Қазақстанда заңды тұлғалардың қоңырауларын міндетті түрде таңбалау жүйесі енгізіледі. Енді азаматтар бейтаныс нөмірден қоңырау түскен кезде телефон экранынан хабарласып тұрған ұйымның атауын көре алады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Жаңа жүйе телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қоңыраулар қалай таңбаланады?
Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін банк, дүкен, емхана немесе басқа да ұйымдардан қоңырау түскен кезде телефон экранында олардың атауы көрсетіледі. Ол үшін абоненттің аталған ұйымның нөмірін телефон кітапшасына алдын ала сақтауы міндетті емес.
Бұл азаматтарға ресми ұйымдардан түскен қоңырауларды күмәнді нөмірлерден ажыратуға және алаяқтардың арбауына түсіп қалу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, заңды тұлғалардың қоңырауларын міндетті түрде таңбалау жоспары туралы алғаш рет тамыз айының басында белгілі болған еді.
Ұялы байланыс нөмірін тіркеу тәртібі де өзгереді
Министрдің айтуынша, бұдан былай ұялы байланыс нөмірін тіркеу кезінде абонент биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті болады.
Сонымен қатар мобильді құрылғыларды верификациялау тәртібі нақтыланды. Телефондарды IMEI-коды арқылы тексеру Қазақстанға заңсыз әкелінген және сәйкестендіру коды өзгертілген құрылғыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған шаралар ұялы байланыс саласындағы заңсыз әрекеттерді азайтуға, телефон алаяқтығымен күресуге және азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.