Қазақстанда шетелден автокөлік әкеліп, оны ел аумағында тіркеуге қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Қыркүйектің соңынан бастап жеке тұлғалардың шетелден жеке пайдалануға әкелетін көліктеріне электронды көлік паспорты – көлік құралының электрондық паспорты (КҚЭП) рәсімдеу тәртібі өзгерді.
КҚЭП рәсімінде жаңа талап пайда болды
Бұл өзгеріс әсіресе пайдаланылған көлік сатып алуды жоспарлап отырған азаматтар үшін маңызды. Өйткені көлікті шекарадан өткізу және сатып алу-сату құжатының болуы оның Қазақстанда тіркелетініне автоматты түрде кепілдік бермейді.
26 қыркүйектен бастап Индустрия және құрылыс министрлігінің көлік құралдарына электронды паспорт рәсімдеу тәртібіне қатысты бұйрығы күшіне енді.
Құжатқа сәйкес, жеке тұлғалар Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден немесе одаққа кірмейтін елдерден жеке пайдалануы үшін әкелген көліктерге КҚЭП рәсімделеді. Бұл талап көлік шығарылғанына бес жылдан аспаған жағдайда қолданылады.
Электронды паспорт — автокөлікті Қазақстанда әрі қарай тіркеу үшін қажет негізгі құжаттардың бірі.
Сондықтан шетелден жүрілген көлік сатып алуды жоспарлаған азаматтар мәміле жасамас бұрын оның Қазақстанда КҚЭП ала алатынын алдын ала тексергені жөн.
Әсіресе бес жылдан асқан көліктерге мұқият назар аудару қажет. Мұндай автомобильдерді Қазақстанда алғаш рет есепке қою кезінде құжаттарды рәсімдеу мәселесі туындауы мүмкін.
ЕАЭО арқылы келген көліктерге де қатысты
Жаңа тәртіп ЕАЭО елдері арқылы Қазақстанға жеткізілген автомобильдерге де әсер етуі мүмкін.
Құжатта басқа ЕАЭО мемлекетінде рәсімделген кейбір электронды паспорттарға «аяқталмаған» мәртебесін беру қарастырылған. Бұл, негізінен, бастапқыда үшінші елдерден әкелінген көліктерге қатысты.
Сондықтан ЕАЭО аумағынан келген кез келген көлік автоматты түрде Қазақстанда тіркеуге жарамсыз болады деген түсінік дұрыс емес. Мұнда автомобильдің нақты шыққан еліне, оның бұрынғы қозғалысына және электронды паспорты қандай құжаттардың негізінде рәсімделгеніне назар аударылады.
Утильалымды қашан төлеу керек?
Автокөлік әкелуге қатысты тағы бір маңызды өзгеріс — кәдеге жарату алымына байланысты.
Үкімет қаулысына сәйкес, жеке қажеттілігі үшін автокөлік әкелетін азамат көлікті еркін айналымға шығарғанға дейін утильалым төленгені туралы сертификат алуы тиіс.
Бұған дейінгі жалпы тәртіпте сертификат алу талабы көлікті алғашқы рет тіркеу кезеңімен байланыстырылған еді.
Сондықтан шетелден көлік әкелуді жоспарлаған азаматтар құжаттарды рәсімдеу кезінде жаңа талапты ескергені жөн. Яғни көлік еркін айналымға шығарылатын сәтке дейін утильалым төленіп, тиісті сертификат алынуы керек.
«Жылына бір көлік» талабы нені білдіреді?
Жеке тұлғалар үшін қолданылатын «жылына бір көлік» шектеуі де маңызды мәселелердің бірі.
Бұл талап автокөлікті жеке пайдалану мақсатында әкелу тәртібіне қатысты. Егер азамат бірнеше көлік әкелсе, кеден органдары мұндай импортты кәсіпкерлік қызметпен байланысты деп қарастыруы мүмкін.
Сондықтан бір жыл ішінде бірнеше автомобиль әкелуді жоспарлаған азамат олардың қандай мақсатта және қандай тәртіппен рәсімделетінін алдын ала анықтағаны дұрыс.
Көлікті кедендік рәсімдеу құны қанша?
Автокөлікті Қазақстанға әкелуге байланысты төлемнің нақты мөлшері барлық көлік үшін бірдей емес.
Сома көлікті рәсімдеу тәртібіне және оның негізгі сипаттамаларына байланысты есептеледі. Олардың қатарында:
- автомобильдің шығарылған жылы;
- көліктің құны;
- қозғалтқыш көлемі;
- қолданылатын кедендік рәсімдеу тәртібі бар.
Сондықтан көлік сатып алмас бұрын оның кедендік төлемдерін алдын ала есептеп алған жөн. Есептеу кезінде қолданыстағы ЕАЭО тарифтері мен талаптарын басшылыққа алу қажет.
Қандай талаптар әзірге жоба күйінде?
Көлік әкелу саласында бұдан бөлек бірқатар өзгеріс әзірленіп жатыр. Көлік министрлігі автомобильдердің рұқсат етілетін параметрлеріне қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынған.
Жоба коммерциялық мақсатта көлік әкелетіндер мен автомобильді жеке қажеттілігі үшін импорттайтын азаматтарға қойылатын талаптарды бөлек қарастырады.
Құжат бойынша қоғамдық талқылау 5 қазанға дейін жалғасуы жоспарланған. Ұсынылып отырған өзгерістердің ішінде:
- Еуро-5 экологиялық стандартына қатысты талап;
- жеке тұлғалар әкелетін көліктерге жеке жас шегін белгілеу;
- автомобильді кедендік құжаттарда көрсетілген импорттаушының атына тіркеу;
- көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы куәлікті (КҚҚК) рәсімдеу тәртібін өзгерту мәселелері бар.
Бұл талаптар әзірге талқылау сатысында екенін ескеру маңызды. Сондықтан жобаға енгізілген ұсыныстарды қолданыстағы міндетті нормалармен шатастырмаған жөн.
Көлік сатып алатындар нені ескеруі керек?
Шетелден көлік әкелу немесе шетелден келген пайдаланылған автомобильді сатып алу кезінде ең алдымен оның құжаттарын мұқият тексеру қажет. Атап айтқанда, мәміле жасамас бұрын:
- көліктің шығарылған жылын анықтау;
- автомобильдің нақты қай елден шыққанын тексеру;
- КҚЭП рәсімдеу мүмкіндігін нақтылау;
- көліктің ЕАЭО аумағына қандай құжаттармен кіргенін тексеру;
- утильалым мен басқа да міндетті төлемдерді алдын ала есептеу;
- Қазақстанда алғашқы тіркеуге кедергі болатын талаптардың бар-жоғын анықтау қажет.
Жаңа талаптар әсіресе шетелден жүрілген автомобиль сатып алатын азаматтар үшін маңызды. Сондықтан көліктің бағасына ғана емес, оны Қазақстанда заңды түрде тіркеуге мүмкіндік беретін құжаттарының толықтығына да назар аударған жөн.