Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Сол өзгерістердің, Конституциялық жаңарулар аясында Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленіп отыр.
Құрылтай сайлауы қарсаңында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы жаңа медиакешенде сайлауға қатысатын саяси партиялар арасындағы Ұлттық теледебат өтті.
Пікірсайысқа «Әділет», «Ауыл», Respublica, Қазақстан Халық партиясы, «Байтақ», «Ақжол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияларының өкілдері қатысты.
Теледебат 5 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, Құрылтай сайлауына қандай мақсатпен қатысып отырғанын және сайлаушыларға ұсынатын бастамаларын баяндады.
ІІ кезеңде барлық қатысушыға ортақ екі сұрақ қойылып, партиялар адам капиталын дамытуға қатысты көзқарастары мен бағдарламалық ұстанымдарын ортаға салды.
«Бетпе-бет» форматындағы ІІІ кезеңде партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойып, өзара пікір алмасты. Бұл бөлімде қатысушылар бағдарламаларындағы басымдықтарды нақтылап, көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін дәлелдеуге мүмкіндік алды.
ІV кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көрермендерден түскен сауалдар қойылды. Ол сауалдар мен ұсыныс-пікірлерін қабылдау үшін арнайы байланыс орталығы жұмыс істеді. Партия өкілдері қоғамды толғандырған әлеуметтік сала, экономика, білім беру және денсаулық сақтау бағыттарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Қорытынды кезеңде әр партия өкілі сайлаушыларға түйін сөзін сөйлеп, өз бағдарламаларының негізгі басымдықтарын тағы бір мәрте таныстырды.
Серік Егізбаев «Ауыл» партиясын қолдағандарға алғысын айтып, партияның сайлауға нақты бағдарламамен қатысқалы отырғаныны айтты. Соңғы кезеңде ол «Қалаға хат» деген өлеңнен үзінді оқып берді.
«Ауыл солай биікте қалу керек, Ал ауылға ерінбей бару керек. Адамның кіндік қаны тамған жерге», деп ақын Бауыржан Шермединнің өлеңінен үзінді оқыған саясаткер сөзін электортаттың қолдауын сұрап, қортындылады.
Нұргүл Қадырбаева «Байтақ» жасылдар партиясының ұстанымы – таза ауа, таза су, таза жер, таза ниет, ағайын. Ол таза табиғатсыз біздің өміріміз жоқ. Табиғат пен адам өмірі тікелей байланысты. Біз тек табиғатпен үйлесімді өмір сүреміз» деп түйіндеді сөзін.
«Әділет» партиясының өкілі Ренат Бектұров ел болашағы адамның әл-ауқатын ашатын жүйе құрумен тікелей байланысты екенін айтып, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды. Ол білімді қоғам ғана бәсекеге қабілетті мемлекет құра алатынын, денсауылығы мықты қоғам ғана қуатты мемлекет құратынын, әделеттілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілікті өзіне алатын қоғам дамыған қоғам болатынын баса айтты.
ЖСДП өкілі Тазабек Сәмбетбай ең қымбат құндылық адам екенін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек экономиканың, кәсіпкерліктің, әсіресе, орта және шағын бизнестің маңызына тоқталды. Сонымен бірге дәрігер, құрылысшы, көше сыпыратын қарапайым жұмыскер де қажеттігіне, олар да қамқорлыққа зәру екеніне назар аударды. Осыған байланысты ол партия бағдарламасында тең мүмкіндіктер ұсынылғанын жеткізді.
«Ақ жол» партиясының мүшесі Олдас Нұралдинов өз партиясының адами капиталға салынған нақты инвестициялардың бірі – адамдарға екінші мүмкіндік беру деп санайтынын жеткізді. Ол партияластырының бастамасымен жүзеге асқан заң жобасының нәтижесінде мыңдаған қазақстандық өздерінің қарыз жүктемесінен құтылып, өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік алғанын еске салды.
Reslublica өкілі Екатерина Смолякова сайлау – ел болашағы үшін жауапкершілікті кім өз мойнына ала алатынын айқындайтын таңдау екенін айтты. «Біз адал еңбек бағаланатын, кәсіпкер еркін жұмыс істей алатын, баланың болашағы білімі мен қабілетіне байланысты болатын, адамның құқығы қорғалатын елде өмір сүргіміз келеді» деген ұстанымды білдірді.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Сұңқар Ислам партияның сайлау бағдарламасы нақты әлеуметтік мәселелерге жауап беретінін атап өтті. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосу, сутденттердің стипендиясын көтеру, жатақханамен қамту, ең төменгі жалақаны көтеру сияқты мәселелерді назарда ұстайтындарын жеткізді.
Теледебат барысында көрермендер экрандағы QR-код арқылы онлайн сауалнамаға қатысып, пікірсайысқа қатысқан партия өкілдерінің өнер көрсетуіне баға берген еді. Тікелей эфир соңында дауыс беру қорытындысы жарияланды. Барлығы 21334 адам дауыс берді. Оның ішінде «Әділет» – 67,1%, ЖСДП – 2,2%, «Байтақ» – 2,1%, ҚХП – 8,2%, «Ауыл» – 5,4%, «Ақ жол» – 9,9%, Reslublica – 4,3%, ешқайсысы ұнамады – 0,8% болды.
Ұлттық теледебат Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, тікелей эфирде көрсетілді. Пікірсайыстан кейін теледебаттың қорытындылары мен көтерілген мәселелер саяси сарапшылардың қатысуымен «Qazaqstan» телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасында талқыланды.
Тікелей эфир сілтемелері:
http://youtu.be/Rgdo9SUUeL0
https://www.facebook.com/100044366714072/videos/1985344452124548
https://instagram.com/qazaqstantv/live
https://www.tiktok.com/@qazaqstan.tv_/live