Қазақтың ою-өрнектері – жай ғана сәндік әшекей емес, ұлттың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін мәдени мұра. Әр оюдың өзіндік мәні, қолданылатын орны мен халықтық түсінікте қалыптасқан мағынасы бар. Соның бірі – түйе табан оюы. Бүгінде бұл өрнекті сақинадан, сырғадан және өзге де әшекей бұйымдардан жиі көруге болады. Ал дәстүрлі қазақ танымында оның қолданылуына қатысты қандай түсінік болған?
Этно-дизайнер Ғазиза Таңшолпанның айтуынша, қазақ халқы түйеге ерекше құрметпен қараған. Көшпелі тұрмыста түйе жүк тасып, алыс сапарға шығуға мүмкіндік берген. Сондықтан бұл жануардың бейнесі халықтың дүниетанымында айрықша орын алған.
Қазақтар бұл ою түрін ешқашан аяққа баспаған. Қазір түйе табан ою-өрнегі әшекейлерде жиі кездеседі. Мен сақиналардан үнемі көремін. Ал бұл оюды неге аяққа баспаған? Себебі Пайғамбарымыз түйе мінгенге байланысты оны киелі тұтқан. Соның аясында түйенің жүнінен жасалған киізден ешқашан аяққа төсейтін бұйым жасамаған. Оған көбіне қой мен ешкінің жүндерін қолданған. Ал түйенің жүні мен оюын мұрақтарда, әшекей бұйымдарда пайдаланған. Қазақ халқы ою-өрнектерге өте қатты мән беріп қараған, – дейді этно-дизайнер.
Түйе табан оюы нені білдіреді?
Түйе табан – жануардың табанына ұқсатып жасалған зооморфтық ою-өрнек. Қазақтың дәстүрлі оюларының бұл тобына қошқармүйіз, ботамойын, түйе өркеш секілді атаулар да жатады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Түйе бейнесі көшпелі халықтың тұрмысымен тығыз байланысты болғандықтан, оның бейнесі мен дене мүшелеріне ұқсас өрнектер қолөнер бұйымдарында қолданылған. Этнографиялық деректерде түйетабан оюы алыс сапармен де байланыстырылады. Мұндай өрнек түйенің жабуына, қомына және керуенге қажетті басқа да бұйымдарға салынған.
Қазақтар оюды неге кез келген жерге салмаған?
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде ою-өрнек бұйымды безендіру құралы ғана емес, оның қызметі мен мәнін айқындайтын көркемдік белгі болған. Өрнектер киімге, бас киімге, кілемге, текеметке, сырмаққа, үй жиһаздарына және зергерлік бұйымдарға салынған. Олардың орналасуы бұйымның мақсатына, пішініне және халықтық түсініктерге қарай таңдалған.
Мысалы, этнографиялық түсіндірулерде бас киімге арналған кейбір оюларды аяқ астына төселетін бұйымдарға салу құпталмағаны айтылады. Бұл – халқымыздың оюдың атауына ғана емес, оның қолданылатын орнына да мән бергенін көрсетеді.
Дегенмен, түйе табан оюын аяққа басуға қатысты тыйымды бүкіл қазаққа ортақ, барлық кезеңде бірдей сақталған қағида деп кесіп айтуға болмайды. Оюлардың қолданылуына қатысты түсініктер аймаққа, дәстүрге және шеберлік мектебіне қарай өзгеруі мүмкін.
Ұлттық оюды заманауи бұйымдарда қолдану
Бүгінде ұлттық нақыштағы әшекейлерге қызығушылық артып келеді. Сақина, сырға, алқа мен киімдерге қазақы өрнектерді енгізу – дәстүрлі өнерді заманауи үлгіде жаңғыртудың бір жолы.
Алайда оюды тек сәндік элемент ретінде қабылдамай, оның атауы мен шығу төркінін де білу маңызды. Өйткені әр өрнектің артында халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі және дүниетанымы жатыр.
Қазақтың ою-өрнегін бүгінгі дизайнда қолдану оның бастапқы мағынасын түсінуге кедергі келтірмеуі керек. Керісінше, ұлттық мұраны тереңірек танып, келесі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.