Жаңалықтар

«Қазақтелеком» мен Air Astana жазаланды

«Қазақтелеком» мен Air Astana жазаланды
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ 01.04.2024 11:07 609

Цифрлық даму министрлігі ақпан айындағы жеке деректердің тарап кетуіне қатысты аудит нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, 16 ақпанында қазақстандықтардың 2019-2022 жылдардағы жеке деректерін белгісіз біреулер GitHub ресурсында жариялаған болатын.

Жарияланған ақпаратта қазақстандық байланыс операторларының абоненттері туралы ресми ақпараттары бар, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Эйр Астана» АҚ аталды.

Министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-мен бірлесіп инфрақұрылымында жаңа ымыраға келу фактілері анықталмаған ұялы байланыс операторларының ақпараттық қауіпсіздігінің жай-күйіне талдау жүргізді. Бүгінде компанияларды отандық ақпараттық қауіпсіздік операциялық орталықтары қорғайды, - делінген ҚР ЦДИАӨМ таратқан мәліметте.

Сонымен қатар министрлік «Қазақтелеком» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Эйр Астана» АҚ-ға қатысты ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізді.

Нәтижесінде 2 заңды тұлға («Қазақтелеком» АҚ, «ЭйрАстана» АҚ) Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 641-бабының 1-бөлігінің 2-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою үшін бір жыл мерзімге нұсқама берілді. «БЖЗҚ» АҚ бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ, - деп қосты ведомстводағылар.

Қазіргі уақытта аталған ұйымдардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін анықтау және болдырмау мақсатында тәулік бойы мониторингте тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға