Жаңалықтар

Қазақстаннан Әзербайжанға әуе рейстері қайта ашылады

Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлім етті
Қазақстаннан Әзербайжанға әуе рейстері қайта ашылады
Фото: sn.kz 24.01.2023 10:25 807

Қазақстан мен Әзербайжан астаналары арасында тікелей рейстер қайта ашылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Әзербайжан Республикасының авиациялық билік орындарымен бірлесіп, халықаралық қатынасты қайта бастау және ашу жөніндегі жұмыс шеңберінде "Әзербайжан Хава Йоллары" әуе компаниясының Баку – Астана және Баку – Алматы бағыттары бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін қайта жаңғырту мәселесін пысықтады.

Осылайша, Әзербайжан әуе компаниясы ағымдағы жылдың 10 наурызынан бастап Баку – Астана бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілігімен (бейсенбі, сенбі күндері), сондай – ақ ағымдағы жылдың 11 наурызынан бастап Баку-Алматы бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, жексенбі күндері) тұрақты жолаушылар рейстерін қайта бастауды жоспарлап отыр. Рейстер А-319/Е-190/Б-757 типті әуе кемелерінде орындалатын болады.

Қазақстан мен Әзербайжан астаналары арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени-іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға