Атырау облысы Қазақстанда дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатын тұрғындардың үлесі бойынша көш бастады. Өңірде халықтың 50,3 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, елімізде спортпен айналысатын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы тұрғындардың 40,4 пайызы дене шынықтырумен тұрақты айналысса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 44,5 пайызға жеткен. Осы уақыт аралығында спортпен шұғылданушылар саны 8 миллионнан 8,5 миллион адамға дейін өсті.
Мемлекет 2029 жылға қарай халықтың жартысын бұқаралық спортқа тартуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2027 жылы бұл көрсеткішті 46 пайызға, 2028 жылы 48 пайызға, ал 2029 жылы 50 пайызға жеткізу көзделген.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда үш жастан асқан тұрғындардың 47,7 пайызы дене шынықтырумен немесе спортпен айналысады. Зерттеу 12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізілген. Нәтижесінде азаматтардың 19,2 пайызы бос уақытында өз бетінше жаттығатыны, 28,1 пайызы білім беру мекемелеріндегі спорт сабақтарына қатысатыны, ал 0,4 пайызы кәсіби спортпен шұғылданатыны анықталған.
Елімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған арнайы тұжырымдама жүзеге асырылып жатыр. Құжатта балалар мен жастарды, ересектерді, егде жастағы азаматтарды және мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартуға ерекше назар аударылған.
Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа спорт нысандарын салу, қолданыстағы алаңдар мен залдарды жаңғырту және білікті мамандар санын арттыру жоспарланған. Әсіресе ауылдық жерлерде спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы мақсатта ауылдардағы спорт нұсқаушыларының санын 4 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқаралық және балалар спортын дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір бала қай өңірде немесе елді мекенде тұратынына қарамастан спортпен айналысуға мүмкіндік алуы тиіс.
Дегенмен Туризм және спорт министрлігі өңірлердің спортпен қамтылу деңгейі бойынша рейтингі тұрақты емес екенін ескертті. Көрсеткіштер есептік кезеңге байланысты өзгеруі мүмкін.
Соған қарамастан, Атырау облысы бүгінде ел бойынша алдыңғы қатарға шығып, 2029 жылға жоспарланған 50 пайыздық межеден асып отыр.