Жаңалықтар

Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша жұмыс қарқын алды

Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша жұмыс қарқын алды
Фото: © ОКҚ 24.08.2023 12:52 945

Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша жұмыс қарқын алды. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ол Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының аясында Қазақстанға білікті кадрлар ағынын ынталандыру шаралары туралы айтты. 

Көші-қон саясаты тұжырымдамасының бағыттарының бірі – ол білім иммиграциясы. Оның мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау болып табылады. Ол үшін заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық университеттерді құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда қазақстандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды, – деп хабарлады Асқарбек Ертаев.

Екінші бағыт – бизнес-иммиграция, оның шеңберінде елдің инвестициялық тартымдылығын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.

Біз А-5 санатындағы инвесторларды шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алудан босаттық. Жыл басынан бері мұндай инвесторлық визалар 76 шетелдік азаматқа берілді. Әлеуетті инвесторлар үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша шетелдік мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі оңайлатылды. Инвестициялық визалық шекті төмендету жоспарлануда, – деп толықтырды Асқарбек Ертаев.

Үшінші бағыт шеңберінде Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіптердің бекітілген тізбесі аясында нақты жұмыс басталды.

Енді тізімде кәсіптері бар шетелдіктер жеңілдетілген тәртіппен тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады.

Сонымен қатар рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Басты жаңалық – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады.

Рұқсатнамалар берудің негізгі шарты мұндай мамандардың еңбек нарығында болмауы және жұмыс орнында қазақстандық мамандардың үлесі 95 пайыздан төмен болмауы қажет.

Бұған дейін жыл басынан бері 160 мың тұрғын ел ішінде қоныс аударғаны айтылған болатын

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға