2027 жылы Қазақстаннан Азия елдеріне қатынайтын әуе рейстерінің саны артуы мүмкін. Гонконгтың Cathay Pacific және Оңтүстік Кореяның Korean Air әуекомпаниялары елімізге жаңа бағыттар ашуды жоспарлап отыр. Алғашқы рейстер Алматыдан Гонконг пен Сеулге қатынамақ.
Алматы мен Гонконг арасында тікелей рейс ашылады
Қазақстанның Авиация әкімшілігінің мәліметінше, Cathay Pacific әуекомпаниясы 2027 жылдың алғашқы үш айында Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Жолаушыларды Airbus A330-300 ұшақтары тасымалдайды. Рейстер аптасына үш рет орындалады деп күтілуде.
Қазір Алматыдан Гонконгқа тікелей ұшу мүмкіндігі жоқ. Жолаушылар басқа қалалар арқылы, ұшақ ауыстырып жетуге мәжбүр. Жаңа бағыт іске қосылса, екі қала арасындағы сапар әлдеқайда ыңғайлы болмақ.
Cathay Pacific – Гонконгтағы ең ірі әуекомпаниялардың бірі. Тасымалдаушы әлемнің 200-ден астам бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалдайды.
Айта кетейік, Гонконг пен Алматы арасында әуе қатынасын ашу мәселесі бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лидің кездесуінде көтерілген. Келіссөзге Cathay Pacific компаниясының өкілі Лавиния Лау да қатысқан.
Korean Air Алматыға рейс ашуды жоспарлап отыр
Қазақстанға ұшуды көздеп отырған екінші тасымалдаушы – Оңтүстік Кореяның Korean Air әуекомпаниясы. Компания 2027 жылдың жазында Сеул мен Алматы арасында тұрақты рейстерді бастауды жоспарлап отыр.
Бұл мәселе Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Оңтүстік Кореяның авиация саласына жауапты өкілдері арасындағы кездесуде талқыланды. Тараптар ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі жетінші Дүниежүзілік конференциясы аясында бас қосты.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Ұшақтар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан Сеулге қатынайды.
Korean Air компаниясының нарыққа шығуы жолаушыларға әуекомпания таңдау мүмкіндігін кеңейтпек.
Вице-министр Korean Air әуекомпаниясының 2027 жылдың жазында Сеул – Алматы бағыты бойынша рейстерді бастауды жоспарлап отырғанын құптады, – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар компания Сеул мен Астана арасында да тікелей рейс ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дегенмен бұл бағыт бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.
Екі ел әуе қатынасын кеңейтпек
Кездесуде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе қатынасын дамытуға қатысты өзге де мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, тараптар авиация саласындағы екіжақты келісімді әзірлеу барысын талқылады. Қазақстан тарапы құжатқа қол қоюға дайын екенін жеткізді.
Келісім қабылданған жағдайда екі елдің авиация саласындағы ынтымақтастығын нығайтып, жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік береді.
Әзірге Cathay Pacific пен Korean Air компанияларының жаңа рейстеріне билеттер қашан сатылымға шығатыны және олардың бағасы қанша болатыны хабарланған жоқ.