Қаладағы ауа сапасы соңғы жылдары маңызды мәселеге айналды. Ауадағы зиянды заттардың мөлшерін нақты әрі жедел анықтау үшін түрлі мониторинг жүйелері қолданылады. Жақында қазақстандық мамандар жаңа сенсор жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Sergek Group компаниясының инженерлері әзірлеген SE-1 көпкомпонентті сенсоры ауа сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Құрылғы PM2.5 және PM10 ұсақ дисперсті бөлшектерінің деңгейін, сондай-ақ адам денсаулығына қауіпті төрт газ тәріздес ластаушы заттың концентрациясын өлшейді.
Олардың қатарында азот диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді және жерге жақын озон бар. Бұл заттардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басымдық беретін зиянды ластаушылар қатарына кіреді.
Қазақстан жағдайына бейімделген технология
Мамандардың айтуынша, SE-1 құрылғысы Қазақстанның шұғыл континенттік климаты мен қалалық ортасының ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Бұл оны жергілікті жағдайларда пайдалануға бейімдейді.
SE-1 құрылғысын әзірлеу Sergek-тің қалалық цифрлық инфрақұрылым саласындағы құзыреттілігін арттырудағы қисынды қадамы. Экология бағытындағы пилоттық жобалардан бастап, бүгінде толыққанды аппараттық-бағдарламалық шешім жасау деңгейіне жеттік. Бұған көбіне үздік мамандар жұмыс істейтін жеке инженерлік зертханамыздың болуы үлкен септігін тигізді, – деді компанияның бас директоры Евгений Ким.
Құрылғының ерекшелігі неде?
Жаңа құрылғының басты артықшылықтарының бірі – модульдік құрылымы. Яғни нақты жобаға байланысты оған қосымша өлшеу модульдерін орнатуға болады. Бұл датчиктің мүмкіндігін кеңейтіп, әртүрлі міндеттерге бейімдеуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар құрылғылар деректерді Wi-Fi және GSM арналары арқылы жібереді. Соның арқасында ақпаратты байланыс мүмкіндігі шектеулі аумақтардан да алуға болады.
Біз құрылғыны құрастыру, аппараттық баптау және бағдарламалық жасақтаманы жазу бойынша орасан зор жұмыс атқардық. Бұл маңызды көрсеткіштердің тұтас кешенін бір ғана шағын әрі сенімді құрылғыға біріктіруге мүмкіндік берді, – деді Sergek Group компаниясының аға инженер-схемотехнигі Вячеслав Игнатьев.
Оның айтуынша, SE-1 датчиктерін қалалық экологиялық бақылау жүйелерінде, өнеркәсіптік нысандарда және корпоративтік экологиялық мониторинг бағдарламаларында қолдануға болады.
Алматыдағы алғашқы жоба
Жаңа технологияның алғашқы ірі тәжірибелік қолданылуы Алматыда жүзеге асырылды. 2026 жылдың мамырында Almaty Air Initiative және Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен SE-1 негізіндегі 30 жаңа станция іске қосылды.
Олар 2025 жылдың қыркүйегінде орнатылған 170 датчиктен тұратын желіні толықтырды. Соның нәтижесінде Алматыда Орталық Азиядағы азаматтық негіздегі ауа сапасын бақылаудың ең тығыз мониторинг желілерінің бірі қалыптасты.
Экологтардың пікірінше, ауа сапасы туралы нақты деректер қоршаған ортаның жағдайын бағалауға, ластану көздерін анықтауға және тиімді экологиялық шешімдер қабылдауға көмектеседі. Сондықтан ауа мониторингіне арналған технологиялардың дамуы заманауи қалалардың тұрақты дамуы мен тұрғындардың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.