Қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 миллион теңге ала алады

21 мамырдан бастап жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтініштер қабылданады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республика көлемінде бірінші лекте 4 500 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған. Өтініштер Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта қабылданады. Бұл бастама кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтарға өз ісін бастауға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Грант алу шарттары мен талаптары порталдың ресми парақшасында толық жарияланған. Жаңа бизнес бастамаларды қолдауға бағытталған бұл бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие жобалардың көбеюіне ықпал етеді.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, негізгі мақсаты - жаңа бизнесті бастау және дамыту. Гранттың мөлшері - 400 АЕК (1 572 800 тенге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін арттыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп жазылған хабарламада.
Өтініш беру шарттары төмендегідлей:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкес тексерістен өту;
- бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернет немесе компьютер болмаса, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге болады.
Грантты кімдер ала алады?
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы, 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін берілетін грант қаражатын түрлі мақсаттарға пайдалануға болады. Атап айтқанда, грантты қажетті құрал-саймандар мен еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, жануарлар мен құстарды, сондай-ақ көшеттер, бұталар мен тұқымдар сатып алуға немесе орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге жұмсауға рұқсат етіледі. Алайда грант қаражаты кредит өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.
Грант беру процесі арнайы тәртіппен жүзеге асырылады. Үміткерлердің өтініштерін аудандық немесе қалалық деңгейдегі комиссия қарайды, ал гранттар Еңбек мобильділігі орталықтары арқылы беріледі. Бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстыру кезінде үміткерлер өз идеяларының бәсекеге қабілеттілігін, өткізу нарықтарының әлеуетін, жобаның қаржылық тұрақтылығын және кәсіпкерлік дағдыларын дәлелдеуі керек. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі де бағаланады.
Комиссия әрбір жобаны арнайы бағалау парағы арқылы сараптап, шешім қабылдайды. Үміткердің нәтижесі Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Егер комиссия оң шешім қабылдаса, үміткер банк деректерін ұсынады, шартқа қол қояды және тоқсан сайын грант қаражатының мақсатты пайдалану туралы есеп тапсырады. Бұл талаптар грант қаражатының тиімді әрі мақсатты қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
