Қазақстанда шетел азаматтарының елге кіру және болу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Жаңа талаптарға сәйкес, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап визасыз келетін шетелдіктердің бірқатарына QazETA электрондық рұқсатын алу міндеттеледі. Құжат тегін рәсімделеді. Ал кейбір азаматтар бұл талаптан босатылады.
Үкіметтің 2026 жылғы 10 қазандағы №890 қаулысында шетелдіктердің Қазақстанға келу, ел аумағында болу және көші-қон бақылауынан өту тәртібі нақтыланған. Жаңа жүйе бірден емес, бірнеше кезеңмен іске қосылады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін ақы төлеуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда Ішкі істер министрлігі сынақ кезеңінде электрондық рұқсат алу міндетті емес екенін түсіндірді. Қабылданған қаулыда да QazETA тегін берілетіні көрсетілген.
QazETA қашан міндетті болады?
Электрондық рұқсат жүйесі алдымен еліміздің бірнеше шекара бекетінде сынақтан өтеді. Кейін оның қолданылу аясы біртіндеп кеңейтіледі. Жоспар бойынша:
- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ Павлодар облысындағы Үрлітөбе, Жамбыл облысындағы Ауқатты, Түркістан облысындағы Атамекен және Жетісу облысындағы Нұрлы Жол автомобиль өткізу бекеттерінде енгізіледі;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында қолданыла бастайды;
- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап елдегі өзге де шекара өткізу пункттеріне таралады;
- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап тиісті санаттағы шетелдіктер үшін міндетті талапқа айналады.
Алғашқы үш кезеңде электрондық рұқсаты жоқ азаматтардың Қазақстанға кіруіне осы себеппен шектеу қойылмайды. Шекара қызметкерлері оларға жаңа тәртіпті түсіндіреді. Ал 2027 жылғы 1 шілдеден кейін QazETA рәсімдеуге міндетті шетелдіктер құжатсыз елге кіре алмайды.
Электрондық рұқсатты қалай алуға болады?
QazETA Қазақстанға визасыз келетін шетел азаматтарына арналған. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің және Қазақстанмен визасыз қатынас туралы келісімі бар елдердің азаматтары қамтылады.
Рұқсат алу үшін шетелдік азамат жоспарланған сапарынан кемінде 72 сағат бұрын арнайы цифрлық платформа арқылы өтініш беруі керек. Өтініш беруші электрондық сәйкестендіру рәсімінен де өтеді.
QazETA 180 күнге жарамды болады. Алайда бұл құжатты алған адам Қазақстанда алты ай бойы үздіксіз тұра алады деген сөз емес. Елде болу ұзақтығы азаматтың қай мемлекеттен келгеніне және қолданыстағы визасыз режим талаптарына байланысты анықталады.
Сондай-ақ электрондық рұқсат визаның орнына жүрмейді және шетелдіктердің елде болу мерзіміне қатысты шектеулерді өзгертпейді.
QazETA алу ақылы ма?
Жаңа жүйе туралы ақпарат тараған кезде әлеуметтік желілерде электрондық рұқсаттың бағасына қатысты түрлі болжам айтылды. Кейбір жарияланымдарда құжатты алдын ала рәсімдеу 3900 теңге, ал шекарада алу 7800 теңге болуы мүмкін екені жазылған. Алайда Үкімет қаулысында электрондық рұқсат үшін төлем алынбайтыны нақты көрсетілген.
Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат рәсімдегені үшін алынатын алым мөлшері – нөл теңге, – делінген құжатта.
Демек шетелдіктер QazETA алу үшін мемлекеттік алым төлемейді.
Кімдерге электрондық рұқсат қажет емес?
Жаңа талап барлық шетел азаматына бірдей қолданылмайды. Қаулыда QazETA рәсімдеуден босатылатын азаматтардың бірнеше санаты белгіленген. Олардың қатарында:
- 16 жасқа дейінгі балалар мен 65 жасқа толған және одан асқан адамдар;
- Қазақстанның жарамды визасы бар шетелдіктер;
- елімізде уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат алған азаматтар;
- босқын мәртебесі бар және пана сұраған адамдар;
- шетел мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, ресми делегация өкілдері;
- дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері, халықаралық ұйымдардың жекелеген қызметкерлері;
- Қазақстан шекарасынан өтпей, әуежайдың халықаралық транзиттік аймағында қалатын жолаушылар;
- әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаждары, пойыз қызметкерлері;
- халықаралық жүк және жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер;
- гуманитарлық көмек көрсетуге, құтқару жұмыстарына және төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысатын мамандар бар.
Бұдан бөлек, Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдарының шақыруымен келетін кейбір шетелдіктер, шұғыл медициналық көмек көрсететін мамандар және қайтыс болған адамның мәйітін жерлеу орнына жеткізумен айналысатын адамдар да рұқсат алудан босатылуы мүмкін.
Мұндай жеңілдікті пайдалану үшін тиісті мәртебені растайтын құжаттар қажет болуы ықтимал. Олардың дұрыстығын ішкі істер органдары тексереді.
Шетел азаматтары Қазақстанда қанша күн жүре алады?
Электрондық рұқсат енгізілгенімен, шетелдіктердің Қазақстанда визасыз болу мерзімі өзгермейді.
Жалпы тәртіп бойынша, халықаралық келісімдерде өзгеше көзделмесе, визасыз келген азамат бір сапарда 30 күнге дейін, ал 180 күн ішінде жиынтығы 90 күннен аспайтын мерзімде бола алады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтарына Қазақстанда 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін болуға рұқсат етіледі.
Ал кейбір мемлекеттердің азаматтарына жеке талаптар белгіленген. Мысалы, Иран мен Үндістан азаматтары Қазақстанға бір сапарында 14 күнге дейін визасыз келе алады. Олардың елде болу мерзімі 180 күн ішінде жалпы 42 күннен аспауы тиіс.
Түркия азаматтары үшін 180 күн ішінде 90 күнге дейін визасыз жүру мүмкіндігі сақталады. Егер шетелдіктің визасы немесе уақытша тұруға рұқсаты болса, елде болу мерзімі сол құжаттарға сәйкес есептеледі.
Сонымен қатар жұмыс істеу, білім алу, емделу, кәсіпкерлікпен айналысу немесе отбасымен қауышу мақсатында келген азаматтар бұрынғыдай уақытша тұруға рұқсат рәсімдей алады.
Көші-қон бақылауы қалай жүргізіледі?
Жаңа қаулы шетелдіктерді тіркеу және олардың Қазақстан аумағында заңды негізде болуын қадағалау тәртібін де қамтиды.
Ішкі істер органдары шетел азаматтарының жеке құжаттарын, елде болу мерзімдерін және арнайы рұқсат қажет аумақтарға бару құқығын тексере алады.
Тексеру азаматтың тұрғылықты мекенжайында, жұмыс немесе оқу орнында, қоғамдық орындарда және көлікте жүргізілуі мүмкін. Қонақүйлер, жатақханалар мен шетелдіктер уақытша тұратын басқа да нысандар да бақылауға алынады.
Бұл жұмысқа «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесі, визалық-көші-қон порталы және e-Qonaq платформасы пайдаланылады.
Маңызды талаптардың бірі – қабылдаушы тараптың хабарлама беру міндеті. Шетел азаматын қабылдаған жеке тұлға немесе ұйым оның Қазақстанға келгені туралы үш жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына мәлімет ұсынуы керек.
Ал көші-қон заңнамасын бұзу деректері тиісті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне тіркеледі.
Қандай жағдайда шетелдікті Қазақстанға кіргізбейді?
QazETA электрондық рұқсатын алған адамның Қазақстанға міндетті түрде кіретініне кепілдік жоқ. Шекара қызметі заңда көзделген негіздер бойынша азаматты елге өткізуден бас тарта алады.
Сондай-ақ «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 48-бабында көрсетілген жағдайларда электрондық рұқсат берілмеуі немесе бұрын берілген құжаттың күші жойылуы мүмкін.
Мұндай шешімге көші-қон талаптарын бұзу, елде болу мерзімінің қысқартылуы, шетелдікті Қазақстаннан шығару туралы шешімнің қабылдануы немесе рұқсат рәсімдеу барысында заңбұзушылықтың анықталуы негіз бола алады.
Бұған қоса, сот шешімімен Қазақстаннан шығарылған шетел азаматтарына бес жыл бойы елге қайта кіруге тыйым салынады. Бұл мерзім сот шешімі орындалған күннен бастап есептеледі.
Тиісті мәліметтер сот шешімі орындалғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде «Бүркіт» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
Үкіметтің 2026 жылғы 10 қазандағы №890 қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.
Осылайша, QazETA жүйесі 2026 жылдың қарашасынан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп, 2027 жылғы 1 шілдеде тиісті санаттағы шетелдіктер үшін міндетті болады. Оған дейін құжаттың болмауы өздігінен Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болмайды.