Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың жартысы республикалық маңызы бар жолдарда опат болған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, еліміздегі бірқатар автожол учаскелерінде адам өлімі көп тіркеліп отыр.
Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы Алматы – Ташкент автожолының бір учаскесінде 60 адам қаза тапқан. Алматы облысындағы Алматы – Бішкек бағытындағы жолда – 33 адам, Алматы – Өскемен бағытында – 12 адам, Алматы – Көкпек – Көктал жолында – 17 адам қаза болған. Ақтөбе облысында да адам өлімі көп тіркелген жолдар бар. Шымкент – Самара автожолында 19 адам, ал Ақтөбе – Атырау бағытында 14 адам көз жұмған, – деді Ержан Сәденов.
Жол бойындағы инфрақұрылым да мәселе болып отыр. Ержан Сәденов жол қауіпсіздігіне тек жолдың сапасы емес, оның бойындағы инфрақұрылымның жағдайы да әсер ететінін айтты.
Министрдің сөзінше, жол бойында кемпингтер мен тамақтану орындары жеткіліксіз. Соның салдарынан жүргізушілер қажетті деңгейде демалмай, ұзақ уақыт көлік жүргізуге мәжбүр болады. Бұл шаршауға, тіпті рөлде ұйықтап кетуге әкелуі мүмкін.
«Жалпы алғанда, жолдардың тек 16 пайызы қазіргі талаптарға сәйкес келеді», – деді Ішкі істер министрі.
Оның айтуынша, бірінші санаттағы 6 мың шақырым жол салу қажет. Мұндай жолдардың жол-көлік оқиғаларындағы адам өлімін азайтуға әсері жоғары. Мысал ретінде Қарағанды мен Алматы арасындағы төрт жолақты автожолды атады. Аталған жол іске қосылғаннан кейін бұл учаскедегі адам өлімі 47 пайызға төмендеген. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖолға» жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдетуді ұсынды.
Бұған дейін Қазақстанда жолдардың жағдайына байланысты 5 мың лауазымды тұлғаның жауапқа тартылғаны хабарланған болатын.