Қазақстанға жаңа Volkswagen модельдері келеді: қандай көліктер сатылымға шығады

Қазақстанға жаңа Volkswagen модельдері келеді: қандай көліктер сатылымға шығады
Фото: Volkswagen

Volkswagen компаниясы көп жылдар бойы ұстанған «Қытайда жасалған – тек Қытайға арналған» қағидатынан бас тартты. Енді FAW-Volkswagen және SAIC Volkswagen бірлескен кәсіпорындарында шығарылатын автокөліктер алғаш рет Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға ресми түрде жеткізіледі.

CarNewsChina мәліметінше, Германиялық автоөндіруші Қытайда көлік шығаруды 1985 жылы мемлекеттік SAIC компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру арқылы бастаған. Кейінірек FAW концернімен де серіктестік орнатты.

Осы уақытқа дейін Қытайда құрастырылған Volkswagen модельдері тек ішкі нарыққа арналып, жергілікті тұтынушылардың сұранысына бейімделіп шығарылып келген.

Фото: Chinese MIIT
Фото: Chinese MIIT

Қазақстанға қандай модельдер келеді?

2026 жылдың маусым айында FAW-Volkswagen Қазақстан нарығына бірден үш модельді сертификаттады:

  • Volkswagen Magotan (Қазақстанда Passat атауымен сатылады);
  • Volkswagen Tayron L;
  • Jetta VS7.

Бұл модельдердің ресми сатылымы жақын уақытта басталады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Қазақстандағы Volkswagen-нің ресми модельдік қатары іс жүзінде Словакияда құрастырылатын Touareg моделімен ғана шектеліп отыр.

Фото: SAIC-Volkswagen
Фото: SAIC-Volkswagen

Неліктен Volkswagen экспортты күшейтіп жатыр?

Мұндай шешім Қытай автомобиль нарығындағы өзгерістерге байланысты қабылданды.

Volkswagen әлі де іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер сегментінде көшбасшылардың бірі болғанымен, электрлі көліктер мен гибридтердің қарқынды таралуына байланысты олардың нарықтағы үлесі азайып келеді.

China EV DataTracker дерегіне сәйкес:

Қытайда жаңа энергия көздерін пайдаланатын көліктердің (NEV) үлесі 54 пайызға жетті;

Volkswagen-нің жергілікті нарықтағы сатылымы бір жыл ішінде 29 пайызға төмендеп, 665,5 мың көлікке дейін қысқарған.

Сұраныстың төмендеуіне байланысты FAW-Volkswagen мен SAIC Volkswagen зауыттарында бос өндірістік қуаттар пайда болды. Компания оларды экспорт көлемін арттыру үшін пайдалануды көздеп отыр.

Орталық Азия Қытайда құрастырылған Volkswagen автомобильдері ресми жеткізілетін алғашқы өңірге айналады.

Фото: SAIC-Volkswagen
Фото: SAIC-Volkswagen

Қытай автонарығындағы жағдай

Volkswagen-нің экспорттық стратегиясының өзгеруі Қытай автонарығындағы жалпы трансформациямен тұспа-тұс келіп отыр.

Қытайдың жеңіл автомобильдер қауымдастығының (CPCA) мәліметінше жаңа көлік сатылымы тоғыз ай қатарынан төмендеп келеді, ал 2026 жылдың маусымында 1,62 миллион жеңіл автокөлік сатылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,4 пайызға аз;

жылдың алғашқы жартысында нарық 20,4 пайызға қысқарып, 8,8 миллион көлікті құрады.

Ішкі сұраныстың төмендеуі аясында көптеген автокомпаниялар экспортқа басымдық бере бастады. Қытайлық брендтер үшін бұл әлдеқашан негізгі өсім драйверіне айналса, енді дәл осындай стратегияны Volkswagen China да қолға алып отыр.

Компанияны қайта құрылымдау жүріп жатыр

Reuters агенттігінің мәліметінше, экспорт стратегиясының өзгеруі Volkswagen компаниясындағы ауқымды қайта құрылымдаумен қатар жүріп жатыр.

Компания өндірістік шығындардың өсуі, қытайлық автоөндірушілердің күшейген бәсекесі және кейбір нарықтардағы импорттық баж салығының қысымына тап болған.

Мысалы 2024 жылдың соңында Германиядағы автотұрақтарда жалпы құны 300 миллион еуродан асатын сатылмаған Audi және Volkswagen көліктері жиналып қалған.

Болашақта Volkswagen Қытайдан тек бензинді модельдерді ғана емес, сондай-ақ Қытай нарығына арнайы әзірленген электромобильдер мен гибридтерді де экспорттау мүмкіндігін қарастырып отыр.

Оқи отырыңыз