Honda компаниясы АҚШ-та 880 514 автокөлікті кері қайтару туралы шешім қабылдады.
Бұған артқы аспа жүйесінің тірек құрылымында (подрамник) анықталған қауіпті ақау себеп болған. Мамандардың айтуынша, тат басу салдарынан көліктің басқарылуы нашарлап, жол-көлік оқиғаларының қаупі артуы мүмкін.
АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының (NHTSA) мәліметінше, ақау артқы аспа элементтері бекітілетін нүктелерде пайда болатын тот басумен байланысты. Бұл бөліктер көлік қозғалысы кезінде үлкен жүктемеге ұшырайтындықтан, коррозия уақыт өте келе аса қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, тат басу күшейген жағдайда артқы аспаның негізгі бөлшектері істен шығуы ықтимал. Мұндай жағдайда көліктің тұрақтылығы мен басқарылуы нашарлап, апат қаупі айтарлықтай өседі.
Кері қайтару науқаны мынадай модельдерге қатысты:
Honda Pilot;
Honda Ridgeline;
Honda Passport;
Acura MDX.
Белгілі бір көліктің науқанға қатысы бар-жоғын оның VIN-коды арқылы тексеруге болады. Бұл ақпаратты NHTSA сервисінен немесе Honda және Acura дилерлік орталықтарынан анықтауға мүмкіндік бар.
Ақауды жою үшін ресми дилерлер артқы тірек құрылымын толық тексеріп, қажет болған жағдайда арнайы күшейткіш жиынтық орнатады. Егер бөлшектердің зақымданғаны анықталса, олар жөнделеді немесе жаңасына ауыстырылады. Барлық жұмыс көлік иелері үшін тегін жүргізіледі.
Бұл кері қайтару науқаны АҚШ нарығына арналғанымен, оның Қазақстандағы көлік иелері үшін де маңызы бар. Себебі Honda Pilot, Ridgeline, Passport және Acura MDX модельдерінің басым бөлігі елімізге АҚШ-тан жеке импорт арқылы жеткізілген.
Сарапшылар мұндай көліктердің иелеріне VIN-кодын міндетті түрде тексеріп, артқы аспа жүйесіне диагностика жасатуға кеңес береді. Егер көліктің артқы жағынан түсініксіз дыбыс шығып, ойлы-қырлы жолда басқарылуы өзгерсе немесе тежеу кезінде бағытынан ауытқи бастаса, бұл коррозия белгілері болуы мүмкін.
Мамандар ақау анықталған жағдайда, мәселе толық шешілгенге дейін көлікті пайдаланудан бас тартуға кеңес береді. Өйткені артқы аспа жүйесіндегі мұндай ақаулар жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.