Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге жаңа мүмкіндік ашылды. Қазақстан Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған Employment Permit System (EPS) мемлекеттік жүйесіне ресми түрде қосылды.
Қазақстан EPS жүйесіне қатысушы 18-ші ел атанды
Бұл шешім Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы еңбек саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Қазақстанның EPS жүйесіне қосылуы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізілген жұмыстың нәтижесі болды.
Корея тарапының шешіміне сәйкес, Қазақстан Е-9 жұмысқа рұқсат беру жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет болды.
Бүгінде EPS жүйесіне Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады.
Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге кірген.
Кореяға жұмысқа орналасу 2028 жылдан басталады
Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр.
Оған дейін екі ел арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою және Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу сияқты бірқатар ұйымдастыру жұмыстарын аяқтау қажет.
Қазақстанды EPS жүйесіне қосу бойынша жұмыс 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде азаматтарды іріктеу мен даярлауға қажетті рәсімдер кезең-кезеңімен жүзеге асырылған.
2026 жылдың қаңтарында Қазақстанға келген кореялық сарапшылар делегациясы жүйені іске қосуға дайындық деңгейін бағалаған. Мамандар EPS орталығын құру, корей тілінен тестілеу өткізу, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеру және азаматтарға Корея заңнамасының талаптарын түсіндіру мәселелерін қарастырды.
Жұмыстардың қорытындысы бойынша корей тарапы Қазақстанның EPS жүйесіне қатысуға дайын екенін растады.
Жұмысшылар қалай іріктеледі?
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі — жұмысқа орналасу процесі делдалдар арқылы емес, ресми мемлекеттік жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Үміткерлер бірнеше кезеңнен өтуі керек. Олардың қатарында:
- корей тілінен тест тапсыру;
- кәсіби дағдыларды бағалау;
- медициналық тексеруден өту;
- Кореядағы еңбек талаптары мен заңнамасы туралы ақпарат алу бар.
Бұл тәсіл жұмысшыларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың қауіпсіз жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Делдалдарға ақша бермеңіз
Еңбек министрлігі қазақстандықтарды алаяқ делдалдардан сақ болуға шақырды.
Ресми рәсім толық іске қосылғанға дейін азаматтарға «Кореяға жұмысқа орналастырамыз» немесе «іріктеуден жедел өткіземіз» деген ұсыныстар жасайтын адамдарға ақша бермеу қажет.
Тіркелу мерзімдері, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеу тәртібі және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат тек министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.
Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік
EPS жүйесіне қосылу қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте еңбек миграциясы екі мемлекет белгілеген нақты рәсімдер мен талаптар негізінде жүзеге асады.
Қазақстанның жаңа жүйеге қосылуы еңбек нарығындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп қана қоймай, азаматтардың шетелде заңды әрі қауіпсіз жұмысқа орналасуына жол ашады.
Ал алғашқы қазақстандық жұмысшылардың Кореяға EPS жүйесі арқылы баруы қажетті ұйымдастыру рәсімдері аяқталғаннан кейін 2028 жылдан басталады деп күтілуде.