Жаңалықтар

Қазақстанның қазіргі келбеті көңіліме қуаныш сазын ұялатады

Қазақстанның қазіргі келбеті көңіліме  қуаныш сазын ұялатады
Фото: top-news.kz 18.11.2022 08:00 2016

Қалибек Деріпсалдин  Қостанай облысы, Амангелді ауданына қарасты Батпаққара ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне түсіп, оны 1973 жылы қызыл дипломмен тәмамдайды. Кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясынан дәріс алған. Еңбек жолын Арқалық қаласында  ән-күй пәнінің мұғалімі болып бастаған ол «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблдің де құрамында жұмыс істейді. 1991 жылы  Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Қазақ КСР-ға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері»  деген құрметті атағы берілді.    

Сүйкімді қылығымен сағындырып, әсем көркімен, жүрегінің өртімен небір дана мен данышпандарды табындырған нәзік жаратылыс иелеріне  сазгер Қалибек Деріпсалдин де  сазы мен сөзі үндескен бірнеше ән жазды. Солардың бірі – «Қазақ қызы» әні. Әлі күнге дейін әнсүйер қауымның жүрегіне жол тауып жүр. Торғай өңірінде балдәурен шағы өткен Қалибек Деріпсалдинның да балауса арманы балбұлақтың көкорай шалғын жағасында көктеген сияқты. Өнерлі отбасында туып-өскен Қалибекті өнерге деген ыстық ынтызарлық,  ән-күйге деген әдемі сүйіспеншілік өз дегеніне көндірмей қоймады.

 Мен өскен әулет өнерпаз еді. Анам Мағия Жұмабаева Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің тобымен бірге ауыл-ауылды аралап, ән салған кісі. Әкем де қаражаяу емес-тін. Балуан болған, домбырада ойнаған. Суырып салма ақындығы да бар еді.   

Өнерді қанша қадірлесе де, әкесі өз ұлының ауылшаруашылығы мамандығын таңдауын қалады. Алайда Қалибекті өнер жолы  арман-айдындарға жетеледі. Өйткені, ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ күй шығарған.

Әкем мені өнерге бергісі келмеді. Мал дәрігері мамандығына барғанымды қалады. «Жақсы, әке» дедім де, өз қалауыммен Жамбылдағы мәдени-ағарту учелищесіне түстім. Үйге келгенде әкем сұрайды ғой, сонда мал дәрігерлік оқуға түстім деп, өтірік айттым. Кейін әкем білді де, өз батасын берді. Оқуды бітіргеннен кейін Тараздың «Алатау» ансамблінде үш жыл еңбек еттім. Содан кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түстім. Ең бірінші мен күй жаздым. Аудандағы Амангелді орта мектебінде  балалар оркестрі болды. Көркемдік жетекшісі музыка пәнінің мұғалімі Аманбай Мұқышов еді. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде комсомолдар мерекесіне орай «Лениншіл» деген күй шығардым. Сол жылы Қостанайда оқушылар арасында көркемөнерпаздар байқауы өтті. Сол байқауда менің күйімді орындаған біздің оркестр бірінші орын алды. Кейін Алматыдағы республикалық  байқауда да менің күйім лауреат атанды.

Сонау 1970 жылдардан бері қарай жетелеген ән құдіреті Қалибекті өсу мен өрлеудің, талмай іздену мен талғампаз талпыныстың жемісті жылдарына көтерді.  Оның бастау көзі – табиғат берген, ата-анадан жұғысты болған талантында еді.

 Композитор Ермұрат Үсенов Қалибекті «Қостанай мен Торғайдың кең даласында өзіндің әуен қалыптастырған дарын иесі» десе, атақты композитор Еркеғали Рахмадиев Қалибектің талантына тәнті болып, ақ батасын берген.                                                                             

«Тани білген адамды сұңғыла сөз, әсем ән небір тылсым дүниеге жетелейді. Өнер жолын жүрек қалауыман таңдаған жан қалаған бағытына  жұлдыздай ағатыны сөзсіз.  Ал, Қалибектің көңілі өнермен көктеді емес пе!? Сондықтан да, оның жүрек соғысы өнермен өрілген, содан өріс іздейді, өлеңмен жүздеседі.  Орындаушысының оралымына қарай ажарлана түсетін ән де түрленеді, түлейді. Көңіліме  көлдей сезім сыйлап, мені сұлу дүниеге ынтық еткен осы ән. Сондықтан, ән шығарғанда мәтініне көп үңілем»,- дейді Қалибек Деріпсалдин.  

«Мен әніме сөзін жазатын ақыннан жаңылысқан емеспін. Қазақтың мықты ақындары Мәриям Хакымжанова, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов сияқты таланттарға сөз жазғыздым. Менің әуеніме осы ақындар өз өлеңмен қазақтың мұңы мен сырын, таусылмас сағыныш сазын толтырды. Олардың жырларынан қазақы рухты ерекше сезінетінмін. Жусан иісі аңқыған керімсал кең далада солардың арқасында тамаша әндер туды». 

Қалибек Деріпсалдин өзінің өмір жолында бірнеше халық аспаптар ансамблін құрды.  Мәселен, Арқалық қаласында «Торғай толғауы» халық аспаптар ансамблінің өмірге келуіне ұйтқы болған ол өзінің ұйымдастырушылық қырын таныта білді.  1980 жылы Торғай облысының Қима аудандық мәдениет бөлімін басқарып, осында «Гүлдәурен» халық аспаптар ансамблін құрады. Ансамбль аз уақыттың ішінде облыстық фестивальдің лауреаты атанды. Осы жылы Қалибекке  «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі» атағы берілді. 1982 жылы Торғай облысы Аманкелді аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған жылдары «Торғай толқыны» халық аспаптар ансамблінің өмірге келуі Қалибектің еңбегімен тығыз байланысты. Ансамбль республикада ғана емес, шет елдерде де танымал болды. Осы аудандағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің қабырғасында   «Көктем гүл» ән-би ансамблінің құрылуына да ұйтқы болған   осы азамат. Міне, мұның бәрі еңбек емес пе?!

Қай сазгердің болмасын өнерге деген өзінің іңкәр сезімі бар. Сол арқылы талантын  танытады. Сазбен сурет салу сазгерге тән қасиет емес пе!?, Меніңше, сазгерлік ғұмырдың бар ғанибеті, даламен сырласқан, ән болып өрілген  сәттерде. Бақытты да, аяулы да бір өзің секілденген сол мезеттер үшін, мына  біздер, кейде, пендеуи  ғұмырдың көп қызығынан бас тартатынымыз да  бар. Ал, сазгерлік өнердің өнегесі айналасына ізгіліктің нұрын тарата білуінде, қатігездік, бойкүйездік белең алған қоғамда, адамдарды мейірімділік дейтін ең асыл  қасиетке тәрбиелей білуінде. Елдің мерейлі сәттерін, келешектің кемел көкжиегін бағдарлайтын бәсі бөлек әуенді  өмірге әкелген бүгінгі сазгерлер көбіне көп, әнсүйер қауымның жанын тербейді. Ән деген арманшыл жастарды қанаттандырады. Өмірге ынтызар ғашықтардың жүрек қылын шерттіреді.

«Қазір жүрек біткенді елжіретіп, қазақ даласына кең қанат жаятын ән-әуездер азайып кетті. Көптеген әннің мәтіні де әуенмен үндеспей, сұлу өнердің ажарын қашыруда», - деп қынжылады Қалибек аға. - Осы киелі өнердің соншалықты мәнсіз болуына себеп – еліміздегі шығармашылық кеңестің дұрыс жұмыс істемеуі, - дейді композитор.

Кешегі кеңестік дәуірде өзің шығарған әнді небір талқылаудан өткізетін едік. Бір әнді өткізу үшін атақты өнер иесінен кепілдеме алуың керек. Кепілдеме болмаған жағдайда облыстық газет былай тұрсын, аудандық басылымдар да жанына жуытпайтын. Нотасын баспайтын. Көркемдік кеңестен өту одан да қиын еді. Небір талдаудан өтіп, сұрыпталатын. Ал, қазір ондай талап жоқ. Кім көрінген сазгер болып кетті. Бүгінде көркемдік кеңес жоқ, кім қайдан құлақ шығарса да өз еркі. Әннің мәтіні түсініксіз, орысша-қазақша аралас бірдеңе. «Хит ән» дейтінді шығарды. Еш талғамы жоқ әндер. Заң бар, бірақ әлсіз, еш бедел жоқ. Ерінбегеннің бәрі ән жазып кетті. Ешқандай тәртіп жоқ. Тіпті, жүрегің ауырады. 

«Қазір әнді жарнамалау, бейнебаян түсірушілер көбейіп кетті. Рас жақсы, жүрек қылын шертетін әндер болса тыңдауға тұрарлық. Алайда құлақтан кіріп бойды алмайтын әуендерді жарнамалау да әдетке айналып кетті», - дейді Қалибек Деріпсалдин.

«Қазір қызық, бір ән шығарады да оны жарнамалап жатады. Қанша жерден жарнамаласаң да, талғамсыз ән тыңдаушының жүрегіне жетпейді. Бәрбір  Шәмші, Әсеттің әніндей болмайды. Егер әннің сүңғыла сөзі, сұлу әуені болмаса, адам жүрегі иланбайды. Сыршыл көңілдің нәзік иірімдерін, майда қоңыр мақпал тыныштығын баурайтын самалды саз, әдемі әуен ғана. Сұлулықты сүймесең, өнерді бағаламасаң, жақсыны танымасаң, жақсы ән жазам деу бекершілдік.  Жақсы әуен – жүрек тілі, сезім мен көңіл күйі ғой.  Ән жазарда адам өзінің жүрек түпкіріне терең бойлап, саз сиқырынан сыр тарқатуы керек. Сезім пернелерін дәл басатын әуен туғызу үшін  үлкен еңбекті талап етеді.

Қалибек  жүрегінің тәуелсіздік байрағын ұлықтап, өзінің де осы жолда қажыр-қайрат таныта білуі де бойына сіңген өнердің негізі болса керек. Оның әндері туған жер, еліне арнаған өз көңілінің шұғыласы, асыл нұры. Қалибек  атақ іздеген жоқ, атақ оны іздеді. Өйткені, сазгер әндерінің тұла бойы тұнып тұрған қазақы арна. Ұлттық әуен, сағыныш сазы.

Еліміз қарыштап өсіп келеді.  Мен ана заманды да көрдім. Ол заманға қарағанда қазіргі Қазақстанның келбеті ерекше. Зәулім-зәулім ғимараттар, жаңа бір көрініс. Сол бір керемет көріністі әнге қосу керек қой. Домбыра үнімен үндестіріп,  даланың алуан түрлі әуезмен әрлеу қажет. Күмбірлеп шыққан қоңыр әуенің еліңе арналса,  көңілдің кіршіксіз көкжиегі жарқырайды! Осындай елде тұрып жатқан сазгердің көкейінде айтылатын аңсау әуен болғаны дұрыс. Біздің  әніміз ұлттық рухпен үндесуі керек.

Қалибек Деріпсалдин  «Көктем қыздар», «Домбыра сазы-Ерке құсым», «Айлы түнде», «Торғай әуендері»  атты әндер жинағы мен  «Қимадым ғой..» партитуралар жинағының авторы. 150-ден астам ән шығарды. Қазір олар сахна сәніне айналған.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға