Қазақстандықтар неке қию үшін қай айды жиі таңдайтыны белгілі болды. 2026 жылғы көрсеткіш бойынша әзірге маусым көш бастап тұр. Бұл айда елімізде 15 мыңнан астам неке тіркелген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 24 тамызда ұсынған мәліметіне сәйкес, биыл маусым айында 15 192 неке тіркелген. Екінші орында – шілде. Жаздың екінші айында 11 674 жұп некесін ресми түрде қиған. Ал үшінші орынға сәуір жайғасып, бұл айда 8 001 неке тіркелген. Өңірлер арасында тіркелген неке саны бойынша Алматы, Астана және Түркістан облысы алғашқы үштікке енген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстандықтар жазда жиі үйлене ме?
Жаз айларының көш басынан көрінуі биыл ғана байқалған құбылыс емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы да некенің басым бөлігі жаз мезгілінде тіркелген. Былтыр маусымда 11 848, шілдеде 12 955, тамызда 12 418 неке қиылған. Осылайша, үш айдың өзінде 37 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген.
Салыстырып қарасақ, биыл маусымдағы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен едәуір жоғары. 2025 жылғы маусымда 11 848 неке тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 15 192-ге жеткен.
Қазақстандықтар қай жаста шаңырақ көтереді?
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда барлығы 115,9 мың неке тіркелген. Оның 78,9 мыңы немесе 68,1 пайызы қалалық жерлерге, ал 37 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі. Қазақстандықтардың алғаш рет отбасын құратын жасында да айырмашылық бар. Алғаш некеге тұрған ерлердің орташа жасы 27,9 жас, әйелдердікі 25,3 жас болған.
Сонымен қатар 2025 жылы шаңырақ көтерген ерлердің 77 пайызы мен әйелдердің 78 пайызы алғаш рет некеге тұрған. Ажырасқаннан кейін қайта отбасын құрғандардың үлесі ерлер арасында 22 пайызды, әйелдер арасында 21 пайызды құраған.
Тағы бір қызық дерек – былтыр тіркелген некелердің 80,4 пайызы моноэтностық, ал 19,6 пайызы ұлтаралық неке болған. Халық санына шаққандағы некелесу көрсеткіші бойынша Астана көш бастаған. Елордада әр мың тұрғынға 6,75 неке тіркелген. Одан кейін Қарағанды облысы – 6,32 және Шығыс Қазақстан облысы – 6,27 көрсеткішімен орналасқан.
«Әдемі датаға» сұраныс бар
Неке қию күнін таңдағанда маусыммен қатар датаның өзіне де ерекше мән беретін жұптар бар. Мұны биылғы 26.06.2026 күніне болған сұраныстан байқауға болады. Осы күні Қазақстан бойынша 4 мыңнан астам жұп некесін қиюға өтініш берген. Ең көп өтініш Алматыда тіркелген – 830 жұп. Одан кейін Астана мен Шымкент орналасқан.
26.06.2026 датасының ерекшелігі – күн, ай және жылдағы «26» санының қайталануында. Мұндай сәйкестік датаны есте сақтауды жеңілдетеді әрі оған символикалық мән береді. Неке қию үшін сандары қайталанатын немесе есте оңай сақталатын күндерді таңдау Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Адамдардың ерекше уақыт межелеріне мән беруінің психологиялық түсіндірмесі де бар.
Психология мұны қалай түсіндіреді?
Пенсильвания университетінің Уортон мектебінің зерттеушілері Хэнчэн Дай, Кэтрин Милкман және Джейсон Риис адамның белгілі бір уақыт межелерінен кейін жаңа мақсаттарға ұмтылуға бейім болатынын анықтаған. Ғалымдар бұл құбылысты Fresh Start Effect – «жаңа бастау әсері» деп атайды.
Зерттеушілер жаңа аптаның, айдың, жылдың немесе семестрдің басталуы, туған күн мен мереке сияқты уақыт межелері адам санасында өткен кезең мен жаңа кезеңнің арасын ажырататынын анықтаған. Осындай сәттер адамдарды өз өміріне кеңірек қарап, жаңа мақсаттарға ұмтылуға ынталандыруы мүмкін.
Уақыт межелері адамдарға бұрынғы сәтсіздіктерін өткен кезеңде қалдырып, қазіргі өміріне кеңірек көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде адам жаңа мақсаттарға ұмтылуға ынталырақ болуы мүмкін, – деген тұжырымға келеді зерттеу авторлары.
Ғалымдардың пікірінше, мұндай уақыт межелері адам санасында өзіндік «жаңа есептік кезең» қалыптастырады. Яғни адам өткен кезеңді артта қалдырып, алдағы уақытты жаңа бастама ретінде қабылдауға бейім болады.
Осы тұрғыдан қарағанда, сандары үйлесетін ерекше күндердің жас жұбайлар үшін тартымды болуы да жаңа өмір кезеңін символикалық датадан бастағысы келетін ниетпен үндесуі мүмкін. Дегенмен зерттеушілер нақты 06.06.2026 немесе 26.06.2026 сияқты даталарда үйлену феноменін зерттемегенін ескерген жөн. Сондықтан «жаңа бастау әсерін» әдемі даталардың танымал болуының тікелей дәлелі емес, адамның ерекше күндерге неге мағына беретінін түсіндіретін психологиялық тұжырым ретінде қарастырған дұрыс.
2026 жылдың тағы қандай ерекше даталары бар?
Биыл есте оңай сақталатын даталар мұнымен аяқталмайды. Мәселен, 02.02.2026, 06.06.2026, 08.08.2026 және 26.06.2026 күндері өтіп кетті. Ал жылдың соңына дейін сандардың үйлесімімен ерекшеленетін бірнеше дата бар. Солардың қатарында:
- 10.10.2026 – 10 қазан;
- 12.12.2026 – 12 желтоқсан;
- 26.12.2026 – 26 желтоқсан.
Бір қызығы, бұл үш күннің барлығы сенбіге сәйкес келеді. Сондықтан сандардың үйлесіміне мән беретін әрі тойын демалыс күні өткізгісі келетін жұптар үшін бұл даталар ерекше болуы мүмкін.
Дегенмен әдемі дата бақытты әрі берік некенің кепілі емес. Психологиядағы «жаңа бастау әсері» адамның ерекше уақыт межелеріне символикалық мән беретінін түсіндіруге көмектіргенімен, некенің беріктігін күнтізбедегі сандар анықтайтынына ғылыми дәлел жоқ.