Қазақстанның үздік оқушылары Ақордада қонақ болды

 Aqorda
Фото: Aqorda

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақордада ерекше экскурсия ұйымдастырылды. Президент резиденциясы еліміздің барлық өңірінен келген 100 оқушыны қабылдады. Олардың қатарында пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарда топ жарған дарынды жеткіншектер болды.

Кішкентай қонақтарға Ақорданың тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы кеңінен таныстыратын экскурсия өткізілді. Оқушылар ресми қабылдаулар өтетін залдарды аралап, Мемлекет басшысының кітапханасымен танысты. Сонымен қатар резиденция аумағындағы бақта серуендеп, еліміздің басты саяси ғимаратының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Экскурсия барысында жеткіншектер Қазақстан тарихы туралы тың мәліметтер алып, Тәуелсіздіктің құндылықтары мен ел дамуының маңызды кезеңдері жөнінде мағлұмат алды. Шара соңында балаларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, – деді Президент.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тұрады. Бұл ел халқының шамамен үштен бірін құрайды. Балаларды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүйелеу мақсатында биыл 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданған еді.

Сондай-ақ елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың жеке шоттарына аударылады. Биыл бағдарламаға 6,9 миллионнан астам бала қатысып, олардың шоттарына 900 миллион доллардан астам қаражат бөлінді. Жиналған қаржыны балалар 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.

Оқи отырыңыз