Қазақстанның таңғажайып табиғаты әлем назарында

 Видеодан скриншот
Фото: Видеодан скриншот

Дубайлық фотограф әрі тревел-блогер Mohamed Ourty Қазақстанның табиғатына арналған видеосын Instagram әлеуметтік желісінде жариялап, мыңдаған шетелдік қолданушының назарын аударды.

Жарияланған бейнероликте еліміздің көркем табиғаты, асқар таулары, мөлдір көлдері, шатқалдары мен кең байтақ даласы көрсетілген. Қысқа уақыт ішінде видео көп қаралым жинап, шетелдік оқырмандар Қазақстан туралы жылы пікірлер қалдырды.

Қазақстанға саяхаттағысы келетіндер көбейді

Желі қолданушылары жарияланым астында Қазақстанның табиғатына тәнті болғандарын жазған. Кейбірі елімізді алдағы саяхат бағыттарының тізіміне қосқанын айтса, енді бірі Қазақстандағы мұндай әсем табиғат туралы бұрын білмегенін жеткізген.

Пікірлердің басым бөлігінде Қазақстанның табиғаты әлемдегі ең көркем орындардың бірі екені айтылып, оны Исландия, Швейцария және Жаңа Зеландиядағы табиғатпен салыстырғандар да бар. Сонымен қатар көптеген шетелдік турист елімізге келіп, бұл жерлерді өз көзімен көргісі келетінін жазған.

100 мыңнан астам оқырманы бар блогер

Mohamed Ourty – табиғат пен саяхат тақырыбында контент жасайтын танымал фотограф әрі тревел-блогер. Оның Instagram парақшасын 100 мыңнан астам адам оқиды.

Блогер әлемнің түрлі елдеріндегі ерекше табиғи орындарды, туристік бағыттарды және мәдени ерекшеліктерді өз аудиториясына таныстырып келеді. Бұл жолы оның назары Қазақстанның табиғи сұлулығына ауды.

Қазақстанның туристік әлеуеті артып келеді

Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын тудырып отырған бағыттардың біріне айналды. Әсіресе, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Қайыңды көлі, Бозжыра шатқалы, Алтын-Емел ұлттық паркі, Бурабай және Маңғыстау өңірінің табиғи ландшафтары халықаралық туристер жиі баратын орындардың қатарына еніп келеді.

Туризм саласы мамандары әлеуметтік желілердегі осындай жарияланымдардың елдің халықаралық имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтады. Миллиондаған адам қолданатын платформаларда Қазақстан туралы сапалы контенттің көбеюі шетелдік туристердің қызығушылығын арттырып, елдің туристік әлеуетін әлемге танытуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желі – туризмді насихаттайтын маңызды құрал

Қазіргі таңда көптеген саяхатшы жаңа бағыттарды дәл Instagram, TikTok және YouTube секілді платформалар арқылы таңдайды. Сондықтан әлемге танымал блогерлердің Қазақстан туралы бейнероликтері еліміздің табиғатын халықаралық аудиторияға таныстырып қана қоймай, туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.

Әлім Айша Бауыржанқызы

Оқи отырыңыз