Жаңалықтар

«Қазақстандықтар соғысқа тартылуда»: құқық қорғау органдары пікір білдірді

«Қазақстандықтар соғысқа тартылуда»: құқық қорғау органдары пікір білдірді
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 19.09.2023 10:10 663

Интернет-кеңістікте қазақстандықтарды Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы соғысқа тарту әрекеттері туралы ақпарат таратылуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен арандатушылық материалдарды пайдалана отырып, Қазақстан азаматтарын Ресей қарулы күштері қатарында Украина аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысуға шақырған жекелеген жарияланымдар кездеседі. Соғысушы тараптар әскери іс-қимылдарға қатысқаны үшін ақшалай сыйақы уәде етеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құқық қорғау органдары азаматтарды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде таратылатын арандатушылық сөздер мен соғысқа қатысуға шақыруларға ермеуге шақырады.

Қылмыстық кодекстің 170-бабында: «Жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуы не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуының салдары – мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, жеті жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет жасаған жағдайда мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады».

Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл ретте, Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Жоғарыда аталған барлық іс-әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен және біздің ел қатысушы болып табылатын жалпыға бірдей танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынады.

Айта кетейік, маусым айының басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов біреудің соғысына қатысқысы келетін қазақстандықтарды бірден Қазақстан азаматтығынан бас тартуға шақырды.

Мен басқалардың соғысына қатысуға ниетті қазақстандықтарға айтарым, қару алмас бұрын Қазақстан азаматтығынан бас тартыңыздар. Мемлекетімізге соғысты әкелудің қажеті жоқ. Бұл - біздің мемлекетіміздің және біздің қоғамымыздың заңдарына құрмет көрсетпеудің көрінісі. Бұл үшін жаза өзін күтпейді, - деді депутат.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда ҚР азаматтарының Ресей-Украина соғысына қатысу жағдайлары тіркелді. Оларға ҚР Қылмыстық кодексі шеңберінде тиісті жаза қолданылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға