Нәтижесінде ұят, обла, сауапты білетін ұрпақ тәрбиеленді.

Жаугершілік замандарда ұлы мен қызынан айырылып, қара көзінен қанды жас аққан қазақтың бойында патриотизм қалыптасты. Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік сезімдері «Отан үшін жан пида» деген ұлық сөздерді ұрпақ санасына сіңірді.

Нәтижесінде Еуропадан үлгі алмай-ақ, әдістемеліктер мен кітаптар жазбай-ақ, миллиондап, миллиардтап қаражат шашпай-ақ «Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі» қалыптасты. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дала мәдениеті мен тәрбиесі қазақ елінің қаншама ғасыр бойы іргесін нық, босағасын берік ұстауына негіз болды.

Көпті көрген қарияларды «данышпан», «әулие» санау үрдісі пайда болды. Осы қасиеттер негізінде өскен қазақ жастарының бойынан үлкенге құрмет, кішіге ізет мінездері пайда болды.

Бүгінгі ақпарат арнасы тасыған өзендей, алапат селдей жан-жағын жапырып жатқан заманда жастарды ата-баба салтымен тәрбиелеу қиындап барады. Бұрынғы заманда молда мен ишаннан білім алып, дін, философия, математика негіздерін оқыған жастардың ақпарат алу көздері болмағандықтан өзінен білімдіні «данышпан», «ұстаз» санайтын. Соның арқасында ұстазды құрметтеу, сыйлау дәстүрі қалыптасты. Қазіргі кезде мұғалімдердің қадірі жоқ. Неге?  

Біріншіден, әлеуметтікжелі пайда болғалы жастарымыз батыстық мәдениетті озығын да тозған да ала бастады. Киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері мен ойлау қабілеті де өзгерді.

Әлі тілі шықпаған баланы тыныш жатсын деп ұялы телефон ұстатып қоятын болдық. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау замандарынан қалған жаман әдеттердің бірі – материалдық құндылықтарды бірінші қатарға қою және рухани құндылықтарды кейінге шегеру үрдісі өскелең ұрпақтың санасына кері әсерін тигізіп жатқаны рас.

Таңнан кешке дейін ақша тауып, бала тәрбиесіне көңіл бөлімей, бар жауапкершілікті мектепке жүктеп, өзін асыраушы санайтын ата-аналар жеткілікті.

Ұлттық құндылықтар екінші қатарға жылыстап, атамыздан қанымызға сіңген «ұят болады», «обал болады» деген нақыл сөздердің мағынасының кетіп бара жатқанын сезсек те мән бермеуге, байқамауға тырысудамыз. Соңғы жылдары жастар арасындағы суицидтің көбеюі де бала психологиясына кері әсерін тигізіп жатқан қоғамның әрекетіне де байланысты.

Жастардың бойындағы қаталдық мінездің барлығы елдегі әлеуметтік ахуалдың төмендеп, жұмыссыздық пен қымбатшылық салдарынан күшейіп келе жатқаны өтірік емес.

Тағы бір факторы әсіредіншілдердің бала психологиясын улап, қоғамнан тыс, жабық кеңістікте өмір сүруге ықпал етуі, діни догмалар мен аңыздардан құрастырылған, қазақы қалыпқа сай келмейтін тәрбие де әсерін тигізуде. Екіншісі, білім саласындағы тәрбие мәселесінде түбегейлі қайта қарау керек. Сонау Кеңестік идеологиямен құрылған бала психологиясы мен білім беру жүйесі толығымен ескірген.

Баланы «бағындыру», «шешеім шығара амламау», «жалтақтық» сынды кері тәрбиеге шақыратын әдіс тәсілдері өте көп білім саласының жүйесінен арылу керек. Ең басында балақшаға барғанда тәрбиешіні таңда дейміз, мектепте мұғалімді, жоғарғы оқу орнында ұстазды, әскерде командирді, жұмыста басшысыны тыңда бағын деп үйретеді.

Мұндай тәрбиемен өскен балалар жалтақ, қорқақ, өздігінен шешім шығара алмайтын болып өседі. Еркін жүру, еркін сөйлеу, қалаған пәндерін оқы оны зерттеу, зерделеу жұмыстары жоқ.

Бала өзінің ішінде тығылып жатқан өнерін, білімін тіпті пікірін ашық білдіре алмайтын болып қалады. Ондай ұрпақ көбірек өссе биліктергілер үшін де тобыр ретінде санай отырып басқаруға оңай түседі. Ұрпақ тәрбиесі өз болашағың, бақытты қарттығың. Саналы ұрпақ тәрбиелеген ата-ананың қартайғанда төбесі көкке жетіп, бақыттан басы айналып отырады.

Тәрбиесіз ұрпақ өсірген адамдардың өмірі қайғымен, жалғыздықпен, уайыммен өтетіні белгілі. Үйдегі және түздегі тәрбие, қоғамның ықпалы, мектеп тәрбиесі адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

Сәкен Сейфуллин ағамыздың «Келіншектің бесік жыры» өлеңінде

«Жақсы болып ер жетсе,

Балапаны бөпесі,

Бағы ашалып, анасы

Көкке тиер төбесі...

Әлди-әлди балашым,

Ұйықтатайын тербетіп.

Тілегім сен, құлыным,

Үміт ақта ержетіп!» деген сөздерінде терең мағына, педагогикалық тәрбие жатыр. Қазақ баласын бесіктен бастап өсиет, нақыл сөздерін айта отырып тәрбиелеген. «Тәрбие тал бесіктен» деп текке айтпаса керекті.

Соңғы 30 жыл аралығында қоғамда болып жатқан жаһандану сипатындағы өзгерістер ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі рухани ұстанымдарды әлсіретіп, ананың сүтімен, әкенің ақылымен беріліп, салт-дәстүрімен орныққан ұлттық құндылықтарды өзгеріске ұшырата бастады. Ертеректе қазақ қоғамы қабылдамайтын жағымсыз көріністер бүгінгі күні үйреншікті дүниеге айналуда.

Ең қауіптісі жынысын өзгерту, ұлдың қызға, қыздың ұлға еліктеуі, ұл мен ұлдың, қыздың қызға ғашық болуы, үйленуі сынды батыстың сорақы әрекеттерінің жастар санасына тигізіп, болашақта қоғамның азғындыққа салынып, ұлттық кодынан толық айырылуына жол ашатын қауіп бар екенін бәріміз білеміз. Айтамыз. Жазамыз. Бірақ нақты шаралар жоқтың қасы. Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қаражаттар бөлініп, тиісті мамандармен қамтылып отырса да күш бермей келеді.

Әрине, проблеманы тізіп жаза беруге болар. Бірақ нақты шешу жолдарын ұсынатындар аз. Қазіргі қоғам дискуссияға көп мән береді. Түрлі форматтағы талқылаулардан шығарып жатқан нәтиже шамалы.

Меніңше, мемлекет бұл жұмысты қатаң бақылауға алып нақты әрекетке көшпесе, ертең ел тізгінін ұстаған ата-дәстүрден ада болған, ана тілін білмейтін мәңгүрт жастардың қолына көшкен билік, мемлекетті ыдыратып жіберері сөзсіз.

Ол үшін білім министрлігі «Мемлекеттік жастар тәрбиесі» деген доктрина қабылдап, мектептерде қазақ тілінің оқуын қадағалай отырып ұлылар өмірінен, ұлтттық құндылықтар, салт-дәстүрмен сабақтасқан тәрбие жұмыстары мен нақты пәндерді оқытуды қолға алу керек.

Тіпті білім министрлігі жанына ұлттық тәрбие орталығын құрған да жөн сияқты. Жалпы бұл салада Жапон елін үлгі ретінде алуға болады. Жапондар бастауыш сыныпта тек жапон тілі, салт-дәстүр, жапон тарихы пәндерін ғана оқытады. Ал бастауыштан соң әлем тілдері мен озық үлгідегі толық біліммен қамтуды қарастырады.

Жасынан қанына сіңген тәрбие әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да бойынан кетпейді. Жапондықтардың жасынан қартына дейін ұлттық дәстүрі мен тілін қадірлейтіні осыдан болса керек. Елдің болашағы, ұлттың ұйытқысы жастар тәбиесін мемлекеттік деңгейде аса мән беріп қолға алмаса кеш болары сөзсіз.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, еліміздің болашағы үшін тек білімді жастарды өсіру аздық етеді. Бойына рухани құндылықтарды сіңіре білген жас буын өкілдерін тәрбиелеп шығарғанда ғана Қазақ елі ғасырлар белесінен сүрінбей өтетіні хақ.

Еліміздің болашағы тарихқа табан тіреп тұрып, болашаққа қол созатын жастардың қолында екенін ұмытпайық!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға