Қазақстанның жаңа даму стратегиясын кімдер әзірлейді? Тоқаев сарапшылар тобын бекітті

Қазақстанның жаңа даму стратегиясын кімдер әзірлейді? Тоқаев сарапшылар тобын бекітті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақтағы даму бағытын айқындайтын ұзақ мерзімді тұжырымдаманы әзірлеу үшін Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекітті. Бұл жолғы жұмыстың басты ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет стратегиялық сипаттағы құжатты әзірлеу үдерісі барынша ашық форматта жүргізілмек. Сондай-ақ жұмыс тобының құрамы алғаш рет жарияланып отыр.

Қазақстанға жаңа даму стратегиясы не үшін қажет?

Президент «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобы туралы» өкімге қол қойды. Жаңа консультативтік-кеңесші орган елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдер мен басымдықтарды сараптамалық тұрғыдан пысықтаумен айналысады.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында елдің жаңа тарихи кезеңге қадам басуына байланысты ұлттық жоспарлар мен стратегияларды қайта зерделеу қажеттігін атап өткен болатын.

Қазақстан Тәуелсіздіктің келесі маңызды белесіне қандай нәтижелермен жететінін айқындауы керек. Ол үшін елдің болашағына қатысты нақты көзқарас қалыптастырып, осы уақытқа дейін қол жеткізген нәтижелерге баға беру қажет. Сонымен қатар егемендікті нығайтуға, экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттерді белгілеу маңызды.

Мемлекет басшысы Жолдауда Президент Әкімшілігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, депутаттар, сарапшылар мен ғылыми орталықтарды тарта отырып, бір жыл ішінде Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайтын құжат әзірлеуді тапсырған еді.

Бұл құжат мемлекеттік органдар үшін бағдар болмақ. Сондай-ақ ол қазіргі шешімдердің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделермен үйлесуіне және ел дамуының сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сарапшылар тобын кім басқарады?

Сарапшылар тобының жетекшісі болып Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин тағайындалды. Оның орынбасарлары:

  • Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева;
  • Президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев.
  • Топ хатшысы қызметіне Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов тағайындалды.

Мұндай басқару құрамы ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың, талдау құрылымдарының және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Топтың негізгі міндеттері – тұжырымдамалық тәсілдерді айқындау және сараптамалық тұрғыдан пысықтау, сондай-ақ аналитикалық, әлеуметтанулық және форсайт-зерттеулердің нәтижелерін талқылау.

Жұмыс органы болып Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты белгіленді.

Сарапшылар тобының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі. Талқылауға оның тұрақты құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнестің, азаматтық қоғамның өкілдері мен басқа да мамандар қатыса алады.

Стратегияны әзірлеуге қоғам өкілдері де қатысады

Сарапшылар тобының құрамында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері бар. Бұл мемлекеттік дамудың болашақ басымдықтарын талқылау кезінде қоғамның түрлі топтарының мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.

Депутаттық корпустың атынан Динара Закиева, Дархан Ахмедиев, Қарлығаш Жаманкұлова, Бүріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым және Марат Шибутов қатысады.

Олардың жұмысы стратегиялық бағыттарды заң шығару қызметімен және азаматтар көтеретін өзекті мәселелермен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ топ құрамына мәдениет, телекоммуникация, экология, жастар саясаты және қоғамдық даму салаларында жұмыс істейтін Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері енді.

Олардың қатарында Рауан Кенжеханұлы, Бағдат Мусин, Евгений Мухамеджанов, Найла Мухтарова, Айгүл Сәдуақасова және Жұлдызай Искакова бар.

Ғалымдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері де тартылды

Сарапшылар тобының құрамына экономика, цифрландыру, өнеркәсіп, білім беру, демография, әлеуметтану және стратегиялық болжау салаларында тәжірибесі бар мамандар енгізілді.

Атап айтқанда, топ жұмысына Higgsfield AI компаниясының негізін қалаушылардың бірі Ерзат Дулат, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі Ernst & Young басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, Desht талдау орталығының жетекшісі Қуаныш Жайықов, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова, сондай-ақ «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова қатысады.

Әртүрлі саланың мамандарын тарту Қазақстанның даму мәселелерін кешенді қарастыруға, экономика, технология, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару арасындағы байланысты ескеруге мүмкіндік береді.

Сараптамалық жұмыс нәтижесінде ұзақ мерзімді сын-қатерлерді, ұлттық мүдделер мен стратегиялық шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндіктерін ескеретін ұсыныстар әзірленеді.

Сарапшылар тобының құрамын жариялау – стратегиялық құжат әзірлеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл тәсіл қоғамға құжатты әзірлеуге кімдердің қатысатынын білуге және талқылау барысын бақылауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың толық тізімін мына жерден көруге болады.

Оқи отырыңыз