«Қазақтар жақсы көреді»: ең сенімді көлік маркалары анықталды

 toyota-city.kz
Фото: toyota-city.kz

Автокөлік қанша жерден қуатты әрі сәнді болса да, көпшілік үшін ең басты көрсеткіш – сенімділік.

Заманауи технологиялар мен дизайннан гөрі, жүргізушілер ұзақ мерзімде «мінез көрсетпейтін» көлікті таңдауға басымдық береді.

Осыған байланысты америкалық Consumer Reports порталы автокөліктердің сенімділігі бойынша жаңа рейтингін жариялады. Қызығы, алғашқы төрт орынды түгелдей жапон маркалары иеленді.

Зерттеу шамамен 380 мың автокөлікті қамтыған, оның ішінде 2026 жылғы жаңа модельдер де бар. Нәтижесінде сарапшылар бірінші орынға Toyota компаниясын қойды. Екінші орынды Subaru, үшінші орынды Lexus, ал төртінші орынды Honda иеленді.

Toyota бұл тізімде айқын көшбасшы атанды. Компанияның бірден алты моделі (оның ішінде Lexus те бар) ең сенімді көліктердің алғашқы ондығына енген.

Ал Tesla күтпеген серпіліс жасап, сегіз сатыға жоғарылады. Бұған Model 3 пен Model Y модельдерінің сенімділігінің жақсаруы себеп болған. Сарапшылар бағалауынша, Model Y биылғы ең сенімді электромобиль әрі ең төзімді электрлі кроссовер атанды.

Керісінше, Mazda компаниясы рейтингте айтарлықтай төмендеді. Бұрын сенімділігімен танылған бренд бұл жолы бірден сегіз орынға құлдырап, 14-орынға жайғасқан. Сарапшылар мұны CX-70 және CX-90 модельдеріндегі жаңа гибридті қозғалтқыштар мен трансмиссиялардағы ақаулармен байланыстырады.

Consumer Reports мамандары сенімді көлік іздегендерге жап-жаңа немесе жуырда жаңартылған модельдерді бірден сатып алмауға кеңес береді. Өйткені жаңа технологиялар мен платформалар уақыт өте «сынақтан» өтеді, ал алғашқы кезеңде олардың ақау беру ықтималдығы жоғары болады.

Оқи отырыңыз