Қазақстандықтар жеке қосалқы шаруашылыққа жерді қалай тегін ала алады?

Қазақстандықтар жеке қосалқы шаруашылыққа жерді қалай тегін ала алады?
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан азаматтары жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін тегін алуға құқылы. Бұл үшін жер орналасқан елді мекенде тұрақты тіркеуде болу міндетті емес. Жер учаскесін алу тәртібін және азаматтардың қайда жүгінуі керектігін Ауыл шаруашылығы министрлігі түсіндірді.

Қанша жер алуға болады?

Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесі жеке меншікке тегін берілуі мүмкін.

Жердің көлемі оның суармалы немесе суарылмайтын санатына байланысты:

  • суарылмайтын жер – 0,25 гектарға дейін;
  • суармалы жер – 0,15 гектарға дейін.

Мұндай жер учаскелері ауылдық елді мекендердің жерлерінен беріледі.

Міндетті түрде сол ауылда тіркелу керек пе?

Жоқ. Жер алуға өтініш беретін азаматтың учаске орналасқан елді мекенде тіркеуде болуы міндетті емес.

Өтініш жер орналасқан аумақтағы әкімдікке беріледі. Яғни азамат өзіне қажетті учаскені таңдап, сол жердің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінуі қажет.

Өтініште:

  • жерді қандай мақсатта пайдаланатыны;
  • жердің болжамды көлемі;
  • учаскенің орналасқан жері;
  • жерді жеке меншікке немесе пайдалануға алғысы келетіні;
  • азаматтың басқа жер учаскелерінің бар-жоғы туралы мәліметтер көрсетіледі.

Қандай жерді тегін алуға болмайды?

Азамат таңдаған учаске тегін берілмеуі мүмкін. Мысалы, егер ол жер учаскесі аукцион арқылы сатуға немесе беруге жоспарланған жерлер тізіміне енгізілген болса, оны тегін алу мүмкін емес.

Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жерді тегін қайтадан алуға болмайды. Заңнамада көзделген жекелеген жағдай бұл талаптан ерекшеленуі мүмкін.

Жер алу үшін кезек бар ма?

Жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған жерді алу бойынша заңнамада бөлек кезек қарастырылмаған.

Яғни жер алу мүмкіндігі, ең алдымен, бос жер учаскесінің болуына және белгіленген рәсімдердің сақталуына байланысты.

Әкімдіктер бос жер учаскелері туралы ақпаратты, сондай-ақ алдағы жер сауда-саттықтары жөніндегі мәліметтерді өздерінің ресми сайттарында, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында және ақпараттық стендтерде жариялауға тиіс.

Бұл мәліметтер тоқсан сайын жаңартылып отыруы керек.

Жердің кімге берілгенін қалай білуге болады?

Әкімдіктер бұған дейін азаматтарға берілген жер учаскелері туралы ақпаратты да жариялайды.

Бұл мәліметтер ай сайын орналастырылуы тиіс. Онда жердің:

  • қандай мақсатта берілгені;
  • көлемі;
  • орналасқан жері;
  • жерге құқық түрі;
  • уақытша пайдалануға берілсе, жалдау мерзімі

көрсетіледі.

Осы ақпарат арқылы азаматтар белгілі бір аумақта жер учаскелерінің қалай бөлінгенін көре алады.

Бос жер туралы ақпаратты қайдан алуға болады?

Нақты бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан, яғни әкімдіктерден алуға болады.

Әкімдіктерде ағымдағы жылдың соңына дейін және келесі жылға жер учаскелерін беру жоспарлары туралы мәліметтер де қалыптастырылады.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2024–2026 жылдар аралығында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін қанша өтініш берілгені және қанша жер учаскесі бөлінгені туралы бірыңғай статистика жоқ. Себебі мұндай деректер жергілікті деңгейде, яғни әкімдіктерде қалыптастырылады.

Қысқаша алгоритм

1. Қажетті жер учаскесі орналасқан елді мекенді анықтау.
2. Сол аумақтың әкімдігінен бос жер туралы ақпарат алу.
3. Учаскенің аукционға жоспарланған-жоспарланбағанын тексеру.
4. Әкімдікке жер учаскесін алу туралы өтініш беру.
5. Жер учаскесінің мәртебесі мен оны беру тәртібіне қатысты шешімді күту.

Ең бастысы – азаматтың жер орналасқан елді мекенде тіркеуде болмауы өздігінен оның жеке қосалқы шаруашылыққа жер алу құқығынан айырмайды. Алайда жердің бос болуы және оны тегін беруге заңды негіздің болуы міндетті.

Оқи отырыңыз