Қазақстандықтар өз уақытын қалай жұмсайды – зерттеу

2024 жыл ішінде (қаңтардан желтоқсанға дейін) Ұлттық статистика бюросы «Халықтың уақыт бюджетін пайдалануы» біржолғы модульдік зерттеуін жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол халықтың өз уақытын тиімді пайдалануы, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті, өмір салтындағы өзгерістерді анықтауға бағытталған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, зерттеу 6 жылда бір рет жүргізіледі, 2024 жылы оған 10 және одан жоғары жастағы 11 914 респондент қатысты.
Зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандықтардың (10 жастан асқан) орташа алғанда тәуліктің 54,2% (13 сағат) жеке күтімге (ұйқы – 9 сағат 26 минут, тамақ пен сусын – 1 сағат 57 минут, жеке гигиена және күтім – 1 сағат 27 минут және т. б.), 12,2% (2 сағат 56 минут) уақытын жұмысқа (жұмыспен қамтуға), 13,5% (3 сағат 14 минут) – үй шаруашылығын жүргізуге, 2% (28 минут) - оқуға, 0,8% (12 минут) – жеке пайдалану үшін тауарлар өндіруге жұмсайды, ал қалған 17,3% (4 сағат 9 минут) – бос уақыт, - делінген мәліметте.
15 жастан асқан ер адамдар күніне орта есеппен 5 сағат 13 минут жұмыс істейді, әйелдер үшін бұл көрсеткіш 4 сағат 18 минутты құрайды.
Алайда әйелдерде үй шаруашылығын жүргізу ер адамдарға қарағанда (1 сағат 51 минут) ұзағырақ уақыт алады (4 сағат 5 минут). Ер адамдардың әйелдерге қарағанда бос уақыты шамамен 2 есе көп - сәйкесінше 4 сағат 4 минут және 2 сағат 56 минут, - деп қосты бюро.
Жұмыспен қамтылған ер адамдар жұмысқа орта есеппен 9 сағат 7 минут, әйелдер 7 сағат 57 минут жұмсайды, бос уақытқа сәйкесінше 2 сағат 31 минут және 1 сағат 50 минут қалады.
